Қоғам

Жазғы лагерьге жатақханасын ұсынып отыр

Жазғы лагерьге жатақханасын ұсынып отыр


Жарма ауданындағы бес бірдей елді мекеннің балалары жазғы демалысын Шалабай ауылының іргесінде өткізіп жатыр. «Шалабай» ЖШС жұмысшылардың вахталық қонақүйін жеткіншектерге жазғы лагерь ретінде тегін ұсыныпты.

Әуезов кенті мен Шалабай ауылынан, Қоңырбиік, Бірлік, Қарасу елді мекендерінен жиналған 25 оқушы мұнда 10 күн жатып демалады. Осылайша, уақытша лагерь бір айдың ішінде 75 баланы қабылдамақ. «Шалабай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл нысан жазғы мезгілде бос тұратындықтан, балалардың демалысына ұсынып отыр. Лагерьдің барлық қызметі тегін. Азық-түлік шығынын да серіктестік өзі көтеріп отыр. Күніне бес уақыт тамақ беріледі. Балаларды ертіп әкелген педагогтерде мұнда ақысыз тұрып жатыр. Шалабай ауылының Н.Крупская атындағы орта мектептің оқушыларын ертіп келген математика пәнінің мұғалімі Ғибрат Қаулан он күн ішінде балалардың уақытты өте пайдалы өткізуіне барлық жағдай жасалғанын айтады.

-Лагерьдің күн тәртібін аудандық білім беру бөлімі бекіткен. Түрлі ойындар мен сайыстар өткізіп тұрамыз. Кешенде шахмат пен дойбы, бильярд, стол теннисін ойнайтын залдар қарастырылыпты. Аулада доп тебетін шағын алаң құрылған. Кешкісін шағын би кешін ұйымдастырып жүрміз. Мүмкіндіктің молдығы біздің де жұмысымызды жеңілдеткенін айту керек, – дейді ол.

Жазғы демалысын достарымен өткізіп, өзөге ауылдардан жаңа таныстар тапқан жеткіншектер де «Шалабайдың» мұндай сыйлығына дән риза.
-Лагерьде жасалған жағдайға жоғары баға беремін. Әсіресе, футболдан жиі жарыс өткізетіні ұнайды. Еуропа чемпионаты кезінде біз де өз ішімізде біріншілік өткіздік. Өзім осындағы турнирдің үздік футболшысы атандым, – дейді Шәкәрім Мамутов есімді оқушы.

Оқушыларын жазғы лагерьге апарар қаржы таппай қиналатын Қарасу, Қоңырбиік, Бірлік сынды шағын елді мекендер үшін бұл жоба үлкен демеу болғаны анық. Аға буынның осындай мәрттігін көріп өскен балалардың ішінен күні ертең ауылына қарайлай жүретін нағыз азаматтар шығатыны анық.

Есімжан Нақтыбайұлы
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button