Жемқорлықтың алдын алуға баса мән беріледі
Біздің мемлекетіміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесін тиімді қалыптастыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стандарттарын жасауға мүмкіндік беретін әрекеттерді кезең-кезеңімен қабылдап келеді.
Коррупцияның мемлекеттік басқару тиімділігін төмендетіп, еліміздің инвестициялық тартымдылығына селкеу түсіретіні, әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтіні, сонымен қатар, мемлекетіміздің әлемдік аренадағы имиджіне нұқсан келтіретіні баршамызға мәлім.
Бүгінгі күні елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформаларда сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін қатаң жауапкершілік қарастырылды. Бұл 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Қылмыстық кодексте нақты көрсетілді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарға ескіру мерзімі қолданылмайды, шартты соттауға тікелей тыйым салынды, мемлекеттік қызмет лауазымдарын иеленуге өмір бойы тыйым салу, қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу енгізілді.
Сонымен қоса, жаңа қылмыстық заңның енгізілуіне байланысты Қылмыстық кодекстің баптарында пара алу және пара беру, парақорлыққа делдал болу секілді кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бас бостандығына балама жаза ретінде заңсыз алынған сыйақы сомасына еселік мөлшердегі (50 еселік, 60 еселік, 70 еселік және 80 еселік мөлшерде) айлық есептік көрсеткішпен белгіленген айыппұл жазасы қарастырылғанын атап өткен жөн.
Бұл аса қауіпті сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершіліктің күшейтілгенін көрсетеді.
Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша сот тәжірибесі қалыптасып үлгерді және мұндай қылмыстар үшін айыппұл жазасы тағайындалады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылы осы санаттағы 33 қылмыстық іс бойынша сотталған 37 адамға жалпы сомасы 119.013.726 теңге айыппұл жазасы тағайындалып, осы сомадан мемлекет бюджетіне 79.056.986 теңге түсті.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары біздің облыстағы мынадай салаларда көрініс беріп отыр:
– әкімдіктер, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары;
– ұлттық компаниялар;
– кеден;
– мал дәрігерлік қызмет;
– полиция бөлімдері, көші-қон қызметі;
– сот орындаушылары;
– түзеу мекемелері;
– жеке кәсіпкерлер.
Сот үкімімен тағайындалған айыппұлдың уақтылы төленуі тұрақты бақылауға алынды және жазадан қашып құтылмау принципін сақтау мақсатында облыс соттарында осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.
2015 жылы облыс соттарындағы сот үкімімен тағайындалған айыппұлдар уақтылы төленген, бірақ сотталған адамдар айыппұлды төлей алмағандықтан немесе төлегісі келмегендіктен, сот үкімімен тағайындалған айыппұл жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру фактілері болды.
Сөз соңында айтарым, 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына 18.11.2015 жылы қол қойылуына байланысты енді сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізгі мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сақтандыру болып табылады. Бұл дегеніңіз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекеліне талдау жасау, мүдделер қақтығысын реттеу, шығыс көздерін декларациялау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар мен шектеулерді енгізу.
Қазіргі уақытта сот жүйесіне жүктелген міндеттердің барлығы жүзеге асырылуда. Соттар өз жұмысын заң талаптарына сәйкес атқаруда және соттардың қызметі халық үшін қолжетімді және ашық болып табылады.
Халықтың сотқа деген сенімі сот жүйесіне баға берудің басты өлшемі болуы тиіс.
Қайрат Чакпантаев,
облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы