Қоғам

Жазықсыз жапа шекендердің рухына тағзым ету – перзенттік борышымыз

31-мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы атаулы датаға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялады.

Үндеуде саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы толыққанды ақпарат қысқа да нұсқа айтылған. Үндеуді оқыған жас та, кәрі де, өзге ұлт өкілі де 31-мамырдың қазақ үшін қаншалықты маңызды күн екенін түсінеді. Мемлекет басшысы айтқандай, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шаралар жүзеге аса бастады.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары туралы зерттеулер жүргізіліп, ғалыми мақалалар, деректі фильмдер, түрлі телевизиялық бағдарламалар дайындалды. Бұл зиялы қауымның және ата-бабамыздың ерлігін жастардың санасына терең сіңіруге жасалып жатқан дүние деп білуге болады.

Мемлекет басшысы үнеуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға қатысты еңбегін де атап өтті. Яғни 1997 жылы Елбасы  Жарлығымен 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Міне, сол уақыттан бері біршама жұмыстар атқарылғанына куәміз. Мемлекет басшысы айтқандай, өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шекендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз.

Бейбітгүл Тақатқызы
Саржыра орта мектебінің директоры

Осы айдарда

Back to top button