Қоғам

Жайылымға қар тоқтатып жатыр

Жайылымға қар тоқтатып жатыр


Осыдан төрт жыл бұрын ауданға алғаш рет бау-бақша шаруашылығын дамытуға Өзбекстаннан жер қадірін жақсы білетін қандастарымыз шақырылып, Барқытбелдің баурайына бақша еккенде, «бұл өңірде ештеңе өспейді» дегендердің аузына құм құйылған болатын. Барқытбелдің бауырындағы текке жатқан мол су қоры тиімді пайдаланылып, қараусыз жатқан су қоймалары жөнделіп, екі жылда бау-бақшамыз жайнап шыға келді.

Қазір Тарбағатай ауданы көкөніспен өзі түгілі өзгені жарылқауға қол жеткізді. Көкөнісімізбен Астана, Өскемен, Семейдің тұрғындарын қамти бастадық. Осының бәрі суармалы жерді тиімді пайдаланудың берекесі мен игілігі болатын. Суармалы жердің тағы бір үлкен артықшылығы – өнімді бірнеше есе артық бере алады. Міне, осындай тиімділігіне байланысты суармалы жерге инвестиция салу да сенімдірек. Өйткені, мұндай жерден алынатын өнім көлемін, өзіңіздің кіріс-шығысыңыздың мөлшерін алдын ала жоспарлай аласыз.

Міне, өткен үш жылдың ішінде тау бөктеріндегі төрт шағын гидро құрылым республикалық қаражат есебінен күрделі жөндеуден өтіп, 13736 гектар суармалы егістік жер игеріліп, өсімдік шаруашылығы екі есеге ұлғайтылды. 1,5 млрд. теңге таза пайда әкеліп, өсімдік шаруашылығы 89 млн. теңгенің субсидиясын алды.

Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде суармалы жердің көлемін таяу жылдары 600 мың гектарға жеткізуге міндет қойып, Үкіметке нақты тапсырма берген. Елбасы тапсырмасына сәйкес, суармалы жерді дамытудың 2028 жылдарға арналған жоспары әзірленген. Бағдарламаның басты мақсаты – суармалы жердің көлемін ұлғайтып, ол жерлерді тұрақты су көздерімен қамтамасыз ету болатын. Бүгінгі таңда ауданда суармалы жедің көлемі төрт мың гектарды құрайды, аудан басшылығы алдағы жылдары суармалы жердің көлемін тағы арттыруды жоспарлап отыр. Өткен үш жылда аудандағы күрделі жөндеуді талап еткен бірнеше тоғандар қалпына келтіріліп, оған республикадан қомақты қаржы бөлінді. Биыл екі жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. Қазір сметалық құжаттары дайындалып жатыр, сәтін салса биыл іске асады. Аудан басшысы Ділдәбек Оразбаевтың айтуына қарағанда, биыл суармалы жерді тағы 2 мың гектар жерге ұлғайту жоспарланып отыр. Біздің аудан мал шаруашылығы ауданы болғандықтан, алдағы екі жылда жем-шөп базасын түбегейлі шешу мақсаты тұр. Сондықтан аудандағы су қоймаларының жағдайы ретке келтірілуде. Әрине, суармалы жер тұрақты су көзін қажет етеді.

Биыл Орта Ұласты, Қарғыба, Құсты өзендерінің бойындағы су қоймалары қайта жөндеуден өтіп, оған 43 млн. текше метр су жиналатын болады. Өткен жылы 200 мың тонна қатқыл мал азығы жиналса, биыл 250 мың тоннаға жеткізілмек. Биыл сегіз елді мекеннің аумағындағы суармалы жердің үлесі он пайызға артып, ауыл шаруашылығы дақылдары жалпы өнімінің 70 пайызы суландыратын жерден берілетін болады. Айталық, Құсты өзені бойындағы суармалы жерлер бау-бақша алқабына беріліп, онымен Тұғыл ауылдық округін толығымен қамтуға болады. Аудандағы бордақылау алаңдарында тұрған 40 мыңға жуық мал суармалы жердің жем-шөбімен қоректеніп отыр. Аудандағы су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіруге орта есеппен 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Оның игілігі сол – ауданда жем-шөп қоры молайып, мал басы көбейіп, ет өндіру, ет экспорттау әлеуеті артады.

Суармалы жерді көбейту, пайдалану шаралары мұнымен бітіп жатқан жоқ. Аудандағы «Мал жайылымдарын суландыру» бағдарламасы аясында 200 шаруа қожалығы 212 күн сәулесі қуатын тегін пайдаланып, мал суарымына пайдаланса, қыстақтарда 197 құдық қазылды. Аудан басшылығы сонымен қатар лиманды суландыруды да қолға алды. Бұл дегеніміз – мал жайылымына аса пайдалы, түрлі минералдарға бай көктемгі қар суларын тоқтату арқылы егістік жерге ылғалды молынан жинау. Қазір «Көкжыра» өндірістік кооперативі 620 гектар алқапқа қар тоқтатып, жайылымды жерлерге су жаюды жоспарлап отыр. Ауылдық округтердің барлығы бұл істі кеңінен қолға алып отыр. Өткен жылы аудан көлемінде қардың аз түсуінен лиманды суару қолға алынбаған болатын. Соның салдарынан жайылымдық жерлерде шөп аз шығып, шөп бағасы шарықтап кетті.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button