Экономика

Жайылым бәріне жететін болды

Жайылым бәріне жететін болды
Ауыл қазағының жан айқайының бірі – жер мәселесі. Жұртты алаңдататыны әсіресе, жайылымдық, шабындық жер. Қазір ауылда отырғанымен мал жаятын, шөп шауып алатын жер жоқтығын айтып ашынған қазақ көбейді. Ел қой, ешкісін өзгенің өрісіне түсіп кетпесін деп көгендеп қоятын болды.
Кезінде көлемді жерлерді жалға алып алған қожалықтар, жер иелері ауылдағы жері жоқтардың шаруасын дөңгелетуге мұрша бермей отыр. «Жалға алушының қолында қанша мал бар, осыншама жер оған керек пе, кім қанша жер алуы тиіс?» деген мәселеге де мән берілген жоқ. Сол жалға алған алқаптардың көпшілігінің азып-тозып, пайдаланылмай жатқаны тағы бар.
Ауылдық жердегілердің ғана емес, бүтін бір ауыл шаруашылығы саласының басты уайымына айналған бұл мәселе енді ақпанда ғана Елбасы қол қойған «Жайылымдар туралы» арнайы заңмен реттелетін болды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет қабылданып отырған «Жайылымдар туралы» Заң сусыз қалып, сорланып жатқан, иесіз қалып, тозығы жеткен, тамыр-таныстықпен оңды-солды бөлініп кеткен сол жайылымдық жерлерді жұрттың бәріне жеткізіп, өрістің құтын кіргізетін болады.
Жер қатынастары басқармасы мамандары «Жайылымдар туралы» Заң талайдан бері шешілмей келе жатқан жайылымдық жер мәселесінің түйінін түгелдей тарқатады деп отыр. «Жайылымдар туралы» Заң мен алдағы уақытта қабылданатын «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы жерді, жайылымдық жерді пайдалануға, күтуге, бөлуге, сақтауға қатысты туындайтын бар мәселені ретке келтіріп, мал шаруашылығы көшінің бағытын түзеп бермек.
Виктория Барсукова, жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 248 Жарлығымен 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін жер заңнамасының жекелеген нормаларын қолдануға мораторий енгізілген болатын.
Өткен жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен жер реформасы бойынша комиссия құрылған болатын. Республикалық жер комиссиясы жұмысының нәтижелері бойынша, бірнеше облыстардың (Ақмола, Алматы, Қызылорда, Атырау) халқымен кездесу барысындағы халықтың пікірін ескере отырып, мораторийді қолдану мерзімін ұзарту шешілді. Сондай-ақ, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау институтының нормаларын сақтау және жетілдіру, шекаралас аудандарда жер беру талаптарын күшейту және халықтың мұқтаждығын қанағаттандыру үшін елді мекендердің айналасындағы жайылым алаңын анықтау шешілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 18 тамыздағы №308 Жарлығымен мораторийдің қолданылу мерзімі 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.
2016 жылғы тамыз айында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен «Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тұжырымдамасы мен Заң жобасы әзірленді, ол 2017 жылғы ақпан айында Үкіметпен мақұлданып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының қарауына енгізілді. Бұл заң алдағы уақытта қабылданбақ.
Осы Заңды қабылдау және ақпанда күшіне енген «Жайылымдар туралы» жаңа Заң тұтастай алғанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беруге байланысты мәселелерді толық шешіп, реттеуге бірден-бір мүмкіндік береді. Ауыл халқының малын жаю үшін жайылымдық алқаптардың жетіспеуіне байланысты проблемаларды шешуге бірегей жағдай жасайды.
Жер заңнамасына енгізілетін түзетулерді түсіндіру мақсатында 2017 жылға арналған жер реформасын түсіндіру бойынша республикалық жоспар әзірленді. Осы жоспардың шеңберінде біздің облыста мемлекеттік органдар өкілдерінен, облыстық мәслихат депутаттары мен жұртшылық өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Олар түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында облыстың барлық елді мекендерін қамтитын болады.
Жер кодексіне енгізілетін түзетулердің негізгі жағдайлары мына мәселелерге қатысты:
1. Қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерін жалдау:
Жер кодексіне жаңа 48-2-бап: «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер пайдалану (жалдау) құқығын беру ерекшеліктері» енгізіледі, ол жер учаскелеріне конкурстар өткізу тәртібін реттейді және ұсыну мерзімдерін нақтылайды.
Жер кодексінің 97-бабы жаңа редакцияда жазылады, соған сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалдау құқығы тек Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына беріледі (шетелдіктердің қатысуынсыз).
2. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау бойынша талаптар күшейтіледі.
Жерлерді ұтымды пайдалануды бақылау функциялары (ауылдар, кенттер, ауылдық елді мекендер, аудандар мен қалалар әкімдеріне – жерлердің аумақтық тиесілілігі бойынша) нақты субъектілерге әкімшілік жаза шараларын қолдану құқығымен, орындау үшін міндетті нұсқамалар берумен және тиімсіз пайдаланылатын жерлерді алып қою бойынша сот органдарына жүгіну құқығымен қайта бөлінді.
3. Қазақстан Республикасының бір азаматында жалдау құқығында болуы мүмкін бiр әкiмшiлiк бірліктің шегіндегі ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерiнiң шектi (ең жоғары) мөлшерiн белгілеу үшін Жер кодексінің 50-бабының редакциясы өзгерді, сондай-ақ орталық уәкілетті органның (Комитеттің) шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін анықтау әдістемесін әзірлеу жөніндегі құзыреті анықталды.
Бұл норма ауыл шаруашылық жерлерінің үлкен алқаптарын бір қолға беруді болдырмау мақсатында енгізіліп отыр.
4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының күзет аймағына тікелей жанасатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру бойынша шектеулер белгіленді. Заң жобасымен шекаралық белдеу мен шекаралық аймақта орналасқан жер учаскелерін беруге тыйым салу көзделген. Мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінің шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері меншікке және жер пайдалануға берілмейді, ал шекаралық аймақтағы жер учаскелері тек Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына берілуі мүмкін (шетелдіктердің қатысуынсыз) деп регламенттелген.
5. Жеке аула малын ұстау үшін қажетті елді мекендердің шекараларының шегінде орналасқан жайылымдық және шабындық алқаптарын пайдалану бойынша шектеулер белгілеу енгізілді. Ауыл халқының малын жаю үшін жайылым алқаптарының жетіспеушілік проблемаларын шешу үшін Заң жобасында арнайы нормалар қарастырылған, оларға сай елді мекендер айналасында халықтың жеке малын ұстау бойынша халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін қажетті жайылым алаңы анықталады.
Одан басқа, бүгінгі күні елді мекендер айналасындағы жайылымдардың көбі жеке тұлғалардың меншігінде және жер пайдалануында болуын ескере отырып, халықтың жайылымдық алқаптарға мұқтаждығын мемлекет мұқтаждығына жатқызу жолымен, оларды алып қоюға әкімдерге мүмкіндік беріледі.
Жер қатынастарын реттеу мәселелері жөніндегі заңнамаға барлық түзетулер мен толықтырулар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан құрылған жер комиссиясының жұмыс нәтижелері бойынша, өңірлерді аралау барысында түскен қоғамдық пікір мен жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдарының пікірін ескере отырып әзірленген.
Түзетулер Қазақстан азаматтарының наразылық көңілдерін жоюға, кейбір \”түсініксіз\” нормаларды нақтылауға, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен басымдылығын қорғауға бағытталған.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button