Қоғам

Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жағдайы түзеліп келеді

 Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жағдайы түзеліп келеді

Семей өңірі үш жыл ішінде логистика, туризм және жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы алға қарай қарыштай қадам баспақ. Қаладағы үш көлік-логистикалық орталығы бизнестің дамуына, қызмет көрсету саласының ілгерілеуіне, инвестиция тарту арқылы экономиканы көтеруге септігін тигізетін болады.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Марат Нүгеровтың айтуынша, бірінші көлік-логистикалық орталықта Семейге әкелінетін барлық тауар сыйғызылатын болады. Қытай мен Ресейден жеткізілетін, тасымалданатын тауарлар да сақталмақ. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін ең алдымен Семей терібылғары комбинатының жұмысы жолға қойылмақшы.

-Үнемі айтасыздар ғой, Семейде анау болып еді, мына өрлеп тұрып еді, деп, олай болса, дәл қазіргі уақытта сіздерге кім бөгет?!-деген болатын Семейге келген сапарында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев та семейлік кәсіпорындарды дамыту керектігін айтып, – Қараңыздаршы қазір қазақстандықтар не киіп жүр? Шетелден әкелген, сапасыз киімдер. Осыларды өзімізде неге шығармасқа?! Сондықтан да үш жыл ішінде Семейдің ірі кәсіпорындары дамуы керек.

Семейде өткен шығысқазақстандық тауар өндірушілер көрмесінде ел Семейдегі жеңіл тоқыма, мата-мақта бұйымдарына қызыға қарады. Тіпті, Семейде мектеп формасы да шығарылатындығынан алғаш рет хабардар болды. Семейде қазір үш жеңіл өнеркәсіп кәсіпорыны : Омаровтар ательесі, «Васкания» ЖШС, «Юнис» ЖШС жақсы дамып келеді. Олардың өнімділігі облыстың барлық мектептеріне киім тігіп беруге толық жетеді екен. Семейлік тігіншілер заман сәнінен қалмай, ең озық дизайн үлгілерді қолдануға тырысады. Бір ғана мектеп формасын дұрыстап шығарып, онымен өңір мектептерін толық қамту- Семейдегі жеңіл өнеркәсіптің қайтадан жолға қойылуын қамтамасыз етер еді. Бүгінде отандық мектеп формасы 15 мың теңгедей тұрады. Семей қаласының ғана мектеп оқушыларын киіндірген күннің өзінде қала кәсіпкерлері бір деммен 50 мың оқушыны қамтып, 750 млн теңге табыс табады екен. Бұл – салық көзі.

Семейдің аяқ киім фабрикасы шығарған туфли мен ботинканы да қазір тұрғындар жақсы біледі. Бұнда барлығы таза былғары теріден жасалады. Қысқасы, Семейде жеңіл өнеркәсіптің ауыр жағдайын түзеп, саланы дамытуға мүмкіндік мол. Бір кездері киім фабрикасымен аты шығып, дәуірлеген Семей шаһарының қайтадан жеңіл өнеркәсібімен мақтанатын жағдайы бар.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.

Осы айдарда

Back to top button