Жемқорлар тізілімі жалпыға қолжетімді болады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлардың жария тізілімін енгізуді жоспарлап отыр. Тізілімде жемқорлық үшін сотталған адамның барлық деректері қамтылады. Бұл жұмыс берушілерге қызметке тұрғысы келген үміткерді тазалық пен адалдыққа тексеруге мүмкіндік береді.
Жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстанда өткен Қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту ұсынылды.
Сондай-ақ, Парламентте пара беру уәдесі мен ұсынысын криминализациялау мәселесі қаралуда.
«Пара беру ұсынысы» деп ауызша немесе жазбаша, оның ішінде электрондық нысанда пара беру туралы анық және түсінікті сөз, ал «пара беру уәдесі» деп пара беру уақыты, орны, тәсілі туралы хабарламасы бар осындай сөз түсінілетін болады.
Жемқорлықпен күресушілер Заңдарға енгізілген бұл өзгерістер жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне елеулі үлес қосады деген сенімде. Бұл жобалар ГРЕКО, ЭЫДҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдардың ұсынысы бойынша дайындалған.
Кәмал Естай