Жемқор бухгалтерлер жазаға тартылды
2019 жылы облыстың денсаулық сақтау саласында 15 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, сегіз адам сотталды. Бір аудандық аурухананың бас бухгалтері аса көлемді бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылса, тағы бір бас бухгалтердің ісі қаралу үстінде.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет облыстың денсаулық сақтау саласының басшылығымен кездесу өткізді.Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Илияс Мұхамеджан және облыстың денсаулық сақтау ұйымдарының бас дәрігерлері мен бухгалтерлері қатысты.
–2019 жылы «Транспаренси Қазақстан» ұйымы жүргізген сыбайлас жемқорлық мониторингінің нәтижесі бойынша денсаулық сақтау ұйымдары сыбайлас жемқорлық деңгейі жағынан көшбасшылардың бірі болып табылады. 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысында осы салада 15 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы тіркеліп, сегіз адам сотталды,–деген дерек келтірді жиында Ерлан Жалмағамбет.
Департамент басшысы мысал ретінде Шемонайха ауруханасының бас бухгалтері Десюповаға қатысты қылмыстық істі атап өтті. Оныңекі жыл ішінде бухгалтерлік құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізу арқылы 96 млн.теңгеден астам ақша ұрлап келгені әшкереленген. Бас бухгалтер қымқырған ақшаны өзінің карточкаларына аударып алған. Қазір Десюповаға жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалыпты. Сонымен қатар қазіргі таңда сотта Меновное ауылы ауруханасының бас бухгалтері Ореховаға қатысты қылмыстық іс қаралу үстінде. Ол бюджеттік қаражаттан аса ірі көлемде, 85 млн. теңгені жымқырды деп айыпталуда.Орехова да ұрланған ақшаны өзінің және шешесінің атындағы карточкаға аударып отырыпты.
Департамент басшысы бюджет қаражатын жымқыру қылмыстарына бас дәрігерлер мен бухгалтерлердің негізсіз кең қаржылық-шаруашылық және өкімдік өкілеттіктері ықпал еткенін айтты.Сонымен қоса бас бухгалтерлердің медициналық ұйым басшыларының электронды цифрлық қолтаңба кілттерін өз бас пайдалары үшін еркін пайдаланғаны көрініп тұр.Бюджет қаражатын ұрлауға қатысты қылмыстардың барлығы дерлік жалақыны есептеу, іссапар шығындарын төлеу, сондай-ақ көрсетілмеген қызметтер мен жеткізілмеген тауарлық-материалдық құндылықтар үшін қаражатты есептен шығарумен байланысты болып отыр.
–Құқықбұзушылықтың барлығы бас бухгалтерлердің өздерінің басшыларының электронды цифрлы қолтаңбасын пайдалану арқылы жасалған. Қылмыстар басшы тарапынан ешқандай бақылаудың болмауының салдарынан орын алғаны түсінікті. Бас дәрігерлер өздерінің электронды цифрлық қолтаңбаларына сақ болулары керек. Алдағы уақытта бас бухгалтерлерінің жасаған қылмысы үшін басшылары да жауапқа тартылатын болады, – деп ескертті аймақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы.
Айна Ескенқызы