ҚаржыТОП

Жеке тұлғаның банкроттығы: жолдары мен салдары

Айжанат Бақытқызы

Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университетінде  Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері  – берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқарма басшысының орынбасары М.Сисембаева, басқарманың бас сарапшысы А.Рахметова, Оқыту-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Л.Қасымқұлова «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» жаңа заңды түсіндіру мақсатында облыс жұртшылығымен кездесіп, сауалдарына жауап берді.

Меруерт Сисембаеваның айтуынша, қазір республика бойынша 7,7 млн адамның басында несиесі бар. Миллионға жуық адам несиесін бір жылдан астам уақыт бойы төлемеген. Ал Шығыс өңірінде 385 мыңнан астам адамның несиелері бар болса, соның 57 мыңнан астамы несиесін төлемегеніне бір жылдан асқан.

Кездесудің негізгі мақсаты – проблемалық кредиттері бар халыққа қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, заңның негізгі ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіру. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Яғни, проблемалық несиесі бар азаматтар 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады, – деді Меруерт Сисембаева.

Соттан тыс банкроттық қызметі тегін

Заң рәсімдердің үш түрін қарастырады. Олар  – соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімді де тек борышкердің өзі бастайды, яғни кредитордың борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

Бірінші рәсім  – соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Соттан тыс банкроттықты азаматтар келесі жағдайларда қолдана алады:

– банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 5,5 млн теңгеден (1600 айлық есептік көрсеткіш) аспауы;

– банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлар алдындағы міндеттемелер бойынша мұндай арыз берілген күні қатарынан 12 ай бойы төлемнің болмауы;

– ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, меншік құқығында мүліктің болмауы;

– мерзімі өткен берешек бойынша банкпен реттеу жөніндегі рәсімдердің жүргізілуі;

– 7 жыл бойы банкроттық рәсімнің қолданылмауы.

Сонымен қатар заң жобасымен:

– 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін (12 ай ішінде төлемнің болмауы туралы критерий қолданылмайды);

– 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін (мүліктің бар-жоғын тексеру және берешек сомасы бойынша шектеулер белгіленбейді) ерекше жағдайлар қарастырылған.

-Бұл рәсім мемлекеттік кірістер органдарымен жүргізіледі. Арызды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, яғни E-gov және Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы электрондық нысанда немесе «E-salyg Azamat» қосымшасы арқылы беруге болады. Қазіргі уақытта тестіленіп жатқан ақпараттық жүйе арқылы борышкердің қажетті критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан, мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады, – деді комитет өкілі.

Мамандардың сөзінше, соңғы уақытта TikTok, Instagram және басқа да әлеуметтік желілерде банкроттыққа жататын соманың 10-20% төлеу қажеттігін мәлімдей отырып, алаяқтардың азаматтардың банкроттығы бойынша ақылы қызметтер көрсетуі туралы жарияланымдары жиілеп кеткен. Соттан тыс банкроттық рәсімі тегін рәсім болғандықтан, мұндай дереккөздерге сенудің қажеті жоқ.

                        Қарызды реттеу тәртібі дегеніміз не?

Меруерт Сисембаева айтып өткендей, 2021 жылдың 1 қазанынан бастап елімізде кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Ол банктер мен микроқаржы ұйымдарына таралады.

Реттеу тәртібі бойынша, мерзімі өткен қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күннің ішінде қарыз бойынша мәселені шешу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуі тиіс.

Борышкер өз арызында кешіктірудің неліктен пайда болғанын көрсетіп, мәселені шешудің өз нұсқаларын ұсынып және кірістің төмендегенін, сондай-ақ несие бойынша төлем жасай алмайтындығын растайтын құжаттарын ұсынуы керек. Банк немесе микроқаржы ұйымы арызды қарап, 15 күнтізбелік күннің ішінде жауап береді:

– шарт талаптарына қарыз алушы ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісім бере алады;

– шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын бере алады;

– немесе себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып бас тарта алады.

Келісімшартты өзгерту шарттары келесідей болуы мүмкін:

– сыйақы мөлшерлемесін төмендету;

– төлемді кейінге қалдыру;

– қарыз мерзімін ұлғайту және тағы басқа.

Тағы бір ұсыныс  – ипотекалық жылжымайтын мүлікті өз бетінше сату болуы мүмкін.

Егер қарыз алушы қарыз шарттары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, ол барлық құжаттар мен хат-хабарларды қоса бере отырып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттікке жүгінуге құқылы.

Бұл туралы толығырақ ақпаратты 1459 нөмірі бойынша call-орталық немесе «Fingramotalline» ұялы қосымшасы арқылы білуге болады.

                     Жалғыз баспананы алып қоюға құқылы ма?

Жұртшылықпен кездесу барысында Меруерт Сисембаева түсіндіріп өткендей, 5,5 млн теңгеден астам борыштар және қарыздың қалған түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығын қолдана алады.

Сот банкроттығының мақсаты  – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болса, онда кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы. Ал егер жалғыз тұрғын үй кепіл болмаса, несие берушілер оны талап ете алмайды.

Өтелмеген сома борышкердің жосықсыз белгілері (мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат беру) болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады.

Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына:

-дербес кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;

– кәсіби бухгалтерлер;

– заң кеңесшілері;

– аудиторлар кіруге құқылы.

Қаржы басқарушыларының қызмет ақысы борышкердің мүлкі есебінен төленеді, биыл ол  – 70 мың теңге. Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызмет ақысын төлей алмайтынын ескере отырып, мүлкі жоқ, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолданып, қарызын бес жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін иелене алады. Жалғыз шарт – қарыз көлемі борышкер мүлкінің құнынан аспауы тиіс.

Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.

Бұл рәсімнің артықшылығы  – одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкроттықтың салдары қолданылмайды.

  • Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру кезінде оның салдары болмайды.

Сондықтан азамат өзін банкрот деп жарияламас бұрын, ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойланғаны жөн. Банкротқа ұшырау арқылы азамат өзінің несиелік рейтингін төмендететінін түсінуі керек және барлық артықшылықтар мен кемшіліктер өлшенуі қажет, яғни банкроттық туралы шешімді ойланып барып қана қабылдау керек, – деді М.Сисенбаева.

Комитет өкілдері алимент бойынша, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу жөніндегі борыштар есептен шығаруға жатпайтындығын айтып өтті.

Банкроттықтың салдары қандай?

Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялағаннан кейін келесі салдары болатынын да ескеру қажет. Сот банкроттығын және соттан тыс банкроттығын қолданатын азаматтар:

  • 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан кредиттер ала алмайды (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа);
  • 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа жүгіне алады;
  • қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі.

Осылайша:

– борышкердің өзі ғана өзін банкрот деп тани алады;

– сот банкроттығы кезінде кредиторлардың мүдделері борышкердің мүлкіне бағытталған;

– сот банкроттығының кез келген кезеңінде борышкер мен кредиторлар қарыздарды ерікті түрде төлеу туралы бітімгершілік келісім жасауға құқылы;

– борышкердің банкроттыққа дейін үш жыл ішінде кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару мәселесі тексеріледі (мүлікті сатты, сыйға тартты, жасырды немесе жойды);

– төлем қабілеттілігін бес жылдан аз уақыт ішінде қалпына келтіруге болады.

 

Осы айдарда

Back to top button