Қоғам

Жазға дейін уақыт берілді

Жазға дейін уақыт берілді


Биылғы көктемгі су тасқынынан өңірдегі Аягөз, Глубокое, Зырян, Шемонайха аудандарындағы тұрғындардың баспаналары қатты зардап шеккені белгілі.
Қазір баспанасы қирағандарға жаңа баспана алып беру, жөндеуге жарайтындарын толық жөндеп шығу жұмыстары қарқын алған.
Аталған мәселені өзінің күнделікті бақылауына алған аймақ басшысы Даниал Ахметов аталған аудандардың әкімдеріне осыған қатысты барлық шаруаны созбай, жазға дейін тас-түйін аяқтауды тапсырды.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезекті Саяси кеңес бюросының мәжілісіне төрағалық еткен облыс әкімі Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметовтің, Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысовтың, Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовтің және Шемонайха ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дмитрий Горьковойдың жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстары бойынша есебін тыңдап, олардың алдына осындай нақты міндет қойды.

– Тасқынның салдарын жою бойынша осы аудандарда атқарылып жатқан шаруалар толық менің бақылауымда. Су басқан елді мекендерге бірнеше мәрте өзім де барып, көрдім, мердігер компаниялар өкілдерімен тиісті жиналыс өткізілді. Ертең кезекті рет Зырян ауданында болып, ондағы жұмыстарды көретін боламын. Аудандар әкімдеріне айтарым, барлық шаруа қысқа мерзімде, сапалы түрде атқарылуы тиіс. Баспаналарды жөндеумен айналысып жатқан мердігердің бәрі жергілікті сенімді адамдар. Сондықтан баспаналарды жөндеуді 1 маусымға дейін толық бітіруді тапсырамын, – деді облыс басшысы Даниал Ахметов.

Аймақ әкімі аталған аудан әкімдерінің ішінде Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысовтың тасқын салдарын жоюдағы ұйымдастырушылық еңбегін атап көрсетіп, оған жөндеу жұмыстарын 15 мамырға дейін бітіруді тапсырды. Сондай-ақ одан қиын уақытта әрекетсіздік танытқан орынбасарлары мен көмекшілеріне қандай шешім шығарғанын сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, орынбасарлары қатаң сөгіс арқалап, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметімен қош айтысқан.

Ал Шемонайха ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дмитрий Горьковой үйін су басқан шемонайхалықтар егер қаржы қолға тисе, баспаналарды өзіміз-ақ жөндеп аламыз деп құлшынып отырғандығын жеткізді. Оның айтқандарын мұқият тыңдаған облыс басшысы мұндай жағдайлардың бұған дейін Глубокое, Зырян аудандарында да кездескенін, ақыр соңында мәселеге екінші қайтара айналып соғуға тура келгендігін айтты.

– Біз бұл жағдайды жақсы білеміз, тұрғындар осылай деп ақшаны алып алады, артынан үй де жөнделмейді, ақша да жоқ болып шығады. Халық тағы шулап бізге келеді. Сондықтан бұған жол берілмейді. Ал егер шын мәнінде, өздеріміз жөндеп аламыз дейтін болса, облыстық, қалалық, аудандық депутаттардың қатысуымен арнайы комиссия құрып, қаншалықты жауаптылық алатындарын тексереміз. Қажет болса, құрылыс материалдарын да өзіміз сатып алып береміз, – деген аймақ басшысы бұл істің басы-қасында болуды облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюкке тапсырды.

Саяси кеңес бюросында сонымен қатар Зайсан ауданының тоғыз елді мекеніне газ құбырын тарту құрылысының созылып кетуі, сондай-ақ Жарма ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы қаралды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button