Жеке тұлғаны қалыптастырудың жолы

Өңіріміздің жоғарғы сынып оқушылары облыстық «My PRO» мамандықтар фестиваліне қатысып, бүгінгі еңбек нарығында қандай танымал мамандықтардың бар екенін біліп қана қоймай, сүйікті мамандығының қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алды. Бүгінде өңірдегі кәсіптік білім беру саласы жұмыс берушілердің сұранысы мен еңбек нарығын бағдарлай отырып әрекет етуге бейімделуде.
– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында кәсіптік білім беру мәселесіне барынша басымдық беру қажеттігіне айрықша назар аударды. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған бұл облыстық фестиваль Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру аясында жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында үш күн бойы өтеді. 2017 жылдан бері елімізде кәсіби білім тегін беріліп келеді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жастарымыз болашақта табыс көзі болатындай өзіне қажетті сүйікті мамандығын табады деп сенемін,-деді фестивальдің салтанатты ашылуымен қатысушыларды құттықтаған облыстық білім басқармасы кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қажымұқан Оспанғалиев.
«Альшемали» сауда үйінің арнайы алаңдарында өңір мектептерінен жиналған 7-11 сыныптың оқушы-жастары облысымыздағы колледждер мен университеттердің ең үздік маман иелерімен танысып, мұғалім, омарташы, мал дәрігері, дәнекерлеуші, шаштараз, медбике, техник-электрик, аспаз, тракторист-машинист, экономист, құрылыс жұмыстарының шебері мамандықтары бойынша өз бейімділіктерін сынап көрді. Іс-шара барысында оқушылардың бір тобы Өскемен медициналық колледжінің оқытушысы Мария Дмитриеваның көмегімен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін үйренді. Аталмыш колледждің оқытушысы Жанар Сүлейменованың айтуынша, медицина қызметкерлерінің бірнеше буынын оқытып шығарған бұл колледжде медбике, акушер, фельдшер, лаборант, фармацевт, дантист мамандықтары мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытылады.
-«Адам дәрігері адамды емдесе, мал дәрігері адамзатты емдейді» деген сөз текке айтылмаса керек. Өйткені, мал дәрігері тек малды емдеумен ғана айналыспайды. Олар базарлар мен дүкен сөрелеріндегі ет пен сүт өнімдерін, көкөністердің сапасын тексеріп барып, халыққа саудалауға рұқсат береді,-дейді ветеринар маман Ардақ Қабдуалиева.
Қызығушылық танытып, Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжінің алаңына жиналған оқушыларды білікті маман металлодетектор, ультра дыбысты зерттеу аппараты, магнитті зонд сияқты, малдарға диагноз қойып, емдеуге қажетті құрал-жабдықтармен, сондай-ақ, судың құрамын тексеретін құралдың жұмысымен таныстырды.
Болашақта аспаз болуды армандап жүрген оқушылар «Квансон» Қазақстан-Кәріс колледжінің мамандары әзірлеген аспаздық студиясында ас әзірлеу өнерінің қыр-сырын үйренді. Жапондардың ұлттық тағамы болғанмен, бүгінде көпшіліктің сүйікті асына айналған «суши», «роллы» тағамдарын оқушылар өз қолдарымен әзірлеп көрді. Бұл істе оларға аталмыш колледждің шәкірті, екі жылдан бері мейрамханада аспаз болып еңбек етіп жүрген Гунай Габилова көмектесті.
Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Ләззат Кездікбаева айтып өткендей, аталмыш фестивальға өңіріміздегі әртүрлі бағыттағы сұранысқа ие, кәсіби білікті және тұлғалық дамыған орта буын мамандарын даярлайтын 15-тен астам оқу орны қатысты. Оның ішінде құрылыс, тау-кен технологиясы, байланыс, көлік және коммуникация мамандарын әзірлейтін оқу орындары да бар. Мәселен, «Көпсалалы технология колледжі» электромонтер, электромеханик, электргазбен дәнекерлеуші, құрылыс-ағаш шебері, сылақшы, аппаратшы-гидрометаллург, фрезерлеуші мамандықтары бойынша оқушы жастардың тегін білім алуына барынша жағдай жасап отыр. «Үздік жүргізуші, дәнекерлеуші, механизатор, слесарьлық ісі» облыстық, халықаралық байқауларында үздіктер қатарынан көрініп, үнемі жүлдемен оралатын Глубокое аграрлық колледжінің шәкірттері де ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтарды игеріп жүр.

Ұстаздық еткен жалықпас…
Ұстаздық жолын таңдағысы келетін шығармашыл жастар оқытудың күндізгі және сырттай бөлімдері бойынша педагогикалық мамандар даярлайтын Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің алаңына жиналды. Бұл колледждің артықшылығы – мемлекеттік бюджеттік орындар мен шәкіртақы алу мүмкіндігі бар. Оқу орнында бүгінгі заман талабына сай көптілді маман даярлайтын қанатқақты жоба енгізілген. Атаулы шәкіртақы және колледж грантына ие болу мүмкіндігі де мол. Шалғай аудандардан келген білім алушыларға жатақханадан орын беріледі. Оқушылардың кәсіби білімдерін жетілдіріп, әрі қарай дамытуына барлық жағдай жасалған. Колледжге қабылдау жоғары оқу орындарына арналған кешенді тестілеу түрінде өткізілген қабылдау емтихандарының нәтижелері бойынша берілген сертификаттың балдары және колледждің тестілеу нәтижесі негізінде жүргізіледі. 9 сынып бітіргендер 3 жыл 10 ай, 11 сынып бітіргендер 2 жыл 10 ай білім алып, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі, дене тәрбиесі және спорт пәнінің мұғалімі, бастауыш сыныптар мұғалімі, ислам негізінің мұғалімі, технология пәні мұғалімі мамандықтарына ие болады. Жуырда қазақ-орыс, ағылшын-қытай тілдерінің аудармашысы мамандықтарын ашу көзделіп отыр. Ал С.Аманжолов атындағы мемлекеттік университеттің жоғары колледжінде жоғарыда аталған мамандықтармен қатар заңгер, есепші-тексеруші, техник-бағдарламашы мамандықтары бойынша сапалы білім алуға болады.
Мамандығын өнер саласымен байланыстырғысы келетін болашақ әртістер Ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжі мамандарының шеберлік сыныптарына қатысып, «Әуенді тап», «Ырғақты диктант» атты ойын түріндегі тапсырмаларды орындады. Өнерпаз жеткіншектер өздерінің ән-күйге қабілеттерін көрсетіп, домбыра, скрипка, синтезатор, сыбызғы, сырнай аспаптарында ойнау бейімділіктерін сынап көрді. Колледж оқытушысы Ержан Шайрзатұлы қазақтың қара домбырасы жайында мол мағлұмат беріп, шеберлік сыныбын өткізді. Ал гримм-режиссура бойынша оқушылар сауалдарына колледждің оқытушысы Малика Құрбанбекова егжей-тегжейлі жауап берді.
Халықаралық бағдарламаларға қатыса алады
Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің шәкірттері «WorldSkills» кәсіби мамандар байқауында жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орын иеленсе, шаштараз өнері бойынша өткен ел чемпионатында жүлделі екінші орын алды. Бүгінде алдыңғы қатарлы бұл оқу орны шаштараз өнері, киім үлгісін жасаушы, металл және ағаш өңдеу өндірісі, мейрамхана ісі және туризм саласына қажетті мамандарды әзірлейді. Колледж ашылғалы бері оқу орнынан түлеп ұшқан 12 мың маман қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп жүр. Шәкірттердің «Үлбі металлургия заводы» АҚ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Гидросталь» ЖШС, «Восток мебель» ЖШС, «УК Мебельдрев» ЖШС, «Royal Club Vip Travel» ЖШС, «Премьер» авиатурагенттігі сынды өңіріміздегі жетекші кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа орналасуына мүмкіндіктері бар.
Білім министрлігінің «Алтын кітабына» енген Өскемен экономика және қаржы колледжі оқытушыларының айтуынша, мұнда бәсекеге жарамды кәсіби мамандарды даярлауға арналған материалдық-техникалық база жеткілікті. Заманауи дәрісханалар мен зертханалар тиісті стандартқа сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұның өзі оқушы-жастардың сапалы білім алып, талапқа сай білікті маман атануына кең жол ашады. Экономист-есепші, техник-бағалаушы, маркетолог, техник-бағдарламашы, менеджер, ақпараттық жүйелер, техник-механик мамандығын игеріп шыққан колледж түлектері жоғары білімді Қазақстан-Американ еркін университетінде жеңілдік негізінде алып, «Болашақ», «Акселс», «Айрекс», «Маски», басқа да шетелде оқуға мүмкіндік беретін халықаралық бағдарламаларға қатыса алады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет органдарында жұмыс істеу үшін байқау іріктеуіне үміткер бола алады. Шет тілі мен компьютерлік технологияны тереңдетіп оқытуға негізделген Қазақстан-Американ еркін университетінің колледжі де шет тілі, информатика пәні мұғалімі, кітапхана ісі, дизайн, әлеуметтік жұмыс, қонақ үй шаруашылығы, баспа өндірісі мамандарын даярлайтын өңіріміздегі бірден-бір оқу орны.
-Маған география пәні бұрыннан ұнайды. Ал бүгінгі өткен шеберлік сабақтарынан соң өңіріміздің туризм саласына қызығушылығым арта түсті. Демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасын жақсарта түссе, Шығыстың табиғаты шетелдік демалыс орындарынан кем түспейді ғой. Болашақ мамандығымды туризм саласымен байланыстырамын деп шештім,-дейді облыстық фестивальдан алған әсері жайында баяндаған Меновное орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әнел Оразаева.
Ал бала күнінен ұстаз болуды армандайтын Өскемендегі №27 мектептің 11 сынып оқушысы Дариға Бақытбекова болашақта бастауыш сыныптардың мұғалімі немесе балабақша тәрбиешісі болғысы келетіндігін айтады.
Биылғы облыстық фестивальға аймақтағы колледждермен қатар, техникалық және кәсіптік білім беретін Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің жоғары агротехникалық колледжінің, Семей қаласының мемлекеттік медициналық университетінің оқытушы мамандары да қатысып, оқушы жастардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына бағыт-бағдар беріп, жол сілтеді.
Айжанат Бақытқызы