Қоғам

Жеке үйлер құрылысы қарқын алмақ

  Келесі жылы Семейдің Ұшақтар шағын ауданында 200 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Сондай-ақ Комсомол тұрғын алабын салу жоспарлануда, онда 143 үй тұрғызылады.

Мұның барлығы жеке инвесторлар есебінен іске асырылатын болады. Жаңа тұрғын үйлерді барлық ниет білдірушілер сатып ала алады. Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер арқылы ипотекаға пәтер ресімдеу мүмкіндігі беріледі. Осындай жұмыстар Өскеменде 20, 22 және 28-тұрғын аудандарда да жалғасатын болады. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желілердегі парақшасында хабарлады.

– Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында осы шағын аудандарды абаттандыру бойынша жобаларды дайындау тапсырылды, – деп хабарлады аймақ басшысы. – Биыл осы бағдарлама аясында 819 әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатқанын, оның 787-сін 1 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отырғанын атап өткен жөн. 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. «Жол картасы» – халықты жұмыспен қамтудың ғана емес, сондай-ақ өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз етудің бірден-бір құралы. Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 247 шақырым жол жөнделіп, 14 аурухана мен 262 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді.

Бұрындары Ұшақтар мен Комсомол шағын аудандарының тұрғындары жарық пен су жеткізуді бірнеше рет сұраған еді. Енді бұл мәселелер іс жүзінде шешілді. Бүгінгі таңда кенттерде электр және сумен қамтамасыз ету бағдарламаларын іске асыру аяқталды. Жобаны жүзеге асыру үшін екі жыл қажет болды. Құрылыстың жалпы сомасы 1,2 миллион теңгеден асты. Жұмыстар толығымен аяқталды, барлық тұрғын үйлер электр желісіне қосылды.

– Ұшақтар шағын ауданында жаңа электрмен жабдықтау жүйесіне 117 үй қосылған. Осындай жұмыстар Комсомол шағын ауданында да жүргізілуде, – дейді Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаков. – Тұрғындардан «ШҚ АЭК» компаниясына техникалық шарттар үшін жүгінуді, қосылуға өтінім беруді және «Шығысэнерготрейд» ЖШС-де жеке шоттар ашуды сұраймыз. Сумен жабдықтау бойынша дәл осындай схема анықталған. Әрбір жер учаскесіне суық суға қосылу үшін құбыр жүйесі тартылған. Тұрғындар техникалық шарттарды алу үшін «Су арнасы» кәсіпорнына жүгініп, суды қосуы қажет. Шағын аудандардың тұрғындарын электрмен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар өткен жылы аяқталуы тиіс еді, бірақ электр және сумен жабдықтау желілерінің салынуына байланысты жобаға бірқатар түзетулер енгізуге тура келді. Бүгінгі таңда барлық олқылықтар реттелген, нысандар пайдаланылуда.

Алдағы уақытта бұл кенттерде көше жарығы жүргізіліп, жол төселеді, осы жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Оларды жүзеге асыру келесі жылға жоспарланған.

Сондай-ақ өңірде жақын арада инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар жекеменшік тұрғын үйлер құрылысы үшін жер учаскелерін беру қайта басталады. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері су және электр желілерімен қамтамасыз етілген алаңдардан ғана беріледі. Семей қаласының маңында қажетті инженерлік инфрақұрылымды дайындау арқылы жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру үшін он тұрғын үй алабы анықталған. Олар – Ақсай, Ұшақтар, Комсомол, Суықбұлақ, Жарқын, Бобровка, Аққайын, Жібек жолы, Кіші Ақтөбе тұрғын алаптары және Степной кенті.

Қалалық әкімдік «Asilжол Group» ЖШС, «Зеленстрой Семей» ЖШС және «Санжар» ЖШС сынды үш құрылыс салушыға жеке тұрғын үйлерді салу үшін Комсомол тұрғын үй алабынан жалпы ауданы 1,8 гектар уақытша қысқа мерзімді пайдалануға жер учаскелерін беру туралы қаулы дайындады. Үйлердің құрылысы қаланың сәулет және қала құрылысы бөлімі бекіткен эскиздік жобаларға сәйкес бірыңғай сәулет стилінде жүргізілетін болады.

Үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін оларды азаматтарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы ипотекалық несиелендіру арқылы беру жоспарлануда. Ипотекалық қарызды төлем қабілеттілігін растаған кезекте тұрғандар ала алады. Бүгінгі таңда оларға жер учаскелерін орналастыру схемалары берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және тұрақты бақылауда.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Семейде жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алу кезегінде 23 мыңнан астам адам тұр.

Наргиз Омарқанова

 Семей.

Осы айдарда

Back to top button