Қоғам

Жемқорлардың заңсыз қаржысына мектептер салынады

Соңғы кездері түйені түгімен жұтып, бюджет қаржысына қол салғандар ұсталып, құзырлы органдардың құрығына ілікті. Әділетті Қазақстан құруда Мемлекет басшысы  батыл шешімдерді қолға алды.

«Ендігі жерде жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», – деп атап өтті Президент өз Жолдауында. Осы ретте елімізде апатты жағдайдағы әрі үш ауысымды мектептердің бар екені белгілі. Президент: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді.

Президент Жолдауына орай, саясаттанушы Ерлан Ақылжанұлы пікірін білдірді. «Өте құптарлық бастама. Осы күнге дейін жемқорлық фактісі бойынша істі болғандардың қаржысы қайда кетіп жатқанын білмедік. Енді Жолдауда айтылған дүние іске аса бастаса, көзге көрініп, көпшіліктің көкейінде жүрген күдік сейілер еді. Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен ұсталғандар көбейді. Әсіресе қаңтар оқиғасынан кейін ірі тұлғалардың ірі көлемде қаржы жымқырғаны белгілі болып, әшкереленді. Енді сол мол қаржының нақты жұмсалатын көзі белгілі болды. Бірақ бұл бірден мектеп жетіспеушілігі азаяды деген сөз емес. Мұны білім ордаларының салынуының бір құралы ретінде қарастырған жөн», – дейді Ерлан Алибаев.

Жолдауда 2025 жылға дейін еліміздегі 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалу керектігі айтылды. Бұл да қазіргі таңдағы әсіресе шалғайдағы тозған білім ордаларының орнына оқушылар соңғы үлгідегі мектептерде білім алады деген сөз. Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса әлеуметтік желідегі парақшасында білім беруге қатысты да тың әрі серпінді ұсыныстарды жаза келе, 800 мың баланы жаңа мектепке орналастыру үлкен әлеуметтік мәселені шешкелі отыр деген ойды айтты. «Мемлекеттің күші сапалы, сауатты азаматтық қоғамның қалыптасуына тікелей байланысты екенін ескерсек, Президент ұсынған концепцияны жан-жақты талқылап, тиімді түрде жүзеге асыру аса қажет», – деп атап өтті. Демек, Жолдауда көрсетілген міндеттерді сапалы әрі сауатты іске асыру маңызды болмақ. «Олигархтар, заңсыз әрі түрлі жолдармен байығандар, бюджетке қол салғандар жауапқа тартылатын кез келді», – дейді заң ғылымдарының кандидаты Болат Сыздық. – Қзақстанның байлығы қайда кетпеді. Шетке кетті. Енді сол қаржылардың едәуір бөлігі елге қайтарылатын болса, жаңа мектептердің бой көтеруіне ғана емес, басқа да әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуге қол жеткізер еді. Әрине, бұл жерде айту бір басқа, енді оны іске асыру құқық қорғау органдарының қызметіне байланысты. Дегенмен тәркіленген мүліктің осы бағытта жұмсалуы – құптарлық жайт»,- дейді Болат Кенелұлы.

Ел дамуының ең басты жауы – парақорлықпен күресті күшейту қажет. Бұл тұрғыда әлі де көп өзгерістер мен реформалар сұранып тұрғаны анық.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Осы айдарда

Back to top button