Жаңғызтөбенің аңызақ желі энергияға айналады

Ауданда жел электр энергиясын өндіру паркінің құрылыс жұмыстарын бастау жөніндегі Германияның «EAST GE3000» ЖШС-мен, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы және аудан әкімдігімен үшжақты келісімге қол қойылып, Жаңғызтөбе кентінің іргесінен салынатын желден қуат өндіру паркі жұмысының алғашқы сатысы басталып кетті.
Аудан әкімі Әнуарбек Мұхтархановтың айтуынша, шетелдік компанияның тың жобасының аудан экономикасына қосар үлесі қомақты. Алдағы екі жылға жобаланған жобаның құрылыс жұмыстары аяқталысымен, желден күші 70 мың мегааатты құрайтын электр энергиясы алынады.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаев бұл облыс бойынша қолға алынып отырған екінші тың жоба екендігін атап өтті. Бұл жұмыс өте ауқымды. Маңызы зор жұмысқа жергілікті мамандар барынша қолдау көрсетуі тиіс. Жоба толығымен жүзеге асқан уақыттан бастап өндірілген жел қуаты халыққа тиімді бағада ұсынылып, жобаның ақталу жағын мемлекет дотациялайтын болады.
«EAST GE3000» ЖШС-інің бас директоры Бруно Хайдрих компанияның 20 жылдық тәжірибесі барын алға тартып, 2009 жылдан бастап Қазақстан нарығын зерттеп, инвестиция салуда біздің елімізді сенімді әріптес деп тапқандықтарын жеткізді. Ол ауданымызда жел электр құрылғыларын қондыру жұмыстарын қолға алып, жалпы жоба аясында 23 желден қуат өндіретін қондырғы орнатылатындығын айтты. Олар келер жылдың сәуір айынан қондырғылардың құрылыс жұмыстарын бастап, 2016 жылы пайдалануға беруді көздеп отыр. Орнатылатын заманауи құрылғылардан қоршаған ортаға еш зиян келмейтіндігін де атап өтті. Жалпы жоба құны шамамен 150-180 млн. еуроны құрайды. Жобаның инфрақұрылымын тартуды жергілікті мердігерлер жүргізбек.
Жалпы, табиғаттың тікелей өз өнімдері – жел мен күн энергиясын пайдалану әлем елдерінде ерекше маңызға ие. Аталмыш қуат көздері өзінің экологиялық тиімділігі, экономикалық артықшылығы жағынан күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ, керісінше, жаңғыртпалы энергияға, «жасыл» экономикаға қол созып, баламалы энергия көздерін табуға қажеттілік туған заманда жетекші орынға шықты. Қазақстанда арзан электр энергиясын қолданысқа енгізуге бағытталған 2030 жылға дейін электр энергиясын өндіру¬ді дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жел және күн күшімен өндірілетін электр энергиясына қол жеткізу жолдары қарастырылуда. Дүниежүзі бойынша жел жіктелімінің 23 түрі тұрақты кездесетін, географиялық орналасуы және өте қатты ауа ағыны бар еліміздің кең байтақ даласы Қазақстанға мол жел энергиясын өндіру мүмкіндігін береді. Осы санатқа ауданымыздың Жаңғызтөбе кенті ертеден енгізілген. Енді оның аңызақ желі халық игілігіне айналады.
Сарапшылар жарты ғасырдан соң жер бетіндегі тұрғындар саны қазіргіден екі есе артып, тиісінше адамзат тұтынатын қажеттіліктер де екі-үш есе көбейеді деген пікір айтады. Мұндай жағдайда шегі бар, сарқылатын байлықтардың түбі көрінуі бек мүмкін. Бұл жел мен күн, су энергиясы секілді сарқылмайтын энергия көздерін қолданысқа енгізуге алып келеді. Әлем қазірден-ақ осы қадамға бет бұрса, ол, міне, Жарма жерінде де бастауын алды. 2016 жылы жоба іске асса, әлем назарын әлден өзіне бұрып отырған «ЭКСПО-2017» көрмесіне жармалықтардың қосар зор үлесі болмақ.
Мейірхан Оспанбаев
Жарма ауданы.