Қоғам

Жазылған соң бір жылға жазылу керек қой

Жазылған соң бір жылға жазылу керек қой

«Қазпоштаға» барып, газет-журналға жазылып шығып келе жатсам, соңымнан ере шыққан танысым:
– Дағдарыс келе жатқанда (кризис деді, мен қазақшалап отырмын ғой), ел қап-қап қант пен ұн жинап жатса, сенікі не? Неше қап ұн мен қант алуға болатын ақшаға қағаз тамақ болатындай газет пен журналға жазылып басыңа не күн туды? «Біреулер тойып секіреді, біреулер тоңып секіреді» деген осы екен ғой, – деді ренжіп. Өзі көзі кіртиіп, аузы бұртиып, қабағы түйіліп, мен бірдеңені бүлдіріп қойғандай, бүлініп-ақ тұр. Қайран, қазекем-ай, ақша өзінің емес, біреудің қалтасынан шыққанға да іші сонша ашып қынжылады дейсің.
– Мектепке міндеттелген газет-журналдар бар екен, директорым Э.Артамбаева бірнешеуіне жазылыңызшы деп өтініп еді. Әрі газет пен журнал да қажет қой, – дедім мен де ақталғандай, ағымнан жарылып.
– Енді қанша ақша шығарып, бір жылға бір-ақ жазылмай, 2-3 айға жазылып қоя салмадың ба? – деп одан бетер аптығын баса алмай, апшымды қуырып жатыр танысым. Қанша айтқанмен өзінше маған жаны ашып тұр ғой. Мұндай ақылды айтатын адам да, айтпайтын адам да бар ғой. Танысымның сөздерінен кейін кәдімгідей ойланып қалдым. Шынымен де бірдеңеден құр қалғандай 1 жылға бір-ақ жазылғаным қай сасқаным.
Десе де, дағдарыстардың талай өткелінен өткен халықпыз ғой. Қиындық деп қанша айтқанымызбен, қазір елімізде тоқшылық заман. Қарынның ашқаны ештеңе емес, ең бастысы, қадіріміз қашпасын. Бәрінен бұрын ұлылар айтатын рухани аштықтан сақтасын! Газет-журнал дегеніміз – рухани азық қой! Азығымыз көп болсын, ағайын! Облыстық «Дидар» газетіне бір адамдай жазылайық!

Жұмабақыт Рахметова

Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button