Қоғам

Желмен жарысқан желаяқтар

Желмен жарысқан желаяқтар


Қазақстан жеңіл атлетикасының 100 жылдығына орай «ALTAY HALF MARATHON» жартылай марафоны өтті Өскеменде. Желаяқтар бәсекесіне еліміздің оннан астам қаласынан ұзын саны 300-ге таяу спортшы қатысты.

– Бұл шара бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Жарысқа тек рухы биік, жігерлі жандар қатысатындығы анық. Бастысы, ойдағыдай жүгіріп, мәреге аман-есен жетіңіздер, – деген облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысушыларға сәттілік тіледі. Басқарма басшысының сайыскерлер денсаулығына алаңдаушылық білдіруі тегін емес еді. Өйткен бұл күні ауа-райы қолайсыз болып тұрған.

Ең алдымен жасөспірім ұлдар мен қыздар 2000 және 1000 метр қашықтықты бағындырды. Одан соң жасы 18-ге толған еріктілер 2018 метр болатын қайырымдылық марафонына қатысты. Бұл ретте бұрымдылар арасында тәжірибесі толысқан өскемендік Ирина Троеглазова үздік шықты. Қарсыластарын шаң қаптырған ол мәреге өзінен кейінгі спортшыдан 16 секундқа қара үзіп келді. Ерлер арасында Аман Ахметов өзгелерден оза шапты. Ал нағыз тартыс жартылай марафонда өрбіді. Мұнда кейбірі тек қарым-қабілетін байқау үшін қатысса, бірі жүлделі орыннан көрінуді көздеп келген екен. Сөреден шыққан қалың нөпір арасынан дайындығы анағұрлым жоғары желаяқтарды аңғару қиынға соқпады. Жарыс жолы жиырма бір шақырымнан асып жығылды. Ұйымдастырушылар әр айналым сайын қатысушылардың тамақ жібітуіне жағдай жасап, су ұсынып жатты. Бір сағаттан аса бере қатысушылар қатары айтарлықтай сирей түсті. Нәтижесінде, көпшілік күткендей, риддерлік Андрей Лейменов жеке-дара мәре сызығын кесті. Ұзақ қашықтықтағы елішілік жарыстардың жеңімпазы, әрі Әлем чемпионатының қатысушысы болып табылатын ол соңынан ілескен спортшыдан үш минутқа ұзап кетті. Андрейдің ізін ала өскемендік Әмір Байтоқанов мәреге екінші болып жетті. Үздік үштікті Андрей Калюжный түйіндеді.

– Ұйымдастырылу жағынан барлығы ойдағыдай болды, десек те желдің қарсы бағыттан соғуы кедергісін келтірді. Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді. Кей тұста жылдамдығым азайды. Бұл нәтиже де жаман емес деп ойлаймын, – деді өскемендік желаяқ Әмір Байтоқанов.

Айта кетейік, жартылай марафон ерлер мен әйелдер арасында екі жас ерекшелігі бойынша өтті. Жоғарыда аталған спортшылар 37 жасқа дейінгі санатта өнер көрсеткен еді. Бұрымдылар арасында Алматы қаласының өкілі Дана Айдосоваға тең келер ешкім болмады. Алматылық ару мәреге өзгелерден бес-жеті минутқа озып келді. Ал 37 жастан жоғары ерлер арасында Юрий Егердің жылдамдығына басқалардың ілесуі тіпті мүмкін емес еді. Ол мәре сызығын кесіп өткеннен кейін араға жиырма минут салып барып риддерлік Александр Максименконың қарасы көрінді. Бұл ретте үшінші орынға Анатолий Щербаков қол жеткізді. Көп ұзамай, ерлермен қатарласа қыздар да жетті. Олардың арасынан өскемендік Анастасия Жаркова бірінші орынды иеленді. Жүлдегерлер тобын қос бірдей Астана қаласының өкілі Назира Әлисұлтанова мен Амегульсин Мирошниченко толықтырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тағайындаған мадақтама қағазы мен қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Әділхан Есімханов

Осы айдарда

Back to top button