Жеңілатлеттер қойылар талап күшеймек

Өскеменде халықаралық стандарттарға сай жеңіл атлетикалық кешен салынады. Жеңіл атлетикадан ел құрамасының бас бапкері қызметімен қош айтысуы мүмкін. «Altay Athletics» клубының кениялық спортшылары Қазақстан азаматтығын алуға ниетті. Осы және басқа да мәселелер облыстық әкімдікте өткен республикалық жеңіл атлетика федерациясының 2018 жылғы қорытынды конференциясында сөз болды. Жиынға федерация президенті Даниал Ахметов төрағалық етті.
Екі спортшыға пәтер берілді
Конференция жұмысы тарих қойнауына еніп бара жатқан 2018 жылы жоғары нәтижелер көрсеткен бірқатар спортшы мен бапкерге сый-құрмет көрсетуден басталды. Бұл күні марапатталған жерлестеріміздің әрқайсына арнайы мүсіншелер мен қомақты қаржылай сыйлық табыс етілді. Ал екі саңлақ аймақ басшысының қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды.
Бір айта кетерлігі, шараға спорт ханшайымы саналатын жеңіл атлетика өкілдерінен бөлек, тағы бірнеше спорт түрінің мықтылары шақырылған-ды. Олардың ішінде дзюдошылар да болды. Сол татами шеберлерінің екеуі салтанатты жағдайда облыс әкімінің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. 2017 жылғы Сурдлимпиада ойындарында екінші орыннан көрінген Шаяхмет Қанапиянов пен биылғы Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Ерлан Серікжановқа баспана кілтін табыстау кезінде аймақ басшысы бұл дзюдошылардан алдағы байрақты бәсекелерде де жоғары нәтижелер күтетінін жеткізіп, жігіттерге сәттілік тіледі.
– Кім білсін, болашақта осы жастарымыздан Әлем және Олимпиада чемпиондары шығып қалуы мүмкін. Оларға тек жағдай жасауымыз керек. Жалпы, бұл жеңістер біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды тағы бір мәрте дәлелдейді. Ең бастысы, бапкерлерге алғыс айтуға тиіспіз. Шалғайдағы Үржар мен Күршім аудандарының жастары жаһандық додада жүлдеге ие болуы көп нәрсені аңғартса керек, – деді облыс әкімі.
Жиын барысында аймақ басшысы сонымен қатар бір топ жеңіл атлет пен бапкерлерді де марапаттады. Бұл күні республикалық федерацияның арнайы сыйлықтарына Ольга Рыпакова мен Михаил Литвин (екеуі де «Жылдың үздік спортшысы»), Ефим Тарасов («Жыл жаңалығы»), Элина Михина («Жылдың үздік көрсеткіші») және Сергей Алексеев («Жылдың үздік бапкері») ие болды. Өңір басшысы сондай-ақ кезінде халықаралық аренадағы жарқын жеңістерімен еліміздегі жеңіл атлетиканың дамуына тың серпін берген бірқатар ардагер спортшыға да сый-сияпат көрсетті.
Өскеменде заманауи
жеңіл атлетикалық кешен салынады
Алқалы жиында аймақ басшысы тағы бір жағымды жаңалықты жария етті. Атап айтсақ, келер жылы Өскеменде халықаралық стандарттарға сай жеңіл атлетикалық кешен пайда болады екен.
– Елімізде жоқ спорттық нысанды, бұйырса, келер жылдың қазан айына дейін салып бітеміз. Қазір тиісті құжаттар әзірленуде. Аталмыш нысанда жыл он екі ай оқу-жаттығу жиындары мен үлкен жарыстар өткізуге барлық жағдай жасалмақ. Кешен ішінде асты «Регупол» жабыны төселген сегіз жүгіру жолағы мен атлеттерге қажетті спорттық жарақтың бәрі болады. Ең бастысы, онда білікті бапкерлер қызмет етпек. Негізі, бастапқыда аталмыш кешенді Семей қаласында салмақ болғанбыз. Алайда ойлана келе, нысанның Өскеменде орналасқаны дұрыс болады деген шешімге келдік, – деді Даниал Ахметов.
Федерация президенті сонымен қатар алдағы уақытта еліміздің Астана, Атырау, Павлодар, Талдықорған сияқты бірқатар қаласында жеңіл атлетика орталықтары салынатынын хабарлады.

Жиында сондай-ақ жаңа жылдан бастап елімізде дарынды жастарды анықтау мақсатында жеңіл атлетика спортымен шұғылданып жүрген ұл-қыздарды германиялық маман Ральф Мохбаханның жүйесі бойынша арнайы тестілеуден өткізу жұмыстары қолға алынатыны туралы да айтылды. Бұл сыннан сүрінбей өткен жас спортшылар өскемендік «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының құрамына қабылданып, халықаралық додаларға қатысу мүмкіндігіне ие болмақ.
Осы ретте, федерация президенті конференцияда баяндама жасаған жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Григорий Егоровтың жұмысын қатаң сынға алды. Жаттықтырушы өз сөзінде құраманың биылғы жетістіктері туралы айта келіп, елімізде жеңілатлеттердің оқу-жаттығу жиындарын өткізетін нысандар саусақпен санарлықтай екенін, онымен қоса қаражат пен медициналық препараттардың тапшылығы байқалатынын жеткізді. Бұған федерация президенті қаражат жағынан жеңілатлеттеріміз таршылық көріп отырмағанын және алдағы уақытта да көрмейтінін қадап тұрып айтты.
– Жұмыстарыңызға, жеткен жетістіктер мен жіберілген қателіктерге талдау жасамағандарыңыз көрініп тұр. Мен сізден нақты жоспар, тың идеялар күтіп едім. Оның ешқайсысын көре алмадым. Егер өз қызметіңізге бұдан былай да атүсті қарайтын болсаңыз, сізді қзыметтен босатуға мәжбүр боламыз. Бас бапкер құраманың басты идеологы, оның қозғаушы күші болуы керек, соны түсініңіз. Әйтпесе, орныңызға басқа маманды шақырамыз, – деді Даниал Ахметов.
Конференцияда Ұлттық антидопингтік орталықтың маманы Ғалия Жұмабаеваның баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, соңғы жылдары жеңілатлеттеріміз арасында рұқсат етілмеген препараттарды қабылдады деп айыпталған спортшылардың қатары бірнеше есеге көбейген. 2018 жылдың өзінде ғана елімізде осындай алты факт тіркеліпті.
Өз кезегінде федерация президенті Даниал Ахметов бұл мәселе жоғарыда айтқан бапкер мәселесіне тікелей қатысты екенін айтты.
– Бапкерін сыйлайтын, оған қалтқысыз сенетін спортшы ешқашан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектерді қолданбайды. Сондықтан бұл жердегі бар мәселе бапкердің өзіне, оның біліктілігіне, атақ-абыройына байланысты, – деді ол.
«Қара маржандарымыз» ел азаматтығын ала ма?
Жақын арада «Altay Athletics» жеңіл атлетика клубының құрамында өнер көрсетіп жүрген кениялық желаяқтар Қазақстан азаматтығын алуы мүмкін. Бұл туралы конференцияда Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы әрі «Altay Athletics» клубының директоры Асқат Сейсембеков хабарлады.
Айта кетейік, 2018 жылдың өзінде ғана құрамында кениялық Нора Джеруто, Каролин Кипкируи, Дэйзи Джипкемей мен Шэдрак Коеч сияқты спортшылары бар «Altay Athletics» клубының жеңілатлеттері 39 елде өткен түрлі деңгейдегі 140 жарысқа қатысып, 83 медаль жеңіп алды. Жалпы, 2018 жылы өскемендік клубқа 384 миллион теңге бөлінгенін айта кеткен жөн. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Қазақстан ұлттық құрамасының жылдық бюджеті 450 миллион теңгені құраған.
– Ел жеңіл атлетикасын жаңа деңгейге шығарамыз десек, бізге осындай саңлақтармен жұмыс істеу қажет. Нора Джеруто, Дэйзи Джипкемей сынды жеңілатлеттер еліміздің азаматтығын алып, ұлттық құрамада өнер көрсетсе, жастарымызбен қатар жаттығып, тәжірибе бөліссе, оның несі жаман?! Қайта осы кениялық сақа спортшылардың көмегімен біз өз жастарымыздың ішінен болашақ чемпиондар шығарамыз. Негізі, шетелдіктерден үйренеріміз көп. Мәселен, осы кениялық спортшылардың таңғы сағат алтыда қала сыртындағы трассалардың бірінде жүгіріп, жаттығу жасап жүргенін өз көзіммен көрдім. Нағыз кәсібилік деп осыны айту керек. Бапкерлеріміз де басқа елдердегі әріптестері сияқты күніне 4-5 сағат жұмыс істеп дағдылануы қажет. Қазір жаттықтырушыларымыз шәкірттерімен күніне әрі кетсе 1,5 сағат қана жұмыс жүргізеді. Қалған уақытта бос. Мұндай жаттығулардан кейін спортшыларымыз қалай жақсы нәтиже көрсетсін? Сондықтан бапкерлеріміз өздерінің жұмыс жүйесін түбегейлі өзгертуі тиіс. Әйтпесе, шетелдік мамандардың қызметіне жүгінетін боламыз, – деді облыс әкімі әрі федерация президенті Даниал Ахметов.
Нұржан Кенжеұлы