Жазушы Қажығалым Мұқановты еске алды

Үржарда ұлағатты ұстаз, белгілі жазушы Қажығалым Мұқановтың 80 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар өтіп, оған марқұмның қызы, жазушы-драматург, елімізге еңбегі сіңген қайраткер Роза Мұқанова қатысты.

Кеште ұстаз-жазушының өмірбаяны мен оның басынан кешкен тағдыры баяндалып, әңгімелерінен театрландырылған монологтар оқылды, «Қаракерей Қабанбай» пьесасынан үзінді көрсетілді. Қ.Мұқановтың «Қайран ел» және «Тәубе» атты өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Кеш соңынан Мұқановтар әулеті мен Роза Қажығалымқызына Үржар ауданы әкімінің «Алғыс хаты», «Әсет Найманбай» медалі табысталып құрмет көрсетілді.
Бұдан кейін Абай атындағы мектеп-лицейде Роза Мұқанованың дарынды балалармен кездесуі өтіп, жас өрендер жазушыға өзі және әкесі жайында сауалдар қойып, оларға тұшымды жауаптар алды.
Жерлесіміз Қажығалым Мұқанов 1938 жылы Қытайдың Шағантоғай ауданында, Дөңгелек ши деген жерде туған. Ол 1958 жылы Шәуешек гимназиясын бітіріп, мұғалім болып жұмыс істеген. 1969 жылы ҚазПИ-дің филология факультетін тәмамдаған. Үржар аудандық оқу бөлімінде, мектепте ұстаздық қызмет еткен. Алғашқы әңгімелері 1964 жылдан бастап республикалық газет-журналдарда жарияланған. «Бәйшешек» атты жинаққа «Үзілмеген гүл» атты әңгімесі енген. «Соңғы қоңырау» (1980), «Ақ бұршақ» (1984), «Аққудың сағынышы» (2005) сияқты әңгімелер мен хикаяттар жинақтары жарық көрген. Ол «Қазақстанның білім беру озаты» белгісінің иегері атанғанын да атап өткен абзал.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.