Жазушы ескерткіші жаңғырды

Ағымдағы жылы Семейде ескерткіштер мен негізгі алаңдарға күрделі жөнеу жұмыстары жүргізілді. Соның бірі –Жаңасемей ауданында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы алаң.
Сол жағалау тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған бұл аудандағы жазушы ескерткіші осыдан 27 жыл бұрын тұрғызылған-ды. Жаңасемей ауданында ұзақ жылдан бері тұрып келе жатқан Арман Әубәкіров көптеген қала тұрғындары сияқты бұл маңға бала-шағасымен серуендеуге жиі келеді екен. Ескерткіштің жөнделуі семейліктердің ризашылығын туғызанын айтады ол.
– Бұл жерде үрленген батуттар тұратын, – дейді Арман, -олар жазушы ескерткішін көлегейлеп тастайтын. Балаларға арналған түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылатын жерге айналып кеткен еді. Жазда мұндағы жөндеу жұмыстарын көріп, қуанып қалдық. Ескерткіштің айналасы тазаланды. Барлығы жаңарыпты. Осыны көріп, риза болдық. Қаламыз жаңарып, реттеліп келеді.
Биыл теміржол вокзалы маңындағы алаңда да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әленовтің айтуынша, бұл алаңда Қабанбай батыр ескерткіші де жөндеуден өтті. 3000 шаршы метрге тас тақта төселді. Шамдар орнатылды.
Сондай-ақ 72 кварталда орналасқан алаңды жаңғыртуға табиғи материалдар қолданылған. Жөндеу жұмыстарымен «Еңбек-Өскемен» мекемесі айналысыпты.
Айта кетейік, биыл қаланың абаттандырылуына 600 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға қаладағы тоғыз алаң мен саябақтар түбегейлі жөнделіпті.
Раушан Нұғманбекова
Семей