Жекеменшік тұрғын үй құрылысын ширату қажет

Биыл облыста жалпы ауданы 414 мың шаршы метр тұрғын үй салынып отыр. Пайдалануға берілетін баспананың осы жылғы көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 109 пайызға артық болмақ. Бұл туралы кеше облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен кезекті кеңейтілген аппараттық кеңесте мәлім болды.
Жиында құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Дүсіпов тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы жөнінде ақпарат берді.
Өткен 11 айда өңірде 305500 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 113 пайызға артық. Нақты айтар болсақ, жыл басынан бері облыста жалпы ауданы 186300 шаршы метр болатын 26 көппәтерлі үй салынып біткен, сонымен қатар жалпы ауданы 113100 шаршы метр болатын жекеменшік үйлер бой көтерген.
– Жылдың соңына дейін тағы 109200 шаршы метр тұрғын үй дайын болуы тиіс. Олар – ауданы 102300 шаршы метрлік 14 көппәтерлі үй және ауданы 6900 шаршы метрлік меншік үйлер. Сонымен, биыл облыста жалпы алғанда 414700 шаршы метр баспана салынып отыр. Яғни пайдалануға берілген тұрғын үйлердің осы жылғы көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 109 пайызға артық болмақ, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Ал енді мәдени-әлеуметтік нысандарға келер болсақ, биыл облыста 14 нысанның құрылысы жүрген. Соның төртеуі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Олар – Үржар ауданы, Мақаншы ауылындағы 320 орындық және Аягөз қаласындағы 600 орындық мектептер, Өскемендегі Күленов кентіндегі тәулігіне 212 адамды қабылдайтын емхана, Абай ауданы, Қарауыл ауылындағы жүзу бассейні.
Тағы екі нысан жыл соңына дейін тапсырылуы керек. Олар – Глубокое кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Өскемен қаласындағы көпбейінді зертхана.
Ал қалған сегіз нысан, атап айтсақ, Өскемендегі 200 төсек-орындық балалар ауруханасы, мың орындық екі мектеп, Жаңа Согра кентіндегі мектепке қосалқы ғимарат, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы 600 орындық мектеп пен оның 300 орындық интернаты, Семейдегі «Абай Арена» стадионы келер жылға ауысып отыр. Олардың аяқталу мерзімі 2019 жылға жоспарланған. Тағы екі нысан – Семейдегі радиология орталығы мен Өскемендегі арнайы тұрғындарға қызмет көрсету орталығы аяқталмаған нысандар тізімінде тұр.
Жалпы, құрылыс саласындағы жұмыстар оң бағытта болса да, басқарма басшысының орынбасары баяндамасын тым сенімсіз жасады. Қобалжығаннан ба, әлде шынымен де саладағы жағдайды дұрыс білмегендіктен бе, жиі мүдіріп, цифрлардан жаңылысып қала берді.
– Өте сенімсіз сөйлеп тұрсыз. Менің ойымша, ақпаратқа толық ие емессіз. Сізге қосымша сұрақтар қоюдың өзі артық па деп ойлаймын. Жеке меншік тұрғын үй құрылысын ширату қажет. Осы жөнінде сенбі күні жеке есеп аламын. Дайындалыңыз, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі сондай-ақ, құрылыс кестелерінің қатаң сақталуына және ең бастысы, ғимараттардың сапасына жіті мән беруді тағы бір мәрте ескертті.
Ержан Әбіш