Қоғам

Жедел қимыл арнайы жасағына – 15 жыл

Жедел қимыл арнайы жасағына – 15 жыл


Қаладағы «Динамо» спорт кешенінде ІІМ жедел қимыл арнайы жасағының құрылғанына 15 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты жиын Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімі оркестрінің орындауындағы Әнұранмен ашылды.

Семей қалалық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Дулат Қазақпаев жиынды өзінің құттықтау сөзімен жалғастырды.

– Жедел қимыл арнайы жасағының қызметкерлері – қылмыстың күрделі түрімен және терроризммен күресте алғашқы орында тұратын адамдар, ел мен жер қорғайтын нағыз ер-азаматтар, – деді ол өз сөзінде. – Сондықтан да олар моральдық және денешынықтыру жағынан тәулігіне 24 сағат дайын болуы қажет.
Бұдан әрі қызметтік міндетін жауапкершілікпен орындап, қажырлы еңбегі және танытқан белсенділігі үшін Семей қалалық ІІБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Құлжанбеков, ЖҚАЖ рота командирі Ербол Ризин және жедел қимыл арнайы жасағының ардагерлері, қызметкерлері Алғыс хаттармен марапатталды.

– Жедел қимыл арнайы жасағы – Семей қалалық ІІБ қарамағындағы құрылым, – деді баспасөз қызметінің жетекшісі Елубек Оспанов. – Олардың міндеттері қоғамдық тәртіпті күзету, кәнігі құқықбұзушылықтың жолын кесу және қаруланған қылмыскерлерді ұстау болып табылады. ЖҚАЖ қызметкерлері қауіпті қылмыскерлерді ұстауға, кепілгерді босатуға, сондай-ақ мәдени-көпшілік, ойын-сауық шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысады. Жасақтың құрылған уақытынан бастап жедел қимыл арнайы жасағы қала аумағында үздіксіз жауынгерлік міндеттерді орындап келеді.

Аталған жасақтың рота командирі, полиция майоры Ербол Ризиннің айтуынша, аталмыш салада жұмыс істегісі келетін үміткерлерге қойылатын талап ерекше. Ең бастысы, қайраттылық, жігерлілік, мамандықты жақсы көру, батылдық және өте жақсы денешынықтыру даярлығы болу керек. Сондықтан оған спорттық разрядтары бар және жекпе-жектің әр алуан түрлерін меңгерген маманданған спортшылар іріктеледі.

«Динамо» спорт кешенінде өткен салтанат барысында кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елдар Бауыржанұлының басшылығымен құрамында бокс, самбо, дзюдо, қазақша күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері және спорт шеберлігіне үміткерлерден жасақталған ЖҚАЖ қызметкерлері арнайы көрсетілім өткізді.

Салтанатты іс-шарадан соң шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. Турнирге жедел қимыл жасағынан екі команда, 5511 әскери бөлімінен, желілік ішкі істер басқармасынан, М.Әуезов атындағы полиция бөлімінен, Семей қалалық ТЖБ, ОВ 156/6 мекемесінен және жол-патрульдік полиция батальонынан командалар қатысты.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button