Жемқорлық тәуекелдерін анықтады
Айна Ескенқызы
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметінде бірнеше сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің отырысында қаралды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев атап өткендей, “Ертіс” ӘКК-де жұмысқа қабылдау рәсімі регламенттелмеген, нақты лауазымға лайықты адамдарды іріктеудің нақты өлшемдері жоқ, үміткерлерді іріктеу кезінде бәсекелестік қағидаттары сақталмайды, келіп түскен түйіндемелер тіркелмейді.
– Бұл – корпорацияда кадр саясатын іске асыруда ашықтық жоқтығын, яғни, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Осының бәрі корпорацияның негізгі міндеттерін орындау сапасына кері әсер етеді, – деді баяндамашы.
Сондай-ақ корпорацияның ішкі нормативтік құжаттарында мүдделер қақтығысы институты жоқ.
Жоғары дәрежедегі бірқатар жемқорлық тәуекелдері сонымен қатар тұрғын үй құрылысы және пәтерлерді сату кезінде, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру барысында, тұрақтандыру қорының қызметінде де анықталып отыр.
Баяндамашы барлық анықталған тәуекелдер бойынша тиісті ұсынымдар берілгенін, олардың орындалуы департаменттің бақылауында екенін айтты.