Жекелеген жер үйлер қар суының астында қалды
Семейдегі Мирный, Шүлбі кіреберісі, Степной, Шығыс кенттері аумағындағы үйлер қар суының астында қалды. Степной маңындағы үйлердегі суларды тұрғындар түні бойы сыртқа шығарып әлек, бірақ нәтиже берер емес. Шүлбі кіреберісінің тұрғындары қыста қарды дұрыс тазаламады, деп реніш білдіруде.
Бірақ Шүлбі тұсындағы су өткізетін құбырлар енді ғана тазартылды, қазір Степнойдағы жағдай да қалыпты, деді қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков. Десек те, Семейдің іргесіндегі Кирпичная кенті де еріген қар суының астында қалып қалды. Үйлердің қабырғалары жарылып кетіпті. Халық қыста қарды шығаруға ешкім мән бермеді деп ренжуде. Тіпті, мұнда қыста таудай боп үйілген қар әлі ерімей, сол күйі тұр екен. Тұрғындардың айтуынша, кеше жеткен техника біраз күрегенмен, нәтиже жоқ. Кирпичная көшесінің тұрғыны Елеукен Мергенбаевтың үйі ой ішінде, шұңқырда тұрғандықтан, су толып кетіпті. Үйім құлау алдында тұр, деп мұңын шақты ақсақал. Тағы бір тұрғын Төлеухан Шатановтың да үйін, монша, қорасын су басып кеткен. Ол қарасуықта үйін жылыту үшін қорасынан көмір алуға кіре алмай отыр. «Құдай сақтасын, ауырып қалсақ, көшедегі ми батпақтан жедел жәрдем де келе алмайды» деп күйінеді қария. Ал қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Жанна Шаймұратованың айтуынша, арнайы ережелерге орай, жекеменшік тұрғын үйдің адамдары қарды өздері тазалап, шығаруы тиіс екен. Дегенмен олар осы зардап шеккен Кирпичная ауылына демеушілердің көмегімен техника жіберетін болды. Екі күнде жағдай түзеледі дейді. Бүгінгі күнге дейін қала бойынша 8 мың текшеметр су сорылып алынды. Десек те, қаланың орталық көшелері де суға толып, автобус, көлік, жаяу жүргінші қозғалысына кедергі келтіруде. Себебі, қала бойынша су соратын техника жетіспейді.
-Біздің жауапкершілігіміздегі ең басты көшелер – Би Боранбай көшесі мен Жоламан аумағындағы тұстарда мамандар жұмыс істеп жатыр. Жиырмадан астам техника жұмылдырылған. Ол жерлерде шұңқырлар пайда болғандықтан, қозғалыс қиындап отыр,-деді автомобиль жолдары және жолаушы тасымалы бөлімінің бастығы Юрий Пазына.
Сондай-ақ, Семейдің Знаменка тас жолы бойындағы бейіттер де су астында қалып отыр. Жағдайды көру үшін мұнда қала әкімі Ермак Сәлімов келіп, арнайы тапсырма берді. Мұндай жағдайдың орын алу себебі, қар суы еріген кезде ағатын құбыр бітеліп қалған. Қала әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Юрий Пазынаға тапсырма беріп, бұл тұстағы суды тазарту үшін Степной кентінде жұмыс істеген «Семей су арнасы» мекемесінің арнайы техникасын тағы да іске қосу қажеттігін айтты. Сол сияқты Семей іргесіндегі Суықбастау кентіне баратын жолдағы көпірді су шайып кетті деп хабарлаған едік. Қазірде Құртоған көпірінің бір жақ шеті ашылып, пайдалануға берілді. Оқиға орнына дереу жеткен мамандар арнайы бекет ұйымдастырып, төтенше жағдайдың салдарын жоюға күш салып жатыр, дейді қала әкімінің мамандары.
Семей
Раушан Нұғманбекова, суреттер автордыкі.