Аймақтар аухалы

Жеке тұрғын үй құрылысы қарқын алады

Жеке тұрғын үй құрылысы қарқын алады

Соңғы үш жылда қала тұрғындарының саны табиғи өсім мен көші-қонның нәтижесінде 7000 адамға артып отыр. Осыған орай, тұрғын үйге деген сұраныс та еселенді. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімін алу кезегінде 23 614 адам тұр.

Елбасының тапсырмасына сәйкес 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге аса бастады. Бұл алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын баспанамен қамту жөніндегі маңызды мәселені шешуге бағытталған. Бағдарламадағы негізгі бағыттардың бірі жеке тұрғын үй құрылысын ары қарай дамыту болып табылады. Ол бағыт дамыған елдердің үлгісі бойынша бірыңғай сәулет стиліндегі жекеменшік тұрғын үйлер салуды көздейді. Мұндай баспана тұрғындар үшін қолжетімді болуы үшін бір шаршы метрдің құны 120 мың теңгеден аспайтындай етіп қарастырылмақ.

Семей қаласында тұрғын үй секторының дамуына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өзі тікелей қолдау көрсетіп келеді. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ төрағасының міндетін атқарушы Болат Акужановтың айтуынша, биыл Қарағайлы ықшамауданында көпқабатты 10 үй тұрғызу көзделіп отыр.

Аталмыш үйлер облыс әкімдігі, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның үшжақты келісімі аясында бой көтереді. 2015-2016 жылдары қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жүргізілгеніне жұрт куә. Үшжақты серіктестік аясында көпқабатты бес тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұлардың ішінде Мелькомбинат ауданындағы 54 және 81 пәтерлі екі тұрғын үй де бар. Ондағы пәтерлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына берілді. Қоныстанушылар құрылыс сапасына риза екендерін айтты. Өткен жыл «Сәт Транс» ЖШС мен «Азия» фирмасы үшін де табысты болды. Олар қала аумағында бес бірдей көпқабатты үй тұрғызды.

«Сәт Транс» ЖШС қызметкері Әділет Бордатқановтың айтуынша, олар салған «Мелькомбинат» алаңындағы тоғыз қабатты үйде екі және үш бөлмелі 54 пәтер бар екен. Пәтерлердің барлығы иелеріне ұнап жатыр. Тіпті, бір пәтерді олардың өздері иеленіпті. Осы үйді салумен айналысқан мекеменің қызметкері ретінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы пәтер алуды жөн көрген. Сөйтіп, үш бөлмелі пәтерге қол жеткізген екен.

Жалпы, аталған үшжақты келісім арқылы алдағы он жылда жыл бойы Семей қаласында 1200-ден астам пәтер салынып, халық игілігіне беріледі. Бұл дегеніміз тұрғындардың өтінішіне орай, жыл сайын Семей қаласында шамамен 10 млрд. теңгенің қаражатына пәтерлер салыну жобасы қолға алынған деген сөз.

Әсіресе, Қарағайлы ықшамауданына халықты жаппай қоныстандыру басталады. Тек тұрғын үйлер ғана емес, ол ауданда мектеп, аурухана, емхана, сияқты түрлі әлеуметтік нысандар да салынады. Қарағайлы жекеменшік тұрғын үйлер құрылысын ары қарай ынталандыру үшін де қажет әрі таптырмайтын аудан саналады. Ол үшін азқабатты тұрғын үйлер құрылысының типтік жобалары таратылмақ. Қала әкімі Ермак Сәлімовтің айтуынша, бекітілген бас жоспарға сәйкес аталмыш ауданда жекеменшік тұрғын үй құрылысына арналған телімдер бөлінбек. Жер берілгенге дейін аудан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады. Семей қаласын дамытудың бас жоспарында келешек тұрғын үй құрылысына арналған 10 аумақ белгіленген.

-Бұл он аумақтың ішіне Ақсай, Ұшақтар, Комсомол, Суықбұлақ, Бобровка, Жарқын, Аққайың, Жібек жолы, Кіші Ақтөбе, Степной тұрғын аудандары кіреді, – дейді қала басшысы Ермак Сәлімов. – Ақсай және Ұшақтар тұрғын аудандарына электрмен және сумен қамтудың магистральді желілері тартылды. Ал Комсомол және Суықбұлақ кенттері электрмен қамтамасыз етілді. Биыл қосымша үш тұрғын аудандағы 5100 жер телімінің нақты жобалауын қайта түзетуге қаржы қарастырылған. Осы шаралардың арқасында тиісті инфрақұрылыммен қамтылған 13 715-тен астам жер телімін жер үй тұрғызу үшін халық игілігіне береміз. 10 аудандағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мен жолдар құрылысының жалпы шығыны 35 849,9 млн. теңгені құрайды.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 36 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл тоғыз қабатты үй «Океан» ықшамауданында орналасқан. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бастап, құрылыс жұмыстарына «Азия» ЖШС фирмасы да атсалысқан.

Семей.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button