Жеңімпаздар жеңілдікке ие болды

Қазақстан Американдық еркін университетінде «Саналы Азамат» бағыты аясында облыс мектептерінің 9-11 сынып оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 1-2 курс студенттері арасында «Striving for Excellence» олимпиадасы болды.
Жыл сайын өтетін олимпиаданың негізгі мақсаты – оқушылар мен студенттердің ағылшын тілін үйренуге деген құлшынысын арттырып, олардың лингвистикалық және мәдени құзыреттілігін кеңейту, бәсекеге қабілеттілігін арттырып, үштілділік идеясын насихаттау. Осымен сегізінші рет өтіп отырған сайысқа бұл жолы өңірдің аудандары мен қалаларынан жүзге таяу оқушы қатысты.
Олимпиадаға қатысушыларды университет ректоры Ережеп Мәмбетқазиев құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Биыл біз, ең алдымен, олимпиадаға қатысуға тілек білдіргендердің арасында сырттай тур ұйымдастырдық. Ол турда үміткерлер өздерінің қалаған тақырыптарына бейнеролик түсірді. Тек сол алғашқы турдан өткендер ғана олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды. Жалпы, біз бұл жолғы сайысты үміткерлер өздерін жан-жақты қырынан көрсете алатындай етіп ұйымдастырдық деп ойлаймын. Лексикалық-грамматикалық тест те бар, айтылым мен тыңдалымға да өте үлкен мән бердік. Қатысушылардың ағылшын тілінде бірімен-бірі араласып, сұрақ қоюына да назар аудардық, – дейді аталған университеттің шет тілдері кафедрасының оқытушысы Анна Смагина.
Олимпиада нәтижесінде, Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін №38 және №2 мектептерінің командалары мен Бородулиха ауданындағы Н.Островский мектебінің командасы үздік деп танылып, бірінші орынға ие болды. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, Қазақстан-Американдық еркін университетінде оқуға түсуге жеңілдікке ие болды.
– Олимпиада маған өте ұнады. Біз әртүрлі тапсырмаларды орындадық. Ағылшынша сөйлеп, білімімізді көрсеттік. Біздің мектебімізде ағылшын тіліне баса назар аударылады. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Фазылқызы Асанова өте білімді. Ол кісі маған ағылшын тілін екінші сыныптан бастап үйретіп келеді. Қазір еркін сөйлеймін десем де болады. Болашақта журналист немесе аудармашы мамандығын таңдағым келеді, – дейді №38 мектептің 11-сынып оқушысы Томирис Қабаева.
Бір атап айтарлығы, аталған №38 мектеп командасы былтырғы оқу жылында да осы олимпиадаға қатысып, екінші орынды еншілеген.
«Striving for Excellence» олимпиадасында Катонқарағай ауданы С.Ластаев атындағы орта мектебі атынан қатысқан команда жүлделі екінші орыннан көрінді. Әрине, шалғайдағы ауыл мектебі үшін бұл – үлкен жетістік. Десе де осы мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айдос Жақсыбердиновтің үштілдікке қатысты өзінің пікірі бар.
– Балаға шет тілін үйрету, әрине, жақсы. Бірақ ағылшын тілін үйренуге әрбір бала қабілетті деп айта алмаймын. Өйткені әр баланың қабілеті әртүрлі. Бір бала айтқаныңды бірден қағып алады, ал екіншісіне оны сіңіру үшін уақыт керек. Бір сыныпта ағылшын тілінде қатемен болсын сөйлеп, ойын жеткізіп айта алатын 3-4 бала ғана болады. Сондықтан да мектептерде дарынды, тілге қабілеті бар балалармен жеке жұмыс істейтіндей үрдісті қалыптастыру керек деп ойлаймын – дейді Айдос Хайруллинұлы.
Мейрамтай Иманғали