Жеңіл атлеттер Өскеменде бас қосты
Өскеменде 1995-1997 жылдары туған жастар мен 2000-2001 жылғы жасөспірімдер арасындағы жеңіл атлетикадан ел біріншілігі басталды. Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде өтіп жатқан жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам спортшы келіп қатысуда. Олар жеңіл атлетиканың барлық түрінен сынға түспек.
Чемпионатқа сонымен қатар, Қырғыз елінің спортшылары да қатысып жатқанын айта кеткен жөн.
Республикалық жарыстың ашылу рәсіміне қатысқан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов спортшыларды осындай байрақты бәсекенің басталуымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
Басталғанына бірер күн ғана болса да, қазірдің өзінде чемпионаттың кейбір жеңімпаздары анықталып қойды. Мәселен, 400 метр қашықтыққа жүгіруден Қарағанды облысының спортшылары үздік шықса, екі мың метрге жүгіру сайысында Қызылорда облысының қыздарына тең келер ешкім болмады.
Шығысқазақстандық спортшылардың ішінде сырықпен секіруден екінші орынға табан тіреген Арман Кеңесбектің нәтижесі әзірге үздік болып тұр.
Енді спортшылар 10-12-ақпан күндері өтетін сырықпен және үш қарғып секіру, биіктік пен ұзындыққа секіру, ядро лақтыру сияқты спорт түрлерінен сынға түсетін болады.
Айта кетейік, облыс орталығындағы жеңіл атлеттер бәсекелері осымен аяқталмақ емес. 18-ақпанда Өскеменде Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесі үшін кезекті, үшінші халықаралық турнир жалауын желбіретпек. Оған қазақстандық спортшылармен қатар, Әзірбайжан, Беларусь, Өзбекстан, Малайзия, Армения, Қырғызстан және Түркия елдерінің мықтылары қатысады деп күтілуде. Тағы бір айта кетер жайт, бұл жарыстарға кіру тегін болмақ.
Сәрсен Қабылым