Қоғам

Жеңілдік кезеңі наурыздың соңында аяқталады

   Ағымдағы жылдың бірінші сәуірінен бастап сақтандырылмаған азаматтарға кепілдендірілген тегін медициналық көмектен басқа медициналық қызметтер ақылы болады. Бұл жайында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының директоры Ғалымжан Әбілов брифингте ескертті.  Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі жұмысының бірінші айының қорытындысы шығарылды.

2020 жылға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша  филиалы 103 медициналық ұйыммен келісімшарт бекіткен, олардың 61-і мемлекеттік меншікте (60%) және 42-сі жекеменшік (40%) клиника.

Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген бірінші айдың қорытындысы бойынша консультациялық-диагностикалық қызметтерді пайдаланудың артқаны байқалады.

– Медициналық ұйымдар медициналық сақтандыру шеңберінде ғана 280 мыңнан астам медициналық көмек көрсеткен, оның ішінде 53 пайызы арнайы мамандардың кеңес берулерін құрап отыр, аспаптармен зерттеу (УДЗ, ЭКГ және басқалары) 16 пайызды, зертханалық зерттеулер, соның ішінде генетикалық зерттеулер – 22 пайыз, стоматологиялық көмек 7 пайызды құрады,  – деді қор филиалының директоры Ғалымжан Нұржаубайұлы.

Қаңтар айында медициналық сақтандыру жүйесінде облыстың 421 тұрғынына қымбат тұратын диагностика – КТ және МРТ жасалыпты. МӘМС пакеті бойынша 1600 пациентке стационарлық көмек, 2 мыңнан астам пациентке стационарды алмастыратын көмек көрсетілген. Сонымен бірге пациенттерді жоспарлы емдеуге жатқызу 26 пайызға артқан, ал шұғыл емдеуге жатқызу 12 пайызға төмендеген. Науқастардымедициналық оңалту және қалпына келтіру емі бірнеше медициналық ұйымдарда көрсетіледі. Бұл бағыттағы  қызметтердің барлық түрлері мен бейіндері бойынша өсуі байқалады.

Қор филиалы директорының айтуынша, облыстың медицина саласын қаржыландыру көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 35 пайызға артты және 101 млрд.теңгені құраған. Оның ішінде 72 млрд. теңге кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінсе, МӘМС пакеті 29 млрд. теңгені құрайды.  Ғалымжан Әбілов сонымен қатар бүгінгі таңда әлі сақтандырылмаған азаматтар туралы ескертті. Облыста 32 мың осындай тұлға бар.

–Біз олардың кімдер екенін білеміз. Сегіз мыңы Ресей Федерациясына көшіп кеткен. Тағы тоғыз мыңы республикадан тысқары жерлерде. Біз әлі сақтандырылмаған азаматтарға 31 наурызға дейін ғана уақыт бар екенін ескертеміз. Өздеріңізге белгілі,  ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар ТМККК және МӘМС пакеттері аясында медициналық қызметтерді дәл қазір тегін алып жүр. Бірақ 1сәуірден бастап жағдай өзгереді. Жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін, сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмек алуды жалғастыра береді, ол тек медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ғана, қалған қызметтер ақылы болады. Сондықтан 31 наурызға дейін МӘМС жүйесінде сақтанушының мәртебесін алу маңызды. Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелуі керек, – деді Ғалымжан Әбілов.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button