Жаңғырмауға қақымыз жоқ

Жуырда облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Онда өңірімізде осы салаға байланысты қордаланып қалған біраз мәселелердің түйіні тарқатылды. Әңгіменің байыбына барып, тереңінен ой сүзбек ниетпен осы комиссияның мүшесі Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаевпен сұқбаттасқан едік.
-Әлібек Қалиұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көріп, өңірлерімізде жүзеге асып жатқанына жылдан асты. Мақаланың дәл осы ономастика саласына тікелей қатысы бар екендігін жақсы білесіз. Біздің Шығыс өңірі ономастика саласының жаңғыруына өз үлестерін қалай қосуда?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ халқының көне мұралары мен ұлттық кодын сақтау жан-жақты баяндалған болатын. Осы орайда Шығыс өңірінде бірталай игі бастама қолға алынуда. Ұзақ жылдар бойы өңіріміздегі ұмыт болған көне елді мекен атауларын қайта жаңғырту мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бері облыс аумағындағы отаршыл¬дық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз. Оған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мұрындық болып отыр. Әрине, бұл істің де оңайлықпен атқарылып жатпағаны өздеріңізге мәлім болар. Ономастика мәселесі бойынша облыстық басқарма қала, аудандармен тығыз байланыста жүйелі түрде жоспарға сәйкес жұмыстар атқаруда.
Ономастика – аса күрделі мәселе. Мәселен, облысымызда 7765 көше, 1076 әкімшілік-аумақтық бірлік бар болса, көшелердің 3106-сы, әкімшілік-аумақтық бірліктердің 738-і ұлттық-мемлекеттік атауға ие.
Соңғы жылдары облыс бойынша бірталай елді мекендерге егемендігімізге сай атаулар беріліп, кейбір мағынасы жойылған географиялық нысандар мен көшелердің, білім ордаларының атаулары тәуелсіздік талабына сай өзгертілді. Бүгінгі таңда Елбасымыздың тілдің төл заңдылығын бұзып тұрған атауларды өзгерту қажет деген қағидасын басшылыққа ала отырып, айтылуы, жазылуы бұрмаланған атауларды өз ана тіліміздің заңдылығына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығына да куә болып отырмыз.
Облыстық ономастика комиссиясы өзінің әр отырысында қала, аудандардан келіп түскен ұсыныстар мен өтінімдерді мұқият қарап, әділетті шешім қабылдайды.Яғни, біздің комиссияның әр отырысынан соң өңірлеріміздегі атауларға байланысты жоғарыдағы сандар көбейіп отырады деген сөз.
-Сіздің облыстағы ономастика саласының өзекті мәселелерін кеңінен талқылап, бұл тақырыпқа бей жай қарай алмайтыныңыз, келелі істің алға жылжуына аса белсенді үлес қосып жүргеніңіз жұртқа аян. Сондықтан да болар, өзіңізді облыстық ономастика комиссиясының жаңа құрамынан көріп отырмыз. Сіз қатысқан алғашқы отырыста нендей мәселелер қаралды? Сонымен бірге өңірлердің дәл осы өте маңызды ұлттық-жағырапиялық мәселеге деген белсенділігі, көзқарастары қалай екен?
-Облыстық ономастика комиссиясының құрамы облыстық мәслихаттың депутаттарынан, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінен құралған беделді мүшелерден тұрады. Комиссияның кезекті отырысында қала, аудандардан келіп түскен бес ауыл, төрт ауылдық округ, сегіз нысан (мемлекеттік мекемелер: мектептер, т.б.), 124 көше атауларын өзгертуге байланысты өтініштерді қарадық. Өтініштердің басым бөлігі комиссия тарапынан қолдау тапты.Идеологиялық тұрғыдан ескірген жеті елді мекеннің (Куйбышев, Фрунзе, Калинин, Романовка, Киров, Калинин, т.б.), төрт мектептің Октябрь, 2-Киров, т.б.), 92 көшенің (Советская, Красноармейская, Октябрь, Комсомольская, Коммунистическая, Ленин, Пролетарская, Чапаев, Дзержинский, Пионерская т. б.) атаулары қайта қаралды. Бородулиха, Шемонайха, Бесқарағай, Зырян аудандары белсене кірісті. Сонымен бірге бұл мәселеде Үржар, Ұлан, Тарбағатай, Зайсан, Семей өңірі де қалыс қалып жатқан жоқ. Мысалы, Зайсан ауданы өздерінен шыққан, қазірде бақилық болып кеткен таланттылары Тоқтарбек Қызықбаев, Асқар Егеубаев, Марат Қабанбаев сынды аруақтыларын шыр-пыр болып іздеп, соларды ұрпақтар зердесінде мәңгілікке қалдыруға әрекеттеніп жатқандығына сүйсіндік. Ал керісінше Күршім ауданындағы Игілік ауылын Бижігіт би ауылы деп, Семей өңіріндегі Крупская ауылын Төре ауылы деп атауға берілген анықтамалар тым әлсіз. Күршімдіктер Игілік деген тәп-тәуір сөзден қашып, неге ғана белгілі бір ру басы Бижігіт биді таңдасқан? Қазір ономастикалық комиссия белгілі бір ауылға не көшеге белгілі бір ру басының не рудың атауын беріп кеп жіберсінші, шу қарақұйрық, қызықтың көкесі сонан кейін басталады: «менің анауыма, менің мынауыма берейік, анауымыз пәлен төбеге шығып төрелік айтқан, мынауымыз әнеу бір қоғамдық формацияда біргәдір боп ел басқарған» дейді. Тоқтату қиямет.
Қазақтың: «Күңге күле қарасаң, көйлегіне жамау сұрайды» дегені осыдан шықса керек. Сондықтан да болар, ономастикалық комиссияға орталықтан берілген нұсқаулардың бастысы: қоғамға немесе мемлекетке ерекше еңбегі сіңген танымал тұлғалар болмаса, жекелеген, жергілікті ғана маңызға ие адамдарға атауларды бермеу. Өте орынды талап, меніңше. Ал анау Крупская деген жалқы есім саяси мәні мен абыройынан айырылған атау делік, оны Төре демей, неге басқа бір лайықты атаумен алмастырмасқа. Әрине, Төре жалқы емес, оның алдында адам аты болғандығы рас. Сол неге «окопта» қалған, неге толық жарыққа шықпайды? Тағы да…

– Титов, Гагарин, Комаров, Королев атауларын өзгерту жайлы да ұсыныстар түсіпті. Бұлар – әлемдік деңгейдегі танымал тұлғалар. Бұл жерде саясаттың қатысы да, иісі де жоқ. Сондықтан бұл атаулардың қала бергені орынды. Біз Тоқтар Әубәкіровтің, Талғат Мұсабаевтың есімдерін беруге де қарсы емеспіз»,- деген комиссия төрайымы, облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызының сөзі де өте орынды.
Әйтеуір қазақшалау керек екен деп орынды-орынсыз кескілей беру де тарихқа қиянат келтіретінін ұмытпағанымыз абзал. Сонымен бірге кейбір ауыл тұрғындары тұрғылықты халқының саны тым аз, өздері қысқа көшелерге атынан атан үркетін атауларды беріп жіберуге әуес. Мәселен, Семей өңіріндегі Достық ауылдық округі аз тұрғыны бар көшені Мәңгілік Ел деп атағылары келсе, Шаған ауылдық округіндегі 300 метрлік көшені Тәуелсіздік деп атағылары келетін көрінеді. Сол сияқты Воронежский дегенді Станционныйға ауыстырғаннан ұтарымыз не? Соларды ескерген комиссия 124 көше атауының 16-сын кері қайтарды. Осы отырыста облыстағы сегіз мектептің атауын өзгертуге келген ұсыныс қолдау тапты.
Енді әлгі өзің айтқан көзқарас жайлы бір ауыз сөз. Жалпы, көзқарас жақсы. Барлық аудандар дерлік тірлік жасап жатыр. Керісінше, қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, марқұм Қалихан Ысқақов, Алаш сыйлығының иегері, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, талантты жазушы, өткір публицист Дидахмет Әшімханұлы, Алтайдың адуынды ақыны Ақтан Нұрбаевтай мықтыларына атау сұрамай жатқан Катонқарағай ауданына налыдық. Қалихан Ысқақовқа өзі туып-өскен, білім алған Топқайың орта мектебінің, ал Дидахметке туған ауылы Жаңаүлгі орталау мектебінің, Нұрбаевқа Берел мектебінің атауларын неге беріп жібермеске…
Кеңестік дәуірдегі большевиктік кейіп-кеспірінен айырылмай тұрған Өскемен қаласының көрнекті жерлеріне бауырларын төсеп, ғасырға жуық міз бақпай жатқан Орджоникидзе, Ворошилов, Питер Коммунарлары, Дзержинский, Киров, Калинин, Новаторлар т.б. үлкен көшелерге Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Райымжан Мәрсеков, Жүсіпбек Аймауытов, Қанипа Бітібаева, Серік Ғабдоллаұлы, т.б. есімдері қазаққа танымал тұлғалардың аттары берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, бұлардың кейбіреулеріне қала шетіндегі жаңадан бой көтеріп келе жатқан көшелердің атаулары берілген. Дегенмен, халқының сүйіктілері қаланың орталығына кіргені жөн.
-Ономастика төңірегінде нендей жақсы жаңалықтар бар, Әлаға?
-Қазір барлық шектеулер алынып тасталынған. Мәселен, бұрындары еліміздің талантты ұлы мен қызы дүниеден өткен соң, тек бес жылдан соң ғана атау берілетін еді ғой. Қазір ол жоқ. Қазір тірі жүрген тұлғаларымызға да атау беруге мүмкіндік туды. Алайда шектеу алынған екен деп ойсыз, толғақсыз өтініштерді қарша боратқаннан ұтарымыз шамалы. Нендей мәселені болсын жүз ойланып, бір кескен пайдалы да тиімді. Неге десеңіздер, біз бүгінгі жер-су атауларымен еліміздің ертеңгі шежіресін жазып, мұрағатын хаттап жатқанымызды ұмытпайық!
Сұхбаттасқан – Серік Құсанбаев