Жазушы Әубәкір Нілбаев кітапты сыйға тартты
Кеңестік кезеңде ауыл жұрты, оқушылар, студенттер кітапханадан шықпайтын, жаңа шығармаларды іздеп жүріп оқитын. Ал қазіргі жастар ше? Бұл сауалды Зайсан ауданындағы орталық кітапханада болғанымызда, мекеме директоры Раиса Самархановаға қойған едік.
– Қазір ересектер де, жастар да кітапханаға жиі келеді. Ауданның барлық елді мекендерінде, яғни, сегіз ауылдық округте кітапханалар жұмыс істеп тұр. Аудан бойынша кітап қоры 105 мың дана, ал бізде 46700 кітап бар. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың директоры, «Құрмет» орденінің иегері Хабиба Ақжігітова бізге үнемі көмек көрсетіп тұрады, 2012 жылдан бері сол кісінің қамқорлығы нәтижесінде «Ирбис» бағдарламасы бойынша электронды каталогқа кітап тізімі енгізілді, келіп кітап оқимын деген оқырмандар қажетті оқулықтар мен көркем шығармаларды әп-сәтте тауып алып жатады. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы бойынша экранымен үш бейнепроектор сатып әперді. Қазір мемлекеттік қызметкерлер және жоғары мектеп оқушылары тест тапсырамын десе, білім сапасын бізде тексере алады. Аудандық кітапханада және Қараталдағы кітапханада «Он – лайн» кестесі бойынша қызмет көрсетуде. Бұл күндері тек Зайсан қаласы бойынша 4300 ересек, бір жарым мың оқушы кітапхана қызметін пайдалануда, – деді кітапхана директоры.
Кітапхананы араладық. Сөрелердегі кітаптар ұқыппен жиналған, тазалық байқалады. Мұнда қазір жеті кітапханашы қызмет етеді. Жалақылары биылдан бастап 40 пайызға өскен. Алыстан көз тартатын бір бұрышта «1928 жылы Зайсанда дүниеге келген, Зайсан ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нілібаев Әубәкір Дастанұлы өзінің туған өлкесіне жеке кітаптар қорын сыйға тартты» деген жазу алыстан көз тартады.
Алматылық қаламгерлер Әубәкір ағамыздың кітап қорының молдығы жайында жыр қылып айтатынын сан мәрте естігенбіз. Осыдан алты жыл бұрын қаламгер ағамыз Зайсанға келген сапарында ақыннан жеке кітапханаңызда қанша кітап бар деп сұрағанымызда, сақтық жасап, шынын айтпаған, тек менен кітап қоры көп бір-екі адам ғана бар деп жымиған. Өзінің сексеннен асқан ғұмырында байлық емес, кітап жинаған Әубәкір Дастанұлы соңғы рет кіндік қаны тамған өлкесіне келгенде жеке кітап қорынан 400 кітапты сыйға тартыпты. Кітап болғанда қандай, қолға түсе бермейтін шетелдік классиктердің, атап айтқанда, Фирдоуси, Навои, Александр Блоктың сирек кездесетін жырлары, Тагордың бірнеше томдары енді Зайсан ауданы тұрғындарының игілігіне арналған. Қазақтың белгілі ақыны, үндінің Тагор атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты Нілібаев ағамыздың өнегелі ісін басқалар жалғастырып жатса, қанеки, дейміз де.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында аудандық кітапхана тағы бір игілікті шараны қолға алыпты. Кітапхана қызметкерлері ауылдарды аралап, жерлес жазушылардың шығармаларының көрмесін өткізе бастаған. Жақында Үлкен Қаратал ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз Оразбай Тұрғанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуында кітапхана директоры Раиса Самарханова жерлес ақын-жазушылардың кітап көрмесін ұйымдастырды.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.