«Жаңғыз Solar» жұмысын жандандырды

Жарма ауданында күн электр стансасы салынып жатыр. Бұл нысан Астанада өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінің жемісі болмақ. Құрылыс жұмыстарымен ауданға іссапармен барған облыс әкімі Даниал Ахметов танысты.
Балама энергияның үлесін арттыру мақсатында қолға алынған жобаның құны – 17,5 млрд. теңге. Қытайдан инвестиция тартып отырған «Жаңғыз Solar» компаниясы өзі өндірген энергияны «KEGOK», «ШҚ РЭК» АҚ арқылы ел аумағына таратпақ.
– Біз осындағы өзге де электр өндіруші компаниялар сияқты токты тасымалдаушыларға сатамыз. Салық төлеуші ретінде Жарма ауданына тіркелдік. Яғни, барлық алым-салық түсімдері жергілікті бюджетте қалады, – дейді «Жаңғыз Solar» ЖШС-нің жобаға жауапты жетекшісі Хуадже Ян.
Аталмыш жоба Арқа төрінде айтулы «ЭКСПО» көрмесі өтіп жатқан тұста қолға алынған болатын. Сол қысқа уақыттың ішінде инвесторлардың тізімі қырық құбылды. 66 гектар аумаққа күн панелін орнатуға қажет қомақты қаражатты ақырында қытайлық инвесторлар бөлуге ниет танытқан болатын. Олар стансаны 2019 жылдың шілде айында қолданысқа беруге бекініп отыр.
– Жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізіп болдық. Барлық сметалық құжаттары, техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Күн панельдері қойылатын 66 гектар аумақ қоршалды. Электр магистраліне ток беретін қосалқы стансаның іргетасын қалап жатырмыз. Нысан жобалық қуатына толық енгеннен кейін жылына 45 млн МВт электр энергиясын өндіреді, – дейді жоба жетекшісі.
Жаңғызтөбе кентінде бұдан бөлек, екі жел электр стансасын салу жоспарланған. Әзірге бұл жобалардың жетекшілері сараптама құжаттарын пысықтап үлгермей жатыр.
– Мұнда бүкіл облысқа электр таратып тұрған торап бар. Инвестордың бәрі сондықтан біздің кентті таңдайды, – дейді кент әкімі Қайырғазы Закимов.
Расымен де, Жаңғызтөбе кенттік округінің аумағында арысы Талдықорғанға, берісі Аягөз бен Зайсанға электр таратып тұрған үлкен торап бар. Күннің қызуынан желдің ызыңы қатты болғанына қарамастан, қытайлық инвесторлардың Жаңғызтөбе жазығына күн панелін орнатпақ болуының астарында осындай себеп жатыр. Бұл нысан іске қосылғанда, облыста өндірілетін балама энергияның үлесі екі пайызға жетеді деген болжам бар.
Бұдан кейін аймақ басшысы 2013 жылдан бері тұралап тұрған жаңа жылу қазандығының құрылысына бас сұқты. Шуақ ауылына жаңа жылу қазандығы қажет екені 2010 жылы белгілі болған еді. Тозығы жеткен, ескі қазандықта апат болып, ауылды қыстың көзі қырауда бір ай бойы жылусыз қалдырған болатын. Тұрғындардың жылу қазандығын жаңарту қажеттігі туралы жанайқайы негізсіз байбалам емес екенін жергілікті билік сол кезде ғана түсінген.
2011 жылы ескі қазандықты жаңалау туралы шешім қабылданып, ауылдың шетінен құрылыс басталды. Жоба құны сол тұста 2,7 млрд. теңгеге бағаланыпты. Мердігер компания бұл ақшаны 2013 жылдың ортасына дейін игеріп, әрқайсысы сағатына 6,5 Гкал жылу өндіретін үш қазандық орнатуға міндеттелді. Алайда шуақтықтарға жылу шуағын шашуы тиіс нысанның құрылысы сағызша созыла берді. Межелі уақыт келгенде құрылыстың әлі аяқталмағаны белгілі болып, іс сотқа берілді. «Мемлекет қаржысын талан-таражға салды» деген айыппен бірнеше жауапты тұлға абақтыға қамалды. Басынан осындай ауыр күндерді өткерген жаңа қазандық бүгінде «сақалды құрылыстар» тізімін толтырып, қаңырап тұр. Ал Шуақ ауылы әлі де ескі қазандыққа кіріптар күйде отыр. Ауыл шетінде жападан-жалғыз тұрған нысан банкроттық басқаруға берілген. Бірақ басқарушы ғимаратты күзетуден бас тартқан екен. Бір күн де жұмыс істемеген су жаңа қондырғылар көлденең көк аттылардың олжасына айналмас үшін аудандық әкімдік күзет компаниясын жалдап отыр.
Даниал Ахметов қазандық ғимаратына бас сұғып, ішіндегі қондырғылардың жағдайымен танысты. Құрылысты аяқтап, қазандықты қолданысқа беру үшін қосымша қаражат керек. Оның көлемін тәуелсіз сарапшылар 500-800 млн. теңгенің арасында бағалап отыр.
– Қондырғылардың бәрі жақсы сақталғанға ұқсайды. Жобаны аяқтау үшін сметасын жаңалау қажет, – деді Даниал Ахметов.
Бұл қазандық Шуақ ауылындағы түзеу мекемелерімен қатар, ондағы қызметкерлердің баспанасын жылытатын болады. Нысанның нақты жағдайын анықтау үшін техникалық зерттеу жүргізілмек.
– Аудандық бюджетке нысанды техникалық тұрғыда зерттеп, жобалық-сметалық құжаттарына түзету енгізу үшін тапсырыс түсірдік. Оның өзіне 20 млн. теңгедей қаражат керек. Құрылысты аяқтауға қосымша қанша ақша бөлу қажеттігі де сол кезде белгілі болады, – дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Рауан Баилов.
Есімжан Нақтыбайұлы