Жеке көмекшілердің жалақысы қашан өседі?

Облыстың мүмкіндігі шектеулі жандары жеке көмекшініңәлеуметтік мемлекеттік қызметін қоғамдық қорлар арқылы емес, құзырлы мемлекеттік органдардың тікелей көрсетуін қалайды. Сонымен қатар мұқтаж жандар демалыс және мереке күндерінде жеке көмекшілердің қызметінің қолжетімсіздігіне, жол шығынына төленетін жәрдемақының дұрыс есептелмейтініне наразы. Айтыстарына қарағанда, өңірде жеке көмекшінің еңбекақысын қайта есептеу де жүргізілмей отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінде Семей және Риддер қалаларынан келген 1-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенді тобының арыз-шағымдары талқыланды. Департамент басшысының орынбасары Әділхан Сабуровтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстел жұмысына ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен олардың жеке көмекшілері, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды.
Әлемнің 156 елінде, соның ішінде Қазақстанда да мүгедектердің құқықтары туралы халықаралық конвенция ратификацияланған болатын. Риддерлік 1-ші топтағы зағип жан Прасковья Шевченконың сөзіне сенсек, жүрiп-тұруы қиын бiрiншi топтағы мүгедектер үшiн жеке көмекшiнiң әлеуметтiк қызметiн көрсету ережесi Қазақстанда 2005 жылы бекітілгенімен, Риддер қаласында тек 2015 жылдан бері, прокуратураның араласуынан кейін ғана қолға алыныпты.
Шешімін күткен төрт мәселе
Жиында белсенді топ мүшелері өздерінің құқықтары бұзылған төрт мәселені төтесінен қойып, тезірек шешілсе деген өтініштерін жеткізді. Бірінші мәселе –жеке көмекшінің мемлекеттік қызметін құзырлы мемлекеттік органдардың тікелей өздері көрсетуін қалайды.2017 жылдан бері бұл қызмет түрінмемлекеттік сатып алу арқылы қоғамдық қорлар көрсетіп келе жатқан.Ерекше қажеттілігі бар жандар жыл басында конкурс өткенше, төрт айға жуық жеке көмекшінің қызметінсіз қалатындарын айтып шағынды.
–Мысалы, менжалғызбастымын, төрт ай ешқайда шыға алмай қалдым(Жеке көмекшінің қызметі – мұқтаж жанды баратын жеріне апарып-алып келу. А.Е.).Сол себепті біз әлеуметтік бөлімнің өзімен тікелей келісімшартқа отырсақ дейміз. Алайда біздің шағым-тілектерімізге құлақ асып жатқан адам жоқ. Биыл бізге бұл қызметті тіпті қоғамдық қор да емес, жеке бір қор көрсетеді.Бізді наурыз айында осы қормен келісімшартқа отыруға мәжбүрледі. Әйтпесе жеке көмекшілерге жалақысы төленбейді деп қорқытты. Қорларға осы қызметке бөлінген қаражаттың он пайызы беріледі. Мысалы, биыл 24 миллион теңге бөлінген, қор ай сайын 240 мың теңгені ештеңе бітірмей алып отыр. Ал жеке көмекшілердің жалақысы 45 мың теңге, олар болса бізді батпақта да, ақ қар, көк мұзда да сүйрейді, – дейді Прасковья Шевченко.
Осы жерде сөзге Риддер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі басшысының орынбасары Рената Садырбаева араласып, мүмкіндігі шектеулі жандардың «Незабудка» қорының қызметіне көңілдері толмағандықтан, қайта конкурс жариялауға тура келгенін, нәтижесінде аталмыш қызметті көрсетуді «Катализатор прогресса» жеке қоры ұтып алғанын жеткізді. Шағымдар бойынша прокуратура көптеген тексерулер жүргізгенімен, қор жұмысынан ешқандай заңсыздық анықталмапты.
Белсенді топ мүшелері көтерген екінші мәселе –жеке көмекшілердің жалақысын көтеру. Өздеріне қызмет ете алмайтын жандар үшін жеке көмекшілердің қызметі өлшеусіз екені даусыз. Олар –зағиптардың көз жанары, ал жүріп-тұруы қиындық туғызатын жандардың басты сүйеніші. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға берілген медициналық анықтамада 24 сағат бойы күтімді қажет ететіні жазылғанымен, мемлекет осының сегіз сағатына кепілдік беріп отыр. Жеке көмекшілердің жалақысы азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі бойынша мемлекеттік бюджеттен төленеді. Ал бюджет қызметкерлерінің еңбекақы коэффициенті үстіміздегі жылдың 1маусымынан өскені белгілі. Бірақ шағымданушылар жалақының әлі көтерілмегенін айтады.
–Осыған орай біз Қаржы министрлігіне хат жазған едік, олардан «жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылуы тиіс» деген нақты жауап алдық. Әлеуметтік бөлімнің қызметшілері еңбекақыны өсіргендей, бірақ жергілікті әкімшілік қаражат бөлмейді,–дейді тағы да риддерліктер.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаевбұл мәселеге қатысты прокуратураның тексеруінен кейін аудандар мен қалаларға жеке көмекшілердің жалақысын қайта есептеу туралы ұсыныс хат жолданғанын, қазір қайта есептеулер жүріп жатқанын, Риддерде де жүзеге асатынынескертті.
Қызмет алушылар жол шығынын өтеуде де заңсыздықтар орын алып отырғанын жасырмады. Заңда жеке көмекшіге жол шығыны үшін жәрдемақының 15 пайызы төленуі тиіс деп көрсетілген.
–Бұрын Риддерде жолақы 75 теңге болғанда, «Незабудка» қоры үш мың теңге төлейтін. Қазір жолақы 90 теңгеге көтерілді, ал «Катализатор прогресса» жеке қоры бар болғаны екі жарым мың теңге төлейді. Бұл –жәрдемақының 15 пайызы емес,– дейді мұқтаж жандар.
Ерекше жандар мен олардың көмекшілері үшін тағы бір қолайсыздық – есеп бланкін толтыру. Олар барған жерлерінде мөр басқызып, мекеме басшысының қолын қойғызып, әр аттаған адымдарына, сегіз сағатқа толық есеп беруге тиіс екен. Бірақ бұл жерде облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің өкілі Айман Түркенова бұл ереженің дұрыс, қажетті екенін дәлелдеп бергендей болды.
–Қор тапсырыс берушінің шарттарын қабылдайды. Бұл жерде екеуінің қызметіне араласуға болмайды. Оның үстіне,көрсетілген қызметке ақы осы бланкідегі есеп бойынша төленеді. Сол себепті есеп бланкін толтыру-толтырмауды мүгедек жандардың қалауы бойынша өзгертуге келмейді. Оның үстіне, бланк –жеке көмекшінің өзінің көрсеткен қызметін дәлелдеуіне де қолайлы құжат, –деп түсіндірді Айман Түркенова.
«Біздің құқығымыз шектелмесін»
Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың көтерген келесі, ең күрделі мәселесі – демалыс және мереке күндерінде де жеке көмекшінің қызметін пайдалану. Жоғарыда жаздық, бұл топтағы жандарға тәулік бойы күтім қажет. Сол себепті жеке көмекшілер көбінде туыстары болып келеді.
–Көмекші ретінде зайыбы не болмаса аға-әпкесінің болуы–ең алдымен, мемлекет үшін тиімді. Біз сегіз сағаттан кейін оларды тастап, кетіп қалмаймыз. Оның үстіне, мысалы, гемодиализдегі (жасанды бүйрек қызметі) жандарға облыс орталығына аптасына үш-төрт рет бару керек. Ал жол шығыны үшін көмекшіге бар болғаны екі жарым мың теңге өтеледі. Бөтен адам өз қаражатына еріп бара ма? – дейді жеке көмекшілердің бірі Евгения Кудрявцева. Ал шенеуніктердің бұл мәселеде көзқарастары мүлде басқа. Олар Заңда жеке көмекшінің қызметі күніне сегіз сағаттан аспауы керек делінгенін, жеке көмекші жақын туыстары болғандықтан, «онсыз да қарауға міндетті» деген ойларын ашық айтты.
Семейлік 1-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Айгүл Қасенова демалыс және мереке күндерінде жеке көмекшінің болмауын, бланк толтыруды өз құқын шектеу деп түсінеді.
–Менің қай уақытта, қанша сағат көмек алатынымды неге мемлекет шешіп, мені соған мәжбүрлейді?Мәдени-көпшілік шаралар көбінде демалыс күндері өтетіні белгілі. Ал шенеуніктер мемлекеттік органдар сенбі-жексенбіде жұмыс істемейді деген уәж айтады. Сонда мүгедектердің емдеу мекемелерінен басқа баратын жерлері, басқа қызығушылығы жоқ деп ойлай ма? Бланк толтырудада Астана қаласының үлгісін басшылыққа алуға болады,–деген ұсынысын білдірді Айгүл Қасенова.
Белсенді топ мүшелері Атырау, Қарағанды облыстарында демалыс және мереке күндеріне де жалақы төленетінін, олардың бланк толтыруында да өзгешілік бар екенін, еліміздің көптеген аймақтарында жеке көмекшінің қызметін тікелей, делдалдарға 10 пайыз төлемей көрсетуге көшкендерін мысал ретінде келтірді. Өскемен мен Семей қаласынан басқа елді мекендерде инватакси қызметі жоқтығын, оның өзі де үнемі қолжетімді бола бермейтінін, мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамдық көліктерде ешқандай жеңілдіктер қарастырылмағанын да айтты.
–Сіздер көтерген барлық мәселені жан-жақты талқылап, таяу уақытта жауап береміз.Негізгі мәселе–мемлекеттік қызметті делдалсыз, тікелей алу және жеке көмекшінің қызметін демалыс және мереке күндерінде де пайдалану екенін аңғардық. Біз сараптама жасап, қажет болса, қоғамдық бақылауға шығарамыз. Екі апта аралығында жауап береміз, –деп қорытындыладыжиынды департамент басшысының орынбасары Әділхан Сабуров.
Жиын соңында мемлекеттік органдардың өкілдеріне аталмыш мәселелерді шешу үшін нақты тапсырмалар берілді.
Айна Ескенқызы