Экономика

Жедел жәрдем көліктері шығарылады

Cемейде медициналық жедел жәрдем көліктері шығарылатын болды. Бұл Қазақстан мен Оңтүстік Корея үкіметтерінің арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Жедел жәрдем көліктері шығарыладыОсы мақсатқа корейлік «KOIKA» халықаралық байланыстар жөніндегі агенттігі 1 млн. 133,6 мың теңгенің грантын бөлмекші. Семейге арнайы келген қонақтар ең алдымен «Daewoo bus Kazakhstan» ЖШС-ін, онкологиялық орталықты және жедел жәрдем станциясын аралап көрді.

Сөйтіп жобаға ғана емес, нақты тәжірибеге де сүйенетін меймандар Семей зауытының көлік шығаруға толық мүмкіндігі бар екенін байқады. Медициналық жедел жәрдем көліктерінің құрастырылуы 2014-2016 жылдарға жоспарланып отыр.

– Біз «Daewoo bus Kazakhstan» ЖШС-не бірінші рет келіп тұрмыз. Жұмыс барысымен толық таныстық. Зауыттың басшылығы түсіндіргендей, мұнда мүмкіндіктің, яғни, кәсіпорынның толық қуатының 10 пайызы ғана пайдаланылуда. Ал жаңа жобаны қолға алсақ, зауыт өнімі 60-70 пайызға дейін ұлғаймақ. Бұл жерде медициналық жедел жәрдем көліктерін жасайтын құрылғы дайын тұр. Дегенмен, грант бөлуді Корея Республикасының үкіметі шешеді, – деді Қазақстандағы Корей елшісі Хан Сеонг Чжин.

Корей елінің агенттігі мен облыс әкімдігі жыл өткен сайын байланыстарын бекемдеп келеді. 2009 жылы осы «KOIKA» агенттігі көмегінің арқасында жергілікті онкологиялық диспансерге арнайы құрал-жабдықтар, мобильді кешендер сатылып алынып, соның нәтижесінде алыс ауылдағы тұрғындардың денсаулықтары тексерілген болатын.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button