Қоғам

Жеменейдің бойында Жетісудың қырғауылын өсірмек

Жеменейдің бойында Жетісудың қырғауылын өсірмек

Қазақстанның өзге аймағындағылар білмейтін, тек Сыр өңірінде ғана айтылып жүрген «Қызыл жыңғыл ішінде Қыздаркүл апам ән салар» деген жұмбақ бар екен. Бұл -қырғауыл. Ең әдемі құстың бірі саналатын қырғауыл осы Сыр бойында, сосын Жетісу жерінде, Іле маңында көп тараған көрінеді. Құрып бара жатқан әсем дауысты әдемі қырғауыл құсы алдағы көктемнен бастап Зайсан аңшылық шаруашылығында да өсірілгелі жатыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының қолдауымен Зайсан аңшылық шаруашылығында қырғауыл өсіріп, көбейту жобасын қолға алған «Айка» шаруа қожалығының басшысы Аэлита Ахметсәлімқызының айтуынша, шаруашылық биылғы көктемде Сауыр, Сайқан даласына 500-ден астам қырғауыл балапанын жібермек. Олардың бәрі де Жетісу жеріндегі Қарашеңгел қорығынан сатылып әкелініп, инкубаторға салынған жұмыртқалардан басылып шығарылмақ.
1000 балапан басып шығаруға мүмкіндік беретін арнайы инкубатор Ресейден сатылып әкелініпті. Құрал-жабдық Зайсан ауданындағы Жаңатұрмыс ауылының маңындағы кіші Жеменей өзенінің бойына қойылып жатыр. Екі таудың ортасын ала ағып жатқан өзен аңғары долана сияқты жеміс- жидегі мол, бұта, терек, тоғайы қалың өскен нулы жер. Қырғауыл осындай жерлерде мекендейді.
– Жеменей өзенінің бойы қырғауыл құсын өсіруге аса қолайлы аймақ. Қырғауыл жейтін жеміс ағаштары, көкмайса көп. Бұл жақтан қырғауыл құсын қазір де кездестіруге болады. Бірақ саны жыл өткен сайын азайып барады. Осыдан бес-алты жыл бұрын қалың қар жауғанда біразы қырылып қалды. Олар қыста тамағын қарды аяғымен тарпып, аршып жүріп тауып жейді. Қыстың құстарға қорегін тауып жеуге қолайсыз, жайсыз болуымен бірге, олардың өзге жаққа ауып кетуі де қырғауылдың сиреп кетуіне себепші болып келеді, -дейді кәсіпкер Аэлита Ахметсәлімқызы.- Тендерлік конкурс негізінде жалға алып отырған Зайсан аңшылық шаруашылығының аймағы 276 мың га көлемінде болса, соның 300 га жеріне қырғауыл жібереміз.
БҰҰ даму бағдарламаларының менеджері Талғат Кертешов Өскеменге келген жұмыс сапарында Зайсанда қырғауыл өсіріп, көбейтуге арналған бұл қанатқақты жобаның Қазақстандағы жануарлар дүниесін сақтап, басқару бағытында халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып жасалып отырған маңызды шаралардың бірі екенін атап айтты. Жаңа экономикалық саясат кезеңінде, жасыл экономиканы дамыту жолында еліміздің табиғи байлығын, жануарлар дүниесі генафондтын сақтап, көбейтіп қана қоймай, аймақтарда қолайлы аңшылық шаруашылығын ұйымдастыру, халықаралық аңшылық туризмін өркендету ішкі табысты, бюджетті молайтудың бірден-бір тетігі болуы тиіс. Еліміздегі 700-ге тарта аңшылық шаруашылықтары басқа міндетті жұмыстарымен бірге, өздерінің қарамақтарындағы алқаптардағы аңдар мен жануарларға мониторинг жүргізіп, биотехникалық шараларды ұйымдастырып, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауы қажет. Зайсан аңшылық шаруашылығында өсіп-өніп, көбейетін қырғауылдар орман, тоғайдың сәні болуымен бірге осы жаққа келген аңшылардың, туристердің нысанасына айналып, аңшылық шаруашылығын тиімді дамытуға септігін тигізетін болады.

Жеменейдің бойында Жетісудың қырғауылын өсірмек

«Айка» шаруа қожалығы құрып, туристер мен демалушыларға ұсынып отырған «Зайсанның алтын шеңбері» атты экотуристік маршрут бойынша жыл сайын шетелдік туристер мен аңшылар Зайсан өңіріне де келіп, аңшылық шаруашылығының ішіндегі марал мен аю, сілеусін, жабайы шошқа, құр сияқты жануарлар мен құстарды атып, аулап жүр. Жыл сайын инкубатордан шығарылатын қырғауыл балапандары жартылай отырықшы, жартылай жабайы құс болып көбейе бермек. Аңшылардың аңсары ауып тұратын сирек кездесетін осы құс түрін көбейту Зайсанда ауыл туризмін, аңшылық туризмін жаңа қырынан дамытпақ. Кәсіпкер көктем шыға Жеменейге жақын маңнан осында келушілерге арнап қонақүй, қызмет көрсету нысандарын салуды бастамақ.
Қырғауыл аңшылар үшін ғана емес, қолда өсіріп, үй құсы ретінде ұстауға өте ыңғайлы құс көрінеді. Тауыққа ұқсас. Балапандары мамығы кепкен соң, жемтігін өзі аулайды. Еті дәмді. Қысқасы бұл құсты да бөдене сияқты бизнеске айналдыруға әбден болады. Өңірдегі кейбір мейрамханалар мен дәмханаларда қырғауыл етіне деген сұраныс та баршылық көрінеді. Биологтардың пікірінше, оны бағып-қағудың соншалықты қиындығы жоқ. Торы, қорасы таза, құрама жемі жеткілікті болса болғаны. Павлодарда, батыс облыстарда осы құсты кәсіп көзіне айналдырғандар бар.
Ежелгі гректер қырғауылды Фазис өзені бойынан кездестіріп, фазан деген орысша аты осы өзен атауынан туған деседі. Ғалым, орнитолог, облыстық географиялық қорық мұражайының қызметкері Борис Щербаковтың айтуынша, өзінің ұсынысымен қырғауыл 1982 жылдары облыстың оңтүстік өңірлеріне жіберілген, қазір қара Ертіс, Қалжыр маңында біраз кездескенімен, аймағымызда аса көп емес.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button