Қоғам

Жеке тұрғын үйлерді салу тәртібі өзгерді

Жеке тұрғын үйлерді салу тәртібі өзгерді


Бұдан былай жеке тұрғын үйді әркім өзінің қалауынша сала бермейді. Олардың бәрі бірыңғай сәулеттік ансамбльде болуы тиіс. Сол сияқты мемлекеттен алған тиесілі он сотық жерді бұрынғыдай бір қолдан екінші қолға сатуға жол жоқ…

Жер телімін алуға кезекте тұрған жұртшылықпен кездескен Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов жеке үйлердің салынуына қатысты бірқатар жайтты түсіндіріп берді. Ресми дерек көздерінен белгілі болғандай, шаһарда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша он сотық жер алуға 24 мыңнан аса адам кезекте тұрған көрінеді. Соның ішінде 2600 адам «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» салымшысы екен. Қоғамдық автобусқа мінген қала әкімі бір топ тұрғындармен «Ақсай» шағын ауданына келіп жетті. Мұндағы көздегені жол-жөнекей болашақ тұрғын ауданының жоспарымен таныстыру. Бүгінде мұнда 1700 жер телімі жобаланып, оның 556-нің құжаты рәсімделіпті. Сол сияқты меншік иелерінің жеке қаражаты есебінен 194 үй салынған. «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» Семейдегі филиалы 421 өтініш бойынша сараптама жүргізіп, соның 21-і салымшы екенін анықтаған. Олардың арасынан бес салымшы «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспана тұрғызуға ниет танытып отыр. Қазір тағы 644 жер телімінің құжаттары рәсімделуде. Жеке тұрғын үй құрылысына қатысты қосымша 50 өтініш қалалық құрылыс бөлімімен мақұлданған екен.

– Қазір 24 447 адам кезекте тұр. Бірақ бұл сан өзгеріп жатыр. Мысалы, бізге тұрғын үй салғысы келетінін айтады. Оны тиісінше «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіне» жібереміз. Олар жеке тұлғаның төлем қабілетін тексереді. Төлем қабілеті расталған соң, ол қайта бізге келеді. Бұл тұста біз оны кезекке тұрғызып, жер телімі уақытша үш жылға беріледі. Осы уақыт аралығында біздің талаптар орындалмаса, жер қайтарылып алынады. Бүгін бұрынғыдай жерді бір қолдан, екінші қолға сатуға жол берілмейді. Тағы бір айта кетерлігі, тұрғын үйлер бір сәулеттік ансамбльде салынуы тиіс. Осы мақсатта біздің сәулетшілер дайындаған үйлердің жобалары дайын әрі тегін. Семейде жеке тұрғын үй құрылысына бағытталған он шағын аудан белгіленген. Соның бірі «Ақсай». Мұнда жарық көзі тартылған. Су жүйесімен қамтуға келсек, 4 сәуірде қолымызға жобалық-сметалық құжаттама тиді. Енді қаржы бөлу мәселесі шешіледі. Бұдан кейін байқау жарияланып, мердігер анықталатын болады. Сол кезде орталықтандырылған су жүйесін тарту жұмыстары басталады, – деген Ермак Сәлімов, бас жоспарға сәйкес мұнда мектеп, балабақша және өзге де әлеуметтік нысандардың салынатынын нақтылады.

Жеке тұрғын үйлерді салу тәртібі өзгерді

Бұл шағын ауданға қоныс аударуға көптеген адамдар ниет білдіріп отыр. Сол сәтте жол, көше жарығы және қоғамдық көліктердің қозғалысы реттелетін болады. Салыну тиіс баспаналардың 1 шаршы метрі 120 мың теңгені құрайды. Сонда 100 шаршы метрлік бір үйдің құны шамамен 12 млн теңгеден шығады екен. Алайда ол үшін 30 пайыз алғашқы жарнасын төлеу қажет.

– 100 шаршы метр тұрғын үйді алсақ, несиелеу 12 жылға бес пайыздық мөлшермен белгіленеді. Ай сайын салымшы 70 мың теңге қаржы төлеп, несиесін біртіндеп жауып отыру тиіс, – деген «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ Семей қалалық филиалының директоры Равиль Сәбитов, аталмыш қаржы институтының қалада тұтастай 30 мыңнан астам салымшысы бар екенін айтып, олардың қорында 12 млрд теңге көлемінде қаржы жинақталғанын атап өтті.

Жақсылық Мұратқали

Осы айдарда

Back to top button