Қоғам

Жеңілдікпен арзан пәтер сатып алуға бола ма?

Жеңілдікпен арзан пәтер сатып алуға бола ма?
Бүгінде 20 мыңнан астам шығысқазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. Баспана мәселесінің шешімін табу үшін мемлекет тарапынан қабылданған түрлі бағдарламалар арқылы жыл сайын үй беріліп жатқанымен, өңіріміздегі тұрғын үй мәселесі түбегейлі шешімін табар емес.
Облыстағы жекеменшік пәтерлерді жалға беретін делдалдардың көмегіне жүгінетіндердің басым бөлігін жастар құрайды. Бұл туралы біз баспана мәселесінің мән-жайын зерттеп жатқан тұста Өскемендегі риэлторлық орталықтың мамандарына хабарласып білдік. Телефонның ар жағынан өзін Виктория деп таныстырған бойжеткен қажетті соманы төлесеңіз, қалаған пәтеріңізді тауып беретінін айтты.
– Біздің орталыққа күніне 30 шақты адам келіп, жұмысқа таяу жерден пәтер тауып беруге тапсырыс береді. Келісімшарт бойынша бір аптаның ішінде клиенттерімізге өзі таңдаған ықшамауданнан баспана тауып береміз. Қызметтің бұл түрі үшін тапсырыс беруші сегіз мың теңге төлейді. Кейбір кезде біздің мамандардың ұсынған үйлері пәтер іздеушілердің көңілінен шықпай жатады. Мұндай жағдайда біз тапсырыс берушінің төлеген ақшасының 50 пайызын қайтарып береміз, – дейді Өскемендегі риэлторлық орталықтардың бірінде жұмыс істейтін Виктория.
Өскеменде пәтер жалдап тұрып жатқан жас отбасылардың бірі – Мұхаметқалиевтер. Осыдан бес жыл бұрын шаңырақ көтерген жас отбасы қазір мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегінде тұр.
– Пәтер жалдап тұрамыз. Өзім теміржолда жұмыс істеймін. Өткен жылы тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінен депозит аштық. Қазір жеке есепшотымызда баспана құнының қырық пайызы бар. Енді мемлекеттік бағдарлама бойынша конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттарды жинап жатырмыз. Жолдасым мұғалім болып жұмыс істейді. Екі балам бар. Шыны керек, кез келген жас отбасы үшін баспана мәселесі өзекті болып тұр. Жеке пәтерге қол жеткізу үшін, келіншегім екеуіміз де еңбек етеміз. Ал балаларымызды ауылдағы ата-анам қарап отыр. Шынымды айтсам, жеке тұрғын үйің болмаған соң, пәтер жалдап тұрудың өзі қиын екен. Алайда мұның бәрі уақытша қиындықтар деген ойдамын. Болашақта барлығы жақсы болатынына сенемін, – дейді Досжан Мұхаметқалиев.

Мемлекеттік бағдарламаның тиімді тұстары көп

Жеңілдікпен арзан пәтер сатып алуға бола ма?
Баспана алуға ниетті жас отбасылар үшін бірнеше тиімді бағдарлама бар. Олар қандай? Жеңілдікпен несие төлеп, арзан пәтер сатып алуға болатын бұл бағдарламалардың шартын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Аслан Самжанов түсіндіріп берді. Биыл бұл бағдарламалар бойынша банктің салымшыларына пәтер кілттері табысталмақ.
Біріншісі – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Құрылысы жаңадан ғана аяқталған жаңа пәтерді жылдық несие қайтарымы 5 пайыз болатын сыйақы мөлшерлемесімен, жеңілдікпен алу үшін салымшы сол пәтер бағасының 20 пайызын депозитке салуы тиіс. Бағдарламаның тағы бір басты талабы – пәтер алушы салымшының жекеменшік үйі, пәтері болмау керек. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасымен облыс орталығында алты көпқабатты тұрғын үй салынуда.
Екінші бағдарлама – «Өз үйім». Бұл бағдарламаның тиімді тұсы көп. «Өз үйімнің» шарты бойынша салымшы меншігінде өз үйінің болу, болмауы шарт емес. Бағдарламаның ерекшелігі: тұрғын үй бағасының 20 пайызы салымшының депозитінде жинақталған кезде ғана несие беріледі.
– Ол – біздің банктің жеке бағдарламасы. Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартып, баспаналарды қолжетімді етуі үшін бұл да тиімді, – дейді Аслан Самжанов.
Аталған бағдарламалардың барлығы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы іске асуда. Халықты баспанамен қамтамасыз етіп жатқан бұл банк несие беру нарығында көш бастап тұрғанын айта кеткен орынды. Аслан Самжановтың айтуынша, тіпті бұл банктен шотты тегін ашуға болады.
– Шотқа белгілі мерзімге дейін қаражат жинаған соң салымшыларымыз ипотека ғана емес, сонымен қатар жеке үй салуына, баспанасын жөндеу жұмыстарына қажетті несиені банктен арзан пайызбен ала алады, – дейді Аслан Самжанов.
Бүгінде «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ұсынып отырған бағдарламалары бойынша баспанаға қол жеткізуге болады. Егер сіз аталмыш банктен есепшот ашып, келісімшартта көрсетілген қаржы көлемін ай сайын салып отырсаңыз, кем дегенде төрт жыл ішінде баспанаға қол жеткізуге болады.
– «Жас отбасы» бағдарламасы уақытша тоқтатылды. Дегенмен де біз банк салымшылары үшін барынша тиімді шарттарды ұсынамыз. Өйткені, біз тиімді шарттар мен баспана сапасын алдыңғы орынға қойып, аталмыш бағдарлама бойынша 20 пайыздық бастапқы жарнамен несие береміз, – дейді Аслан Самжанов.
Айта кетейік, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының депозитінде бір жылда 450 мың теңге жиналатын болса, оған мемлекет тарапынан 90 мың теңге сыйақы қосылады. Ал егер кемінде 200 мың теңге жинайтын болсаңыз, оның үстіне 40 мың теңге сыйақы мөлшерлемесі беріледі. Жалпы, жеке баспанаға қол жеткізу үшін, ипотека арқылы да үй алуға болады. Алайда қаржы мамандарының айтуынша, бұл тиімсіз әдіс көрінеді. Айтпақшы, баспана мәселесінің мән-жайын зерттеп жатқан тұста облыс орталығындағы пәтер бағасын да байқадық. Жуырда «Homsters.kz» компаниясының мамандары Өскемендегі «хрущевка», «брежневка» және «сталинкалардың» бағасы 1,5-2 миллион теңгеге арзандағанын анықтапты. Аталмыш компания мамандарының ұсынып отырған деректеріне сенсек, жыл сайын жаңа жыл қарсаңында тұрғын үйлердің бағасы төмендейді. Сонымен қатар ипотека шарттарының өзгеруіне байланысты облыс орталығындағы Защита ықшам ауданы мен Металлургтер мәдениет сарайы жақтағы, сондай-ақ 45-гастроном мен Студенттер қалашығындағы тұрғын үйлердің бағасы арзандаған. Ал қаламыздағы ең қымбат тұрғын үйлер Жібек маталар комбинаты мен Куленов кентінде орналасқан екен. Ондағы пәтерлердің бір шаршы метрі 170 мың теңгеден жоғары.
Еліміздегі қаржы мамандарының зерттеуінше, тұрғын үй бағасы ең арзан қалалардың бірі – Өскемен. Сарапшы мамандардың жүргізген экономикалық талдауларының нәтижесінде жылдың басында Өскемендегі пәтерлердің құны 23 пайызға арзандайтыны анықталған. Алайда наурыз, сәуір, мамыр айларында тұрғын үй бағасы қайта шарықтап кетеді екен.
Осы орайда мамандар жеке тұрғын үй алуға қаржыңыз жеткіліксіз болса, банктердің көмегіне жүгінбей тұрып, олардың ұсынып отырған шарттарымен танысып, пайыздық үстемеақы мөлшеріне көңіл бөлген жөн екенін ескертеді.

Керек дерек:
Елімізде жұмыспен қамтылған отбасылардың 25 пайызы ғана несиесіз баспанаға қол жеткізе алады. Ал облыстағы коммуналдық тұрғын үй қорынан жылда берілетін пәтер саны шектеулі болғандықтан, жеке баспанаға қол жеткізу үшін әрбір отбасы қосымша қаржы көздерін табудың жолдарын қарастыру керек. Осы орайда, мемлекет тарапынан үй алуға Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлерінің құқықтары бар екенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, баспанасы апатты жағдайда тұрған отбасылар да мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұра алады.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button