ОқиғаларТОП

Жаз басталғалы 11 адам суға кеткен

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті дабыл қағуда. Өткен демалыс күндері ғана облыста төрт адам суға кетіпті. Оның біреуі бала.
Құзырлы мекеменің хабарлауынша, 1 маусымнан бері облыстағы өзен-көлдерге 11 адам батып кеткен. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, былтырғы үш айда 29 адам (бесеуі бала) судан ажал құшқан-ды.
Ал биылғы қайғылы оқиғалардың дені шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде суға түсу салдарынан болған екен.
Облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Тимур Дидахметов өңірде судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында айтарлықтай жұмыс атқарылып жатқанымен, әзірге нәтиже көңіл көншітпей тұрғанын мойындады.
– Шомылу маусымы басталғалы бері облыстағы өзен-көлдер мен өзге де су қоймаларына, жағажайлары мен бассейндері бар балалардың жазғы демалыс лагерьлеріне 250-ден астам рейд жүргіздік. Нәтижесінде жағажайларда ішімдік ішу мен тыйым салынған жерлерде суға шомылуға қатысты 30-дан астам заңбұзушылық анықталды. Жалпы, бүгінге дейін өзен-көлдер жағалауында 190 ескерту белгісі мен 56 стенд орнатылып, адамдарға алты мыңнан астам жадынама таратылды. Сондай-ақ 48 акваторияның түбі тексеріліп, 120 құтқарушы маман даярланды, – дейді Т.Дидахметов.
Жалпы, бүгінде облыс аумағында шомылуға жарамды екі мыңнан астам жер бар болса, оның көбі елді мекендер маңында орналасқан екен. Облыстық әкімдіктің шешіміне сәйкес, биыл 370 жерде суға түсуге рұқсат беріліп отыр. Оның 180-інде арнайы жағажайлары бар.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button