Жайылымдық жерлер қалай бөлінеді?
Өңірде жұмыс сапарымен жүрген Сенат депутаты Сергей Плотников аграрлық сала өкілдерімен кездесіп, жайылым туралы заң жобаларын таныстырды.
Әдетте заң жобаларын атқарушы биліктің тиісті тармақтары дайындап, Парламентке ұсынатын болса, жайылым туралы заңнаманы бұл жолы Мәжіліс депутаттары өзі дайындап отыр. С.Плотниковтың айтуынша, бұл құжатты жан-жақты жетілдіруге Парламенттің төменгі палатасы төрт жылдан астам уақыт жұмсаған екен. Сан түрлі сүзгіден өткізіп барып қабылдаған заң жобасы Сенат депутаттары мақұлдаған жағдайда күшіне енер еді. Алайда, сенаторлар өңірлерге жасайтын жұмыс сапарын пайдаланып, оны халық арасында тағы бір талқылап алуды жөн деп шешкен.
Сергей Плотников бір ғана жайылымға екі бірдей заң дайындалып жатқаны бекер емес екенін айтады. Өйткені, бұл малмен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынға сүйеу болар негізгі заңнама болмақ.
-Жаңа заңда өткен жылғы Жер реформасы кезінде туындаған пікірталастардың ұсыныстары да ескерілген. Өйткені, Жер комиссиясының отырыстарында айтылған уәждердің 70 пайызы осы жайылымға қатысты болды. Бұл заңдарда жерді пайдалану шарттары қатаңдана түседі. Әсіресе, ауыл маңында мал ұстау тәртібі бірізденеді. Бүгінде көшпелі жайылымдар қаңырап қалғаны ешкімге жасырын емес. Бұрынғы жайлау құдықтарының көбі бітелген. Ал ауыл маңындағы жайылымдарды бірлесіп пайдалану, ауыспалы жайылымның ретін сақтау мәселелері бұрынғыдай реттелмейді. Жаңа заң жобалары осы мәселелерді нормативтік негізде тәртіпке келтіруі тиіс, – дейді сенатор.
Жайылым туралы заң бірінші кезекте жергілікті әкімдерден асқан жауапкершілікті талап етпек. Өйткені, әр елді мекен жайылымдарды басқару мен пайдаланудың жоспарын дайындау қажет болады. Осы жоспарға сай елді мекеннің айналасынан белгілі бір радиуста жайылымдық жерлер бөлінеді. Осы радиусқа енген жер телімдерінің кімге және қандай меншіктік негізде тиесілі екеніне қарамастан ауылдың жайылымдық қорына қайтарлылады. Жобада мұндай жер телімін қайтару процедураларының қалай жүзеге асатыны да анық жазылған.
Сенат депутаты аталмыш жоспарды жергілікті басшылардың өте сауатты түрде дайындауы қажеттігін айтады. Өйткені, онда әрбір аулаға қанша мөлшерге дейін мал ұстауға болатыны да көрсетілмек. Демек, бүгінгідей ауылға ортақ жайылымда бір адамның 50 бас сиыры, ал келесі жанұяның жалғыз ірі қарасы қатар жайылмайтын болады. Малдың басы жоспарда көрсетілген шектемеден асты ма, жайлауға жіберу керек.
Жайылымдарды басқару және пайдалану жоспары көптің мүддесін қорғайтын құжат болғандықтан, оны елді мекен тұрғындарының жиындарында бекітілуі мүмкін. Сондай-ақ, жергілікті мәслихаттар мен әкімдік өкілдерінің де бұл іске атсалысуы көзделген.
С.Плотников еліміз бойынша қосалқы қорда тұрған жердің 66 пайыздан астамы жайылымдық алқаптар екенін айтады. Заң жобасында кез келген иеліктегі жерді мемлекеттік қажеттіліктер үшін қайтарып алу тетіктері де жетілдірілген.
Кездесуге қатысушылар тарапынан заң жобасын іске асыру тетіктерін нақтылау бойынша ұсыныстар айтылды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының өкілі Виктория Борсукова біздің өңірде 8,3 млн. гектар жайылым жекеменшіктің қолында екенін айтады. Осыған таяу мөлшердегі жер қосалқы қорда жатса керек. Тіпті, қолданыстағы жайылымдардың 35 пайызына ғана мал аяғы тиіп жүр екен. Жайылым иелері атынан сөз алған «Маралонек» ЖШС директоры Асқар Қабанбаев заң жобасында «сервитут» ұғымының аясын нақтылау керек деген ұсыныс айтты.
-Менің иелігімде мемлекеттен жекеменшікке сатып алған жайылым бар. Сол жерді жергілікті әкімдік аңшылық нысанға пайдалануға рұқсат беріпті. Енді аң аулау маусымы келген сайын мылтық асынғандар иеліктегі бұғыларға маза бермейді. Жекеменшіктегі ауылшаруашылық жерді өзгенің пайдалануынан шектейтін севитуттық мәртебе болу керек, – дейді ол.
Кәсіпкер бұл заң жобасын депутаттардың ортасында емес, ауыл тұрғындарының арасында талқылау керек деген де ұсыныс айтты.
С.Плотников айтылған ұсыныстардың барлығы назардан тыс қалмайтынына сендіріп, облыс активінен жаңа заңға қатысты ұсыныстар жиынтығын кешіктірмей өткізуді сұрады.
Дәл осындай кездесу Глубокое ауданының Опытное поле ауылында орналасқан ауыл шаруашылығын ғылыми зерттеу институтының облыстық филиалында ұйымдастырылды. Әуелі институт жанынан ашылған заманауи зертхананың жұмысымен танысқан депутат АШҒЗИ ұжымымен кездесіп, заң жобасына қатысты ғалымдардың пікірлерін тыңдады. Мұнда аграрлық сала ғалымдарын қолдау, маман тапшылығы сынды мәселелер көтерілді.
Есімжан Нақтыбайұлы