Қоғам

Жедел медициналық жәрдем станциясы ашылды

Жедел медициналық жәрдем станциясы ашылды

Семейде жедел медициналық жәрдем станциясы халық игілігіне пайдаланылуға берілді. Жаңа денсаулық сақтау мекемесінің ашылуына Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қатысты.
– Құрметті жерлестер! Бұл – қала өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі, -деді қала әкімі. – Жаңа жедел медициналық жәрдем станциясы облысымыздағы денсаулық сақтау саласындағы көптеген түйткілді мәселелерді шешуге септігін тигізетіні анық. Тек өткен желтоқсан айының өзінде ғана біз қала көлемінде бірнеше әлеуметтік нысандарды ашып, пайдалануға бердік. Мәселен, 2015 жылы 13-ке тарта балабақша халық игілігіне берілді. Жедел медициналық жәрдем станциясының ашылуы, соның заңды жалғасы іспетті. Осынау жауапты мамандық жолында қызметтеріңіз адал, кәсіптеріңіз оңды болсын деген тілек білдіремін. 2016 жылы да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жаңа жобалар сәтті жүзеге асатыны сөзсіз.
Бұдан соң медицина саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер Елена Батенькова жаңа нысанның пайдалануға берілуі қалалықтар үшін маңызды оқиға екеніне тоқталып, адам өміріне арашашы ақ желең жандардың жұмысына жылы лебізін білдірді.
Жаңа жедел медициналық жәрдем станциясы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған екен. Құрылыс жұмыстары осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Жобаның жалпы құны 1 млрд. 538 млн. 278 мың теңгені құрап отыр. Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес соңғы үлгідегі құрылғылар пайдаланылады. Олар – КИ-3М кислородты ингалятор, ДКИ-Н-10 дефибриллятор-мониторы, Альтон-103 үлгісіндегі ЭК12Т электрокардиографы. Бүгінде Семей қаласы тұрғындарының саны 350 мыңнан асып кетті. Сондықтан жаңадан ашылған жедел жәрдем станциясы тұрғындарға дер кезінде шұғыл көмек көрсету бағытында жұмыс істейтін болады. Бұл өз кезегінде ақ халаттылардың жұмысын оңтайландырып, қызмет көрсету сапасын арттыра түсетіні анық. Жедел жәрдем станциясының ғимараты үш корпустан тұрады. Мұнда диспетчерлік қызметке навигациялық жүйемен жабдықталған кең әрі жайлы орын қарастырылған екен. Бұған қоса, ұжым қызметкерлеріне де барлық жағдай талапқа сай жасалған. Ал түрлі жиын, басқосуларды өткізуге арналған конференц-зал 150 адамға арналған.

Раушан Нұғманбекова
Семей

Осы айдарда

Back to top button