Жазушы шығармаларын сахналады

Катонқарағай ауылындағы С.Ластаев атындағы орта мектепте аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, оның ішінде аудандық мемлекеттік және басқа тілдерді дамыту орталығының ұйытқы болуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жерлес жазушы Қалихан Ысқақты еске алу құрметіне орай, «Қара сөздің һас шебері» атты жазушы шығармаларын сахналаудан аудандық байқау өтті.
Есімі қаймана қазаққа танылған қаламгер есімін ұлықтап, қазақ әдебиетінің құнды мұраларын қалың оқырманға кеңінен насихаттау мақсатында осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі шараға Катонқарағай, Белқарағай, Өрел, Жамбыл, Новохайрузовка, Аққайнар, Новополяковка, Алтынбел ауылдық округтерінің өнерпаздары қатысты.
Жазушыны еске алуға арналған шаралар осы күні әуелі Топқайың ауылдық мектебіндегі қаламгердің кеуде мүсін-ескерткішінің алдында өткен салтанатты жиыннан басталды. Онда жиналғандарды игі шараның өтуімен құттықтаған «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайыржан Сәдуов жерлес жазушы Қалихан Ысқақтың қазақ әдебиетіндегі алатын орнын, оның теңдессіз суреткерлік қарымы туралы кеңінен айтты. Одан соң мектеп оқушылары шағын концерттік бағдарлама ұсынып, артынан ауданнан келген бір топ делегация және жергілікті тұрғындар жазушы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ жиынға қатысушылар мектеп қабырғасында орналасқан Қ.Ысқақ мұражайында болып, ондағы жазушының жеке өмірі мен шығармашылығында қолданған заттармен танысты.
Кезек Катонқарағайдағы байқауға да келіп жетті. Мұнда көпшілік алдында сөз алған ауданның Құрметті азаматы, жазушы, ақын әрі журналист Жәнібек Қызыр мұндай іс-шараның ұйымдастырылу деңгейі әрқашанда жоғары болуын, барлық ауылдық округтердің атсалысуына тілегін білдірді.
Сонымен, биылғы байқау үш кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар жазушының туындыларынан алынған үзінділерінен сахналық көрініс көрсетсе, екінші кезеңде қаламгер өмірі мен шығармалары бойынша сұрақтарға жауап берді, соңғы айналымда латын әліпбиінде жазылған жазушы шығармаларынан алынған үзінділерді мәнерлеп оқудан сынға түсті. Сахналық көрініс көрсету кезеңінде қатысушылар Қ.Ысқақтың «Қараша қаздар қайтқанда», «Жан қимақ», «Қазақтар» сынды драмалық шығармалары бойынша дайындаған көріністерін ұсынды. Әсіресе, Белқарағай, Катонқарағай, Жамбыл, Өрел, Новохайрузовка ауылдық округтерінің намысын қорғап келген өнерпаздар көрермендер көңілінен шықты. Соңғы екі кезеңде катонқарағайлық, жамбылдық, новохайрузовкалық өнер ұжымдары жақсы нәтиже көрсетті.
Сөйтіп, байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Катонқарағай ауылдық округінің атынан қатысқан Е.Рыков атындағы орта мектебінің жас өнерпаздары иеленсе, екінші және үшінші орындарды Белқарағай және Новохайрузовка ауылдық округтері місе тұтты. Байқаудың бас жүлдесін Жамбыл ауылдық округі еншіледі. Одан бөлек, арнайы аталымдарда Арман Хамитов (Жамбыл ауылдық округі) пен новополяковкалық мектеп оқушысы Еркежан Тоқтарбекова марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Аудан әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табысталды.
Тимур Смағұлов
Катонқарағай ауданы.