Қоғам

ЖАЙЫЛЫМНЫҢ ЖОҚТЫҒЫНАН ЕЛ КӨШІП ЖАТЫР

Соңғы  төрт-бес жылдың көлемінде  Тарбағатай ауданында  көтерілген жер  дауының   бірнеше  себебі  бар.

Аудан бойынша 250  мың гектардан  астам ауыл шаруашылығы  мақсатындағы жер  бар. Соның ішінде – 21мың 100  гектар жайылымдық жер, 80 мың гектар  шабындық жер, 28  мың га  суармалы егістік жер. 681 жер  иеленуші  заңды  тұлға бар.   1200  шаруа  қожалығы  жерді  49 жыл жалға  алып  пайдаланып отыр  десек,  осының  бәрі  шын мәнісінде  қағаз жүзінде  ғана. Қазір аудан  бойынша  207 мың  га  жер  телімдері  пайдаланылмай бос  жатыр.  Яғни жер  туралы  заңнама  бұзылып  отыр, шаруа қожалықтары  кезінде заңды түрде  тіркеп алғанымен, жер  іс жүзінде пайдаланылмай,   бос  жатыр.  Бүгінгі  күні  аудан  бойынша  егістік  жердің 71 пайызы, жайылымдық  жердің  43 пайызы, шабындық жердің 50  пайызы  мүлде  пайдаланылмай  келеді.  Пайдаланылмай  отырған  жердің  барлығы  аудан  бойынша  шағын субъектілердің  қатарына  кіреді.

Тарбағатай  кең байтақ жерді  алып  жатқан,  алдыңғы  қатарлы  малды  аудандардың бірі.  Солай  бола тұра,  жер  тапшылығы туып отыр.  Себебі біз  айтып  отырған  шаруа қожалықтарының иелері   ауылда.    Қалада тұрып жатқан жер  иелері  бос  жерін  сол қожалықтарға жалға  беріп  отыр.  Бұл -жер  туралы заңды белден басу.  Өткен жылы ғана  аудандық  ауыл  шаруашылығы  жерін  пайдалану  жөніндегі  бас инспекциясы 41  шаруа қожалығын тексеру  барысында  16 мың 800 га  жерді  экономикалық сот  арқылы  мемлекет  қарауына  қайтарды.  Ал  қалтасы қалың  қалада  тұратын  шаруашылық иелері  пайдаланылмай бос  жатқан  жеріне  1 млн.  теңгенің айыппұлын төлеп, 10 есе өсірген  жер  салығына  айыппұл төлеуге қуана келісіп,  бос жатқан жерін  алып қалып  жатқан жайы бар. Бұл  жер  туралы   заңның  әлсіздігі  болса  керек. Аудандық  ауыл шаруашылығы  жерін  пайдалану  жөніндегі  бас инспекторы Қайыртай  Бұқабаевтың  айтысына  қарағанда,  қазіргі  күні  аудан  бойынша  ауыл шаруашылығы  мақсатындағы  бос  жатқан  жерді  қайтарып  алу  мақсатында үлкен жұмыс  атқарылып  отыр.

–  Аудан  бойынша бос  жатқан  жер  өте  көп. Биылдың өзінде  облыстық экономикалық  сотқа  бірнеше іс  түсті.  Іс қайта-қайта қаралуда.  Неге?  Өйткені  сот процесіне  шаруашылық  иесі  келмей қалады,  осылайша,  істі созады. Ең сорақысы, сол    аталған бос  жатқан  жерлерді алып отырғандар   шағын кәсіпкерлік  субъектілеріне кіреді.  Шағын  кәсіпкерлік  субъектілерін  тексеруге мораторий жарияланған. Тағы бір айта  кетерлігі,  аудандағы  шабындық  жерлердің  50 пайызы  пайдаланылмай  отыр  дегенімізбен , шын  мәнісінде,  аталған  шабындық жердің барлығын  қожалық  иелері  жалға  беріп  отыр.  Өткен жылды   «Жастар жылы» деп  жариялағанда,  белсенді  жастар  ауыл  шаруашылығын өркендетуге  11 жоба жасаған.  Осының біразы іске  аспады. Себебі бәріне  жер тапшылығы  қолбайлау  болды, -дейді бас инспектор.

Жер  туралы  түйткілдің соңы бұл емес.  Елді  мекендер  маңындағы жер жыл санап  тарылып  бара  жатыр.  Кезінде  ауыл  тұрғындарына тиесілі жерлердің  тең жартысын  көптеген  шаруашылықтар  заңсыз иеленіп  алған,  осылайша,   малдың өрісі  тарылған.  Ауданның ірі  елді мекендері  Ақсуат,  Ақжар  ауылдарында  7-8 мыңнан тұрғын бар.  Аталған елді  мекендерде  ғана  30 мыңға жуық  ірі қара малы  бар.  Осыған басқа  малды қосыңыз. Ауыл төңірегіндегі ұлтарақтай жайылымдық жер мал көбейген сайын  тарылып барады. Жайылымның жоқтығы малды көбейтуге кесірін тигізіп-ақ отыр.  Осының  салдарынан  ауылдағы әлеуметтік жағдай төмендеп барады. Тіпті мал ұстауға жайылым жоқ деп көшіп жатқандар көбейген.  Бұл мәселе бұлай қала берсе, Тарбағатай ауданында тағы бір  урбанизация толқынын тудыруы  мүмкін.

Шекараның  түбінде  отырған  шағын елді мекендерде де жайылым мәселесі жыр болып тұр.  Айнабастау, Жалаңаш, Томар  сияқты  20 шақты түтіні бар ауыл тұрғындарының  жайылымдық  жері  шекара  торының арғы бетінде.  Ауыл  малын  таңертеңгілік уақытта шығарып,  кешкісін  қайта  кіргізеді . Бұл  жердегі  басты  кедергі  шекарашылардың  қақпаны  уақытында  ашпауы болып тұр.  Кейбір кездері  күзеттегілер  келмей қалады. Мұндайда   ауыл  малы шекараның арғы бетінде  бірнеше  күн  қалып  қойып,  ит-құсқа жем  болып  жатады. Осы  өзекті мәселе   талай көтерілген,  бірақ үнемі  жауапсыз қалып  келеді.

Қадырбек  Кәкімұлы

 Тарбағатай ауданы.                          

Осы айдарда

Back to top button