Қоғам

Жақындарынан көрмеген жақсылықты көріп отыр

Жақындарынан көрмеген жақсылықты көріп отыр

– Отбасы болған соң түрлі жағдайлар болады… Біздің қарттар үйінде әртүрлі тағдыр иелері бар. Қартайғанда осындай жағдайға тап болатындай қарияларда қандай жазық бар еді? – деп Өскеменде жуықта ашылған қарттар үйінің басшысы Нұрболат Қалияқпаров әңгіме тиегін ағыта бастағаны сол еді, қала іргесіндегі Карабах ықшамауданына жетіп қалдық.

Шаһар сыртында орналасқан зәулім ғимараттың айналасы тап-тұйнақтай екен. Кезінде Арматура зауытының профилакторий болған ғимарат биылдан бастап егде тартқан қарттардың мекеніне айналған. Біз барғанда күндізгі демалыс уақыты болғандықтан, аулада серуендеп жүрген ешкімді көрмедік. «Өз үйің – өлең төсегің» болмағандықтан, мекеменің белгілеген талаптарына сай ішкі ережелеріне бағыну қажет. Есіктен кірген бетте қарттар үйінің басшылары Алена Садуева мен Ольга Миллер күтіп алды. Жалпы, көпшілік арасында бұл жер Қарттар үйі деп танылғанымен, мекеме ресми түрде «Луч надежды» әлеуметтік бейімдеу орталығы деп аталады. Осы ғимаратты жуықта ашқандарына қарамастан, Алена Садуева мен Ольга Миллердің айтары көп екен.

– Қырық адамға арналған қарттар үйінде қазір он шақты қария тұрып жатыр. Оларды төрт адам күтеді. Қарияларға барлық жағдай жасалған, төрт уақыт тамақтанады. Мұнда мәдени-демалыс орындары мен басқа да қажетті керек-жарақтар бар, – дейді Алена Садуева.

Расында да, мұндағы қарттардың арасында денсаулығы тың адамдармен қатар, өз күшімен жүріп-тұруы қиын науқас жандар да бар. Олардың барлығына қабақ шытпай қызмет көрсететін мекеме қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Аталмыш орталықтың директорының бірі Ольга Миллердің айтуынша, қарияларды күн сайын орнынан тұрғызу, тамақтандыру, жуындырып-киіндіру оңай шаруа емес. Ал мекеме қызметкерлерінің алатын айлығы 40 мың теңгенің айналасында ғана.
Ағымдағы жылы көкөніс өсіретін жылыжай салуды жоспарлап отырған мекеме басшылары алдағы уақытта қариялармен жүйелі түрде жұмыс істейтін денешынықтыру пәнінің мұғалімі мен психолог маманды қызметке алмақ.

Қарттар үйін ашпастан бұрын Арматура зауытының бұрынғы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Ресейден қажетті төсек-орын жабдықтарын алдырған. Бұлардың бәріне кәсіпкерлер 20 миллион теңгеден астам қаражат жұмсапты.

Қарттардың бәрі бөлмелерінде екен. Ғимараттың ішінде қатар-қатар орналасқан бөлмелердің бірнешеуіне кіріп, ата-апаларымыздың қал-жағдайларын сұрап шығуға мүмкіндік туды. Бір бөлмеде екі, үш, төрт, бес адамнан орналасыпты. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, бөлмелес адамдар бір-бірін өз еркімен таңдайды. Бұл жердің бұдан басқа да түрлі ішкі тәртіптері бар. Мысалы, кешкі сағат жетіден кейін сыртқа шығуға болмайды. Туыстарымен кездесу үшін де арнайы белгіленген уақыт бар, сағат 9.00-19.00 аралығында.

Аты-жөнін Геннадий Байда деп таныстырған зейнеткердің осы мекемеге келгеніне бірнеше күн болыпты. Жасы жетпістен асқан ол жас кезінде Белоусовкадағы шахтада жұмыс істепті.

– Қартайып, бойынан қауқар кеткен мен сияқты жалғызбасты адамдар үшін бұл жер өте ыңғайлы. Қазір балаларымның маған қарайтын уақыттары да, жағдайлары да жоқ. Әрқайсы өз отбасының қамымен кетті. Ал мұнда бізге қарайтын адамдар бар. Осы орайда, мекеме қызметкерлеріне, әсіресе, басшылығына үлкен алғыс білдіргім келеді. Күні-түні бізді күтіп-бағып, ас-суымызды дайындап тұрады. Төсек-орнымыз таза, тамағымыз тоқ, одан басқа бізге не керек, – десе де, зейнеткердің көңілінде бір мұң барын аңғардық.

Қарттар үйіндегі мәдени демалыс орны мен ас бөлмесінде теледидар қарап, кітап оқып, шүйіркелесіп шай ішіп отырған қариялардың тағдыр жолы әртүрлі. Қайткенмен де, қарттар үйі демалыс орны емес. Алайда, қартайған шағында балалары мен туған-туыстарынан көрмеген мейірімділік пен қамқорлықты осы мекемеден тауып отырған қариялар Алена Садуева мен Ольга Миллерді балаларындай көретінін айтты.

– Қарттар үйіне алғаш түскен адам екі апта бойы дәрігерлердің қадағалауында болады. Жұқпалы тері аурулары немесе басқа да дерті жоқ болса, зейнеткерге бөлмелес адам қарастырылады. Қартайған шағында болмашы нәрсеге бала сияқты өкпелеп, ренжіп қалатын қариялардың көңілдеріне қараймыз. Сондықтан біз қарттардың мінез-құлығына байланысты бөлмелес адам қарастырамыз, – дейді Алена Садуева.

Әзірге мемлекет тарапынан бір тиын алмай, өз қаражатына жұмыс істейтін мекеме жалғыз. Алдағы уақытта қарттар үйінің басшылығы мемлекет тарапынан аз да болса қосымша қол жеткізсек дейді.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button