Руханият

Асылдарымызға мәңгілік ескерткіш

 Асылдарымызға мәңгілік ескерткіш


Атақтарынан ат үркетін ақын, жазушы, әнші, күйші ағаларымыз болған, қазір де жетерлік. Олардың шығармаларын оқыдық, өнерлеріне тәнтіміз. Кейбірімен кездессек, көшілігінің атын естігенмен, түр-тұлғасын суреттерінен ғана көрдік. Мінез-құлқы, адами қасиеті, күнделікті өмірдегі әрекеті, дос-жолдастарымен аралас-құраласы, ұлт руханиятын ілгерілетуге қосқан үлесі, отбасы туралы білуге әркім-ақ құмар екеніне еш күмәнім жоқ. Бірақ өмірден озған сол асылдарымыз жайында мағлұмат беретін дүниелер анда-санда газет-журналдарда жарияланады. Ал қалың жұрт баспасөзге жазылуды басы артық нәрсе деп есептейтін қазіргі заманда оларды бірлі-жарым ғана адам оқиды. Ал жастарымыз кешегі аталары мен ағалары туралы естіп білгісі келмейді дегенге сену қиын. Оларға не ұсынамыз?

 Асылдарымызға мәңгілік ескерткіш

Сүйінші, ағайын! Отыздан астам кітаптың авторы, шығармашылық жолын облыстық «Дидар» (бұрынғы «Коммунизм туы») газетінде бастаған, белгілі сықақшы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағында ұзақ жылдар қызмет істеген жерлес ағамыз Ғаббас Қабышұлы «Көңіл көгінде» деген атпен естелік толғаныстар жинағын шығарды. «Сағыныш сазына толы бұл жинағымдағы жазбаларым бірыңғай естелік емес, кейіпкерлерімнің қоғамдық, шығармашылық қызметтері хақында өзімше топшылау-толғаныстарым да. Бұлардың бірі – қимасымнан айырылған күндерде жазылса, енді бірі қағаз бетіне түскенше апталар, айлар, жылдар өтті. Біразын ойымның жаңғырасына орай қайта оқып, толықтырдым, бірақ «кім біліп жатыр?!», деген пендешілік желпінісінен өз пайдам үшін жоқтан бар жасамадым, аруақты сыйлау дәстүрімізді сақтадым» – дейді автор кітаптың алғы сөзінде.

Ғаббас ағаның жинағын қызыға оқи отырып, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ә.Шәріпов, І.Есенберлин, Б.Момышұлы, Ә.Әлімжанов, Ә.Нұршайықов, Ғ.Орманов, Е.Букетов, Х.Есенәлиев, Ө.Жәнібеков және ұзын ырғасы 90-нан астам асылымыздың өмірі, шығармашылығы, адамгершілігі мен азаматтығы жөнінде көпшілік біле бермейтін ұлан-ғайыр сырға қанықтым. Қай естелігін оқысаң да Ғабең кейіпкерінің қасиеттерін оның өмірге көзқарасы, маңайындағылармен қарым-қатынасындағы ерекшелігі, екеуара сыйластығы жайлы тартымды әнгімесімен жан-жақты ашқан.

Алпыс жылға таяу Алматыда тұрып, жазушылар, ақындар, композиторлар мен ғалымдар ортасында болған Ғабеңнің достыққа берік, әрдайым турашыл да әділ, өсек-өтірікке жаны қас екенін, өзім дегенге қоң етін кесіп беруге әзірлігін бұрыннан білетінбіз. Ал қолымыздағы жинағын оқыған соң ағамыздың нағыз азамат екенін көп уақыт аралас, дос болған ардақтыларымыздың оған деген көзқарасынан, ол туралы пікірлерінен айқын аңғаруға болады. Осыдан он бес жыл бұрын Ғ.Қабышұлының «Сағыныш сазы» деп аталатын жинағы жарық көрген. Онда бақилық болған отыз ақын-жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы естеліктері топтастырылған-ды. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықов 2004 жылғы 19 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде былай деп жазыпты: «Жиырма шақты кітап жариялап, жазушылар жайында төрт-бес естелік жинақтарын құрастырған осы қаламгер туралы жұрт назарын аударарлық бірде-бір мақала жазылмапты, бірде-бір марапат көрсетілмепті. Әрине, ол жазушының өте кішіпейілдігінен: менің кітабымды мақта немесе маған сыйлық бер деп жалынып, ешкімнің алдына бармайтындығынан болар». Әз-ағаңның айтқанында бір жаңсақтық жоқтығына соңғы жинақты оқығанда көзіміз жетті. Ғабекеңнің достары әңгіме-кездесулерінде оған «Сыйлыққа неге ұсынбайсың? Орден-медальдың, атақтың соңына неге түспейсің?» деген сауалды алға тарта беретіні байқалады. Ал Ғабең «Ешқашан, ешкімнен ештеңе сұрап, басымды иген жоқпын, олай етпеймін» дегеннен жаңылған емес.

Әз-ағаның мақаласынан «тірі адамдар өзара қарым-қатынаста боламыз, дос, жолдас, сырлас, сыйлас өмір сүреміз. Бірақ өлгеннен кейін оларды ұмытып кетеміз. Есімізге алмаймыз, Естелік жазбаймыз» дегенді оқыдық. Одан әрі бұл шаруамен айналысып жүрген жалғыз Ғаббас Қабышев екенін айтқан. Бұдан он төрт жыл бұрын айтылған осы сөздің шындық екенін Ғабең соңғы жинағымен дәлелдеп отыр.

Жоғарыда айтқанымыздай, «Көңіл көгінде» кітабы да 90-дай марқұм болған ардақтыларымыз жайлы жазылған ғой. Олардың әрқайсысы туралы сөз ету ойымызда жоқ. Бұл жерде жинақта бірқатар жерлестерімізге орын беріліпті. Оқырман қауым белгілі жазушы, мемлекет қайраткері Әди Шәріповтің, партизан-жазушы, Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің, М.Әуезовтің шәкірті Қайым Мұхамедхановтың, бүкіл еліміздің сүйікті жазушысы Оралхан Бөкейдің, кеше ғана бақилық болған жазушы, драматург Қалихан Ысқақовтың, Г.Маркестің «Жүз жыл жалғыздығын» қазақша сөйлеткен Кеңес Юсуптың шағармашылығымен жақсы таныс шығар. Жинақта осы жерлестеріміз ғана емес, тағы он шақты ақын-жазушыларымыз хақында мағлұмат беретін қызықты дүниелерді табасыз. Мысалы, суретші, мүсінші, жұмбақ сөзші, «Коммунизм туы» газетінде ұзақ уақыт қызмет еткен Талаптан Иманбаевтың Ғ.Мүсіреповтің үйінде болғанын кім білген? Ол жайында осы жинақтан оқыдым.

Ғабеңнің аса жақсы көрген бір інісі әдебиетіміздің классигі Оралхан Бөкей еді. «Маған Ораш жайындағы естеліктерім тым қымбат» деген екен. Бүкіл елін суреткерлік шеберлігімен тамсандырған Оралхан туралы естелікті оқығанда, Орашты танып-білген кісінің көз алдына асылымыздың бүкіл мінез-құлқы, болмысы, сөз сөйлеу мәнері мен паңдығы, бұдан 25 жыл бұрынғы тірі Оралхан келеді. Осы арада Ғабең мен Оралханның мінезіндегі ұқсастықты айту орынды. Екеуі де тура сөйлейтін, қулық пен қызғаншақтықтан ада, әділетсіздікке қаны қарсы, жақсылыққа қуана, жамандыққа күңірене білетін жандар. Содан да болар, Ғабеңнің Орашты пір тұтқаны. Айтпақшы, Қазақстанда ғана емес, бірқатар шетел оқырмандарын тума талантымен тәнті еткен Орекең осы айдың 28-де 75 жасқа толады. Атақты жерлесіміздің туған күні есте қаларлықтай атап өтілсе, аруақ риза болар еді. Классик ағаларының атын естіп, шығармашылығымен, өмірімен танысу жастарымыздың жан-дүниесін байыта түсер еді. Егер жазушының мерейтойы тойланып, оған Ғ.Қабышев сынды сырлас ағалары шақырылып жатса, әдемі әңгіме өрбитіні анық.

Ұзақ уақыт сырлас та сыйлас болған аға-інілерінің жоқтаушысы Ғаббас Қабышұлының аталмыш еңбегін көзі қарақты қазақтың күндіз шам жарығымен іздеріне дау жоқ. Бірақ ол кітапты қолға түсіреріне күмәнім бар. Неге дейсіз ғой, сенсеңіз де сенбесеңіз де, айтайын, оның таралымы небәрі 100 дана. Ұлт әдебиеті мен мәдениетінің алтын қорына ертең-ақ айналатын бұл жинақты елдің әрбір кітапханасына тіпті бір данадан жететіндей етіп басып шығаруды қолға алатын министрлік немесе баспа басшылары табылар ма екен? Ертең «Көңіл көгінде» қалың оқырманның қолына түсіп жатса, рухани жаңғыруымызға елеулі үлес қосады. Ол жағын жоғарыдағылар ойласын.

Ж.Әділбаев.

Осы айдарда

Back to top button