Қоғам

Жазықсыз жапа шеккен жиырма сегіз

Жазықсыз жапа шеккен жиырма сегіз

Тәуелсіздік алған жылдардан бері тарихымызды түгендеп, өткенімізді зерделеп, өшкенімізді қайта тірілтіп жатқанымызға тәубе дейміз. Сондай тарих парақтарының бірі 1937-1950 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін кезеңдерін зерттеп жүрген тарихшылар мен өлкетанушылар баршылық. Сол бір аласапыран, аумалы-төкпелі заман қазақтың басына қара бұлт үйіріп, сан мыңдаған отбасын ойран етті. «Ағылшын, неміс, жапон тыңшылары (шпиондары), контрреволюциялық фашистік ұйымдардың мүшелері» деген жалған жаламен талай аяулы азаматтар атылып, енді біреулері «итжеккенге» айдалды. Қанды оқиғалар туралы үнсіз сыр шерткен сол бір қасіретті кезеңнің куәсі – мұрағаттағы құжаттарды ақтарып отырып, өзегіме өксік тығылды. Сол кездегі шаш ал десе, бас алатын «тоңмойын тергеушілердің» кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйымдарды ойдан құрап, қиюластырғаны жаныңды түршіктіріп, жағаңды ұстатады.

Райымжан Мәрсековпен қандай байланысы болған?

Тергеушілердің тексеріп, дәлелдеулеріне қарағанда өкіметке қарсы мұндай ұйымдар ауданда болса, олардың басшысы Өскеменде болған екен-мыс. Ал облыс орталығы тапсырманы республикадан алып отырған деп өтірікті қиыннан қиыстырады. Мәселен, мұрағаттағы мына құжат, Ұлан ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы Әбдірахман Айдарбековтің осы аудандағы «контрреволюциялық фашистік ұйымның басқарушысы» ретіндегі жеке құжаты. Онда мынандай мәліметтер келтірілген.

Әбдірахман Айдарбеков 1891 жылы туған, 46 жаста. 1937 жылы 8-қыркүйекте жауап алынды.1925-1936 жылдары БКП (ВКП) мүшесі болды. 1936 жылы шетелде жүрген Мәрсеков Райымжанмен (Алаш қайраткері) хабарласты деген айыппен партиядан шығарылған.

Отбасы мүшелері:
Айдарбекова Айтбөбе – әйелі, 35 жаста
Айдарбеков Ағзам – ұлы, 13 жаста
Айдарбекова Задаш – қызы, 5 жаста
Айдарбеков Болат – ұлы, 3 жаста
Айдарбеков Жанат – ұлы, 8 айлық
ШҚО үштігі Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) 1937 жылдың 20 қазанындағы шешімімен ату жазасына кесілген. Анықтамада 1937 жылдың 4-желтоқсанында, түнгі сағат 12:00-де атылды деп жазылған.

Құжатта Ә.Айдарбековпен байланыста болғандардың саны 40 адамдай деп көрсетілген. Олардың 28-і сотталған. А.Айдарбековпен бірге сотталған азаматтардың құжатта көрсетілген аты-жөндерін ел назарына ұсынғанды жөн көріп отырмын. Жарияланған тізім бойынша жоғалтқанын тапқан ағайын болса, азаматтарының аруақтарына дұға жасар деп үміттенемін. Бұл азаматтардың аты-жөнін осы құжатта жазылғаны бойынша түзетпей жариялап отырмыз. Сондықтан жазылу барысындағы жіберілген қателер біздің тараптан емес екенін ескерте кеткенді жөн көрдік. Құжаттар сан жылдар бойы мұрағатта сақталып келе жатқандықтан, қайсыбіреулерінің жазулары көмескіленген. Бірқатар адамдардың аты-жөндері жазылмаған. Сонымен:

1. Айдарбеков Абдырахман – атылған, 1891жылы туған.
2. Жангазин Кабыш – атылған, 1907 жылы туған.
3. Ильясов Сайма – 1893 жылы туған.
4. Бураханов Шакен – 1896 жылы туған.
5. Жанузақов Каймулда – 1888 жылы туған.
6. Таксамбаев Уашкан – 1884 жылы туған.
7. Сейсенов Егизбай – 1879 жылы туған.
8. Нургазинов Буракан – 1890 жылы туған.
9. Букарбаев Мухамадия – 1874 жылы туған.
10. Дюйсембинов Нургамиля- 1879 жылы туған.
11. Бакаев Кошкен – 1905 жылы туған.
12. Смагулов Зарип – 1898 жылы туған.
13. Айкайбаев Сыдык – 1879 жылы туған.
14. Шегиров Уалия- 1875 жылы туған.
15. Ельганов Нурмухамет – 1902 жылы туған.
16. Тоймбаев Жакыпбек – 1880 жылы туған.
17. Сембинов Акыльжан – 1897 жылы туған.
18. Калиев Рахим – 1909 жылы туған.
19. Айтыков Курманбай – 10 ж. 1889 жылы туған.
20. Аязбаев Магавыя – 10 ж. 1893 жылы туған.
21. Атымтаев Шакирт – 10 ж.
22. Кабкенов Сапар – 10 ж. 1906 жылы туған.
23.Мейраков Нурсагила -10 ж. 1912 жылы туған.
24.Шаматаев Асет – 10ж. 1904 жылы туған.

По решении 20.ХІ. 1937 год тройки УНКВД расстрелены:

25.Асылбаев Кокбай – расстрелен 16.Х.1937 г.
26.Трсеков Ескендр – расстрелен 16.Х.1937 г.
27. Мұсафиров Құсаин – расстрелен 16.Х.1937 г.
28.Намазбаев Халель – расстрелен 16.Х.1937 г.

Берия мен Хрущевқа хат жазған

Жазықсыз құрбан болған бұл адамдардың арын ақтап, есімдерін еліне оралту арқылы тарих беттерін жалған деректерден тазарту бүгінгі ұрпақтың парызы екенін әрқайсымыз білеміз. Мені мұрағатқа апарып, шаң басқан құжаттарды ақтаруға мәжбүр еткен де осы еді. Сондықтан елі үшін еңбек етіп жүріп, жазықсыз жапа шеккен бұл азаматтардың тауқыметті тарихына тереңірек үңілгенді жөн көрдім.

Жоғарыдағы 28 азаматтың Кеңес үкіметіне «жау» екендігін дәлелдеп, «атқамінер, бай, молда, бұрынғы ауылдың старшинасы, Марсековтің қолдаушысы» деген жалған жалалар жабылған. Сол кездегі Кеңес өкіметінің тергеушілері осы 28 күнәсіз адамды өздері таққан жалған айыптары, яғни олардың контрреволюциялық фашистік ұйым құрғандары бойынша қалай мәжбүрлеп айтқызғандарын келесі оқиғадан-ақ білуге болады.

Сондай жазықсыз жапа шеккендердің бірі – Сапар Қабыкенов – Ұлан ауданының тұрғыны. Ол жазасын 10 жыл Амурлагта (Амур теміржолы еңбекпен түзеу лагері) өтеуге кесілген. Жазасын өтеп жүргенде сол кездегі КСРО ішкі істер министрі Л.Берияға хат жолдайды. Сол хатында: «мені тоғыз тәулік бойы аяғыма тік тұрғызып қойып тергеушілер кезек-кезек жауап алды. Соңында шыдай алмай жазғандарының бәріне қол қоя салдым. Бірақ сотта сол айтқандарымды қанша жоққа шығарсам да, 10 жылға соттады» деп жазған. Осылайша, А.Айдарбековпен ешқандай байланысы болмағандар да ауыр жазаны арқалап, итжеккенге айдалып кете барады. Жазасын өтеп оралған соң КСРО бірінші хатшысы Н.Хрушевқа жазған хаттары, құжаттары сақтаулы.

Жоғарыда көрсетілген тізімдегі азаматтардың қайсысын алсаңыз да, қолдарынан іс келетін білікті, көкірегі ояу, көзі қарақты адамдар. Мәселен, солардың бірі – Мусафиров Құсайын кезінде ауыл старшинасы болған. Ұлан ауданы, Мырзат ауылының тұрғыны.1927-28 жылдары белгілі ғалым Сәрсен Аманжолов осы Мусафировтың үйінде үш күндей болып, Бөгенбай батыр туралы жырды өз аузынан жазып алған екен. Жыр 4028 жолдан тұрады. Міне, осы деректен-ақ нақақтан «халық жауы» атанған адамның қандай дарынды әрі ұлтшыл азамат болғанын білуге болады.

Үйінен Байтұрсыновтың кітаптары табылған

Жалған жалалы болған келесі бір адам Намазбаев Халел Қараөзектің тұрғыны. Мұғалімдік қызмет атқарып, жергілікті жұрттың сауатын ашуға атсалысқан зиялы азамат. Осындай ағартушы азаматты тізімде «атқамінердің баласы» деп көрсеткен. Х.Намазбаевтың үйін тінткен кезде тәркіленіп алынған 15 кітаптың атауын да тізімде көрсетіпті.Құжат орыс тілінде толтырылған екен. Бұл құжатты да ағайын назарына сол күйінде ұсынуды жөн көрдім.
При обыске у Намазбаева Халела изьяли:

1. «Тіл құралы» (грамматика каз. языка) арабском шрифте.
Издание 1927 год. Автор Байтурсынов Ахмет. 42 л.
2. «Әліппе астары». Арабском шрифте. изд. 1928 г. Байтурсынов Ахмет.
3.«Тіл құралы». Издание 1925 г. – Байтурсынов А.
4. «Тіл жұмсар» (практическая грамматика) арабском шрифте. Изд. 1928 г. Ахмет Байтурсынов.
5. «Тіл құралы» . Изд. 1923 г. Ахмет Байтұрсынов.
6. «Қазақстанда халық ағарту мәселелері»
О состоянии и перспективах дела народных образования в Казахстане» – автор Садвакасов Смагул, 1927 г.
7. «Есеп – кұралы» (Задачник) изд. 1927 г. Арабском шрифте. Автор Дулатов Міржақып.
8. «Жаңа әліппе жолында» (На паути к новому алфавиту). Арабском шрифте издания 1927 года под редакцией К. Тоқтабаева и М. Мұрзина.
9. «Тәрбиеге жетекші» (Бала оқытушыларға). Педагогическое руководство – для учителей и мугалимов) арабском шрифте изд. 1924 года. Автор Аймауытов Ж.
10. Записная тетрадь с выписками песен и стихотворении за 1928 год арабском шрифте (рукописи).
11. Удостоверения Таинтинского с/с в том, что Намазбаев Х. действительно учитель
12. Записная книжка с записями арабском шрифте (рукописи).
13. Справка об освобождении Намазбаева из под стражи.
14. Письмо Галлама 1936 года на имя Намазбаева Х.
15. Письмо Дутбаева от 12.ХІ.36 г. на имя Намазбаева Халела.
1937 г. 5 августь.
Тағы бір құжатта былай деп жазылған:

Асылбаев Көкбай алғашында милицияда жұмыс істеп, кейін мектеп директоры қызметіне ауысқан. Партия қатарында болған. Меншігінде бір сиыры бар. Туған жері «Социалды-Қоғам» колхозы. Жұбайы Қазина екеуінің отбасында төрт ұлы, бір қызы бар.

Құжаттарда көрсетілген деректерге сүйенсек, жалалы болған 28 адамның барлығының отбасында небәрі бір жылқы, бір сиыр, әрі кеткенде 5-6 қой-ешкісі ғана болған. Осы 28 азаматтың Алматыдағы сол кездегі өкімет басшысы Ұзақбай Құлымбетовпен байланысы бар деп есептеген. Облыстық атқару комитетінің төрағасы Нұрмағамбетов және облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Баймағамбетов арқылы аудандардың, ұйымдардың барлығын осыларға бағындыртады. Сондай-ақ, саяси жұмыстарды ағайынды Райымжан, Шерияздан Мәрсековтер арқылы ұйымдастырады дегенге келтірген. Өз жауаптарында А.Айдарбеков Райымжан Мәрсековті немесе Шерияздан Мәрсековті көрдім деп бірде-бір рет айтпаған. Ал Шерияздан Мәрсековқа «Қызыл Кесік» ауылдық кеңесінің төрағасы Сетқанов Болатбек 1931 жылы бір рет көмектескен көрінеді. Міне, мұрағаттағы құжаттар осылай дейді.

Қуғын-сүргін қасіретіне алдағы 2017 жылы 80 жыл толады. Сол бір зобалаң заманда елдің еңсесін көтерейік деп жанталасып жүріп, нақақтан жала арқалаған асыл азаматтарымыздың есімін еліне оралту бағытында алдағы уақытта да зерттеу жұмыстары белсенді жүргізіледі деп үміттенеміз. Бұл бағытта тарихшылармен және зерттеушілермен бірге санасында сәулесі бар әрбір азамат атсалысса да артық болмайды.

Мұрағатта тұншығып жатқан тарих парақтарына тыныс беріп, шаңынан арылтайық! Бұл орайда мұрағат қызметкерлері де белсенділік көрсетіп, сол ақтаңдақтардан аршылған ақпараттарды ағайынға жеткізгені абзал.

Алдияр Әубәкіров

Осы айдарда

Back to top button