Жекелеген қызметшілердің құқықтары аяққа басылған
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде бір қызметшілер заңсыз жазаланса, екіншілерінен тәртіптік жазалар мерзімінен бұрын алынып тасталған.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Бақтияр Камаловтың төрағалығымен өткен Әдеп жөніндегі кеңесте аталмыш мекеменің тәртіптік комиссиясының қызметі қаралды. Бұған мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік комиссиясының шешіміне арызданулары себеп болды.
Мысалы, департаменттің бөлім басшысы Оразбаеваға екі рет ескерту және қызметіне толық сай емес деген тәртіптік жаза қолданылған. Алайда, мемлекеттік қызметші мұнымен келіспей, сотқа шағымданып, жеңіп шыққан. Аяғында өз еркімен жұмысынан кеткен. Мекеменің бас маманы Аймақбаева да тәртіптік комиссияның шешімін сотқа беріп, қызметіне қайта орналасты, қазір ол жұмысын істеп жүр.
– Біз мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың қызметіне үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Олар қанша қызметкерді не себепті тәртіптік жазаға тартылғаны туралы есеп береді. Шығыс Қазақстан облысы бойынша ішкі аудит департаментінде тәртіптік комиссияның шешімдері сот арқылы өзгертілгені анықталды. Бұл жерде мемлекеттік қызметші тарапынан кемшілік болуы да мүмкін, алайда, тәртіптік жазаға тарту тәртібі сақталмаған. Мысалы, Оразбаева бұйрықпен таныспаған. Мұндай жағдайда сот тәртіптік комиссияның шешімін заңсыз деп санайды. Тәртіптік жазаға тартудың процедурасын бұзуға болмайды. Керісінше жағдайда, сотта да, тіпті, бүгінгі отырыста да «қызметкерлер қудалауға ұшыраған ба?» дегендей, жаңсақ пікір қалыптасады», – деген түсініктеме берді департамент басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев.
Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде 2016 жылы барлығы 10 әкімшілік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке шақырылған. Оның бесеуіне қатысты шара ешқандай қызметтік тексеру жүргізілместен қолданылған. Ал алты қызметкерден жаза мерзімінен бұрын алынып тасталғаны анықталды. 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында төрт мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапқа тартылса, оның үшеуіне қатысты қызметтік тексеріс тағы да жүргізілмеген. Бір адамнан жаза уақытына жетпей алынып тасталған.
Департаментте өз іс-әрекеттерін қызметкерлердің жетіспеушілігінен деп түсіндіреді. Қазір мекемеде он бір адамның орны бос тұр. Департаменттің тәртіптік комиссиясы Әдеп жөніндегі кеңестен тәртіптік жазаны қолдануға қатысты түсіндірулерді бірнеше рет сұраған көрінеді. Алайда, аталмыш ведомствода берілген нұсқаулықтар мен түсініктемелерге қарамастан, мемлекеттік қызмет саласындағы заңсыздықтар, жекелеген қызметшілердің құқықтары мен мүдделерінің аяққа басылуы әлі де жалғасуда.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ