Жайылым неге жетіспейді?
Айна Ескенқызы
Ауылдағы ағайын алдындағы азын-аулақ қара-құрасын бағатын жайылымның тапшылығына шағымданады. Тұрғындардың қолдағы малын асырау үшін шөп шабуға да жері жоқ. Соның кесірінен малын союға мәжбүр екендіктерін айтып, дабыл қағуда. Өңірдің көптеген елді мекендерінде жайылымдарға қатысты күрделі жағдай қалыптасқан.
Қоғамда жемқорлық пен парақорлық тамырын жаймаған сала қалмады. Самғаған құстың қанаты талатын кең-байтақ жерімізден не пайда, егер күнін ауыл шаруашылығымен көріп отырған халқымыз ұлтарақтай жерге зар боп отырса?! Осындай өзекті мәселе облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің назарынан тыс қалған жоқ. Өңіріміздің жемқорлықпен күрескерлері жайылымдық жерлерге қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, жұртшылыққа жайып салды. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башевтың төрағалығымен өткен кеңеске барлық ауданнан кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары онлайн режимінде қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасы басшысының орынбасары Асқар Арыстан кеңеске қатысушыларды жайылымдық жерлер саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелерімен таныстырды. Аталған мониторинг осы саладағы проблемалар мен төмендегідей сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап берді.
Біріншіден, иелері қайтыс болған жер учаскелерінің болуы. Мұндай жер учаскелерін өзге біреулер өз бетінше (заңсыз) пайдалануы мүмкін. Бұл пайдаланушылардың салықтар мен басқа да жалдау төлемдерінен жалтаруына мүмкіндік тудырады. Мысалы, бүгінгі таңда Ұлан және Глубокое аудандарында иелері қайтыс болған 261 жер учаскесі белгілі, сонда 22 мың гектардан астам егіс мақсатындағы жердің заңды қожайыны жоқ.
Екіншіден, жайылымға арналған жерлердің мал басы жоқ шаруа қожалықтарға пайдалануға берілуі. Мониторинг барысында мүлдем мал басы жоқ 4859 шаруа қожалығында жайылымдардың бар екендігі анықталды (бұрынғы Тарбағатай және Көкпекті аудандарының бөлінбеген аумақтарын ескере отырып). Яғни 2494,2 мың гектар жайылымның 1781 мың гектары немесе 68% – ы бос және мақсатына сай пайдаланылмайды.
– Жер кадастрын жүргізудің және жер учаскелерін берудің жұмыс істеп тұрған электрондық форматына қарамастан, жайылымдық жерлер иелерінде мал басының жоқ екендігі анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органдарға жайылымдық жерлер көлемінің мал басына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында жер қатынастары және ауыл шаруашылығы саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау ұсынылды, – деп атап өтті Асқар Арыстан.
Мониторинг барысында шетелдік азаматтардың меншігінде жалпы ауданы 25,9 га болатын 99 жер учаскесі бар екені анықталған. Сондай-ақ жалпы ауданы 122,48 га 69 жер учаскесі шетел азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар азаматтығы жоқ адамдардың меншігінде екені әшкереленді. Бұдан басқа, жалпы ауданы 17 003 гектар болатын 40 жер учаскесі жеке құрамына шетелдік тұлғалар кіретін ұйымдардың меншігінде екен. Мәліметтерді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы берген.
Кеңесте мемлекеттік органдардың және мүдделі үшінші тұлғалардың келісімінсіз жер учаскелерін беру түріндегі тағы бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталғандығы атап өтілді. Бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді нақты бір адамға ұзақ мерзімге (49 жылға дейін) беруге мүмкіндік туғызады.
Асқар Арыстанның айтуынша, аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне байланысты анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жүйелі сипатқа ие. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет нақты ұсынымдар дайындады, олар тиісті шараларды қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.
76 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Кеңесте сөз алған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің айтуынша, кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий үш жыл бойы жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын бастауға кедергі келтірген. Пайдаланылмаған және заңсыз пайдаланылған жайылымдық жерлерді қайтару бойынша жұмыстар биылдан бастап қайта жанданған.
Басқарма басшысының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда облыстар бөлінгеннен кейін елді мекендердегі жайылымдар ауданы – 513,8 мың гектар. Қазір халық үшін жайылымдардағы жалпы тапшылық 62,6 мың га құрайды. Атап айтқанда, Самар ауданында 11 мың га, Күршім ауданында 4,9 мың га, Ұлан ауданында 45,5 мың га, Өскемен қаласында 1,2 мың га жайылым жетпейді.
– Облыс басшысының 2022 жылғы шілдеде берген тапсырмасын орындау үшін 62,6 мың га пайдаланылмаған және ұтымсыз пайдаланылған жайылымдарды халыққа беру үшін оларды қайтару бойынша жұмыс жүргізудің облыстық алгоритмі әзірленіп, бекітілді. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша қажеттілік 18,8 мың гектарға қысқарды және ағымдағы жылдың 15 қарашасындағы жағдай бойынша 43,8 мың гектарды құрайды, – деп атап өтті сала басшысы.
Сонымен қатар пайдаланылмайтын жайылымдарды анықтау бойынша жұмысты өз құзыреті шеңберінде қалалар мен аудандардың әкімдіктері де жүргізеді.
– 2022 жылғы 15 қарашадағы жағдай бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері 39,5 мың га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтады. Оның ішінде 6 мың га мемлекеттік меншікке қайтарылды, әрекет ету шараларын қабылдағаннан кейін 0,3 мың га жер пайдалануға берілді, тағы 33,2 мың га жердің материалдары әкімдіктерде қаралуда. Қосымша, ерікті түрде мемлекеттік меншікке 54,5 мың га ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Облыс бойынша бүгінгі күні барлығы 76 мың га пайдаланылмайтын жер мемлекеттік меншікке қайтарылды, – деп нақтылады Надежда Федоровна.
Надежда Михейлис жемқорлықпен күрескерлер келтірген тәуекелдерге қатысты, атап айтқанда, қайтыс болған адамдарды анықтауда облыстық прокуратура мен полиция департаментімен бірлесе жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.
Сала басшысының сөзіне қарағанда, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігінің тағы бір себебі – «Жайылымдар туралы» Заңға сәйкес, елді мекендердің жанындағы жайылымдарда тек аналық мал ғана қалдырылып, басқалары қашықтықта бөлінген жерге көшірілуі керек. Алайда шаруа қожалықтарының иелері жануарларын шалғайға айдағысы келмейді, соның салдарынан ауылдағы жекеменшіктің малына жайылатын жер қалмайды. Екінші мәселе – жекеменшіктегі мал басына шектеу қою. Бұл мәселе әлі заңдастырылмаған, бірақ өте қажет екен.
– Жекеменшіктегі мал басы жиырмадан асып кетсе, онда ол жекеменшіктегі шаруасы емес, шаруашылық қожалық болып қайта тіркеу туралы норма керек. Сосын жоғарыдағы заңға сәйкес, аналығы ауыл маңында, қалғандары қашықтықта жайылса, тазалық жағынан да ұтар едік, – дейді басқарма басшысы.
Тұрғындар нақты нәтиже күтеді
Алтай қаласынан кәсіпкер Фаизов көтерілген мәселелердің барлығы тек сөз жүзінде қалып қалмаса деген ойын айтты.
– Баяндамашының сөзіне сенсек, бізде бәрі тамаша, жұмыстар жүріп жатыр. Онда неге нәтиже жоқ? Шаруаларға жұмысын дөңгелетіп әкетуге мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлінеді. Егер сол қаржының барлығы нақты кәсіпкерлерге жетсе, бізде мал басы жер-көкке сыймай кетер еді. Осы проблеманы ашық көтеру керек. Мал басы құрып барады, сүт жоқ. Мен алдағы уақытта ауыл шаруашылығына жауап беретін органдардың өтірік ақпарат беретін шенеуніктерін жеке жауапкершілікке тарту қажет деп санаймын, – деген ұсынысын айтты кәсіпкер.
Уварово селосынан хабарласқан кәсіпкер де жекеменшікте мал басының азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Кезінде 2,5 мың бас мемлекеттік, 300 бас жекеменшік малы болған ауылда қазір жекеменшік малдың саны 60-тан аспайды.
Риддерлік кәсіпкер Сергей Андреев аудандарда жерге қатысты конкурстардың уақытында өтпейтініне шағымданды.
– Мен 2021 жылы қарашада жерге қатысты конкурстың заңсыз өткені туралы Жоғарғы соттың шешімін әкеліп бердім. Бір жыл дегенде әрең қайта конкурс жариялап, өткен аптада жер бөлді. Мен шөпті қардың астынан шабам ба? Бұған дейін мал басын көбейтіп, техника сатып алып қойған соң өзім 2,5 миллион теңгеге шөп сатып алуға мәжбүр болдым. Осындай кездесулер жақсы, тек нәтижесі болса екен, – дейді Сергей Васильевич.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Әлия Мұқашева жыл аяқталуға жақын, алайда бірде-бір конкурс өткізбеген аудандар бар екенін ескертті.
– Жастар ауылда қалу үшін мемлекет тарапынан тамаша бағдарламалар аз емес. Алайда жайылымдық, егістік жерлердің болмауы ауылдан кетуге мәжбүрлейді. Аудандарда конкурстар өткізілмейді. Кезінде жекеменшікке сатылып кеткен жерлердің басым бөлігі қазір банктерде кепілдікте тұрғаны жасырын емес. Бұл мәселе де зерттеуді қажет етеді, – деп қорытындылады Әлия Мұқашева.