Жазушы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

Өңірдің көзі қарақты оқырмандарына өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап «Коммунизм туы» (бүгінгі «Дидар») және «Рудный Алтай» газеттеріне жарияланған өткір де деректі мақалалары мен тарихи әңгімелері арқылы есімі кеңінен танылған, қос тілде бірдей еркін көсіле қалам тербеген белгілі журналист, майдангер Меңғали Мусин тірі болса, биыл тоқсан жасқа толареді.
Қаламгер артына баға жетпес мол мұрасын қалдырып, 2011 жылы дүниеден өткен-ді. Бүгін облыс орталығында онымен бірге қызметтес болған әріптестерінің, көзін көрген замандастарының, қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйтқы болуымен Өскемендегі Киров көшесі, 39 мекенжайындағы кезінде өзі тұрған екі қабатты үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Тақтаға суретімен бірге «Бұл үйде атақты жазушы Мусин Меңғали Шаймарданұлы тұрған және қызмет еткен» деген жазу қашалған.
Келешек қалам ұстар жастарға тәлім-тәрбие боларлық мәні терең шараға жазушы-өлкетанушының шығармашылығын сыйлайтын аймақтағы жазушылар, журналистер, ардагерлер, жастар көп жиналды. Меңғали Шаймарданұлымен заманында бірге қызмет істескен аға буын журналистер, бүгінгі билік өкілдері қаламгер жайындағы естеліктерімен бөлісті.
– Меңғали ағамен өткен ғасырдың сонау 1964 жылдарынан бастап облыстық «Коммунизм туы» газетінде бірге қызмет еттік. Аға осы үйде тұрған жылдарда редакция Орджоникидзе көшесі, 38 мекенжайында болатын. Оның шығармашылығы туралы ұзақ айтуға болады. Кеңестік заманның еншісінде қалған ұзақ жылғы қажырлы еңбегін айтпағанда, тәуелсіздік жылдарының өзінде газет бетінде лайықты журналистік зерттеулерін қалдырды. Екі облыстық газеттің жаңа шыққан әр нөмірін соңғы нүктесіне дейін қалт жібермей оқып, ондағы мақалаларға қатысты пікірін, кемшін тұстарын редакцияға келіп тұрып ашық айтатын. Сын материалдарды да шынайы түрде жазатын. Әрине, мұның бәрі оқырманның көңілінен шыққанымен, биліктегілерге жақпай қалатын кездері де көп болды. Әрбір мақаласын мұқият талдап, зерттеп, тарихи деректермен тұздықтап барып жарыққа шығаратын. Өте әділ, өте қатал, нақты ұстанымның адамы еді. Сол кездегі жастар – біздер бәріміз де ағаны ұстаз тұттық, айтқандарынан сабақ алуға тырыстық. Сондықтан Меңғали ағаның шығармашылық өмір жолы облыс оқырмандарының есінде ұзақ сақталатын болады, – деді Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы Жұмәділ Әділбаев.
Салтанатты шара барысында қайта қалпына келтірілген қос қабатты үйдің көше жақ бетіне орнатылған қаламгердің ескерткіш тақтасы ашылып, Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш, облыстың Құрметті азаматы Ленста Әубәкірова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Лео Шик, тағы басқалар жастар алдында жазушы жайында жылы естеліктер айтты, оның қайраткерлік тұлғасынан үлгі алуға шақырды.
– Меңғали ағаны бала кезімізден білеміз. Ол кісі 1927 жылы тамыз айында Үлкен Нарын ауданының Нұғыман ауылында дүниеге келген. Кейін Самар ауданының Казнаковка ауылында бастауыш мектепті бітірді. Аттестатты Үлкен Нарын ауданындағы Жұлдыз орта мектебінен алды. Алғаш рет Меңғали Шаймарданұлы қазақ тілінде күнделік жүргізе бастады. Ал 16 жасында «Жамбыл», «Партизандар» атты поэмалары жарық көрді. Бұл шығармалары жазушының жеке мұрағатында сақталған. Он жеті жасында әскер қатарына алынып, одан әрі Ұлы Отан соғысына қатысып, аман-есен оралды. Облыстық басылымдарда көптеген мақалалары шығып, оннан аса кітабы жарық көрді. Орысшаға да, қазақшаға да жетік болғандықтан, «Коммунизм туы», «Рудный Алтай» басылымдарында тілші болып қызмет істеді. Үнемі өмірдің шындығын жазуымен ерекшеленді. Сонысымен де оқырмандар ықыласына бөленді, – деді өз естелігінде Үлкен Нарын ауданында 31 жыл мектеп басқарған ардагер ұстаз, бүгінде облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі Нұрғожа Кериянов.
Ал салтанатты шараның бастамашысы болған аймақтағы «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің мүшесі, танымал ақын, жазушы, қалалық «Мой город» азаматтарды қорғау қорының директоры Геннадий Пуссеп Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай өңірдегі майдангерлер туралы жинақ шығаруда Меңғали Мусиннің еңбегі зор болғанын айтып, оның атына алдағы уақытта Өскеменнің орталығынан немесе облыс орталығының жаңа ықшам аудандарының бірінен көше берілсе, шығармалары жас буынға лайықты насихатталса деген ұсынысын білдірді.
Дәурен Аллабергенұлы