Қоғам

Жағымды иіс жол апатынан сақтайды

Жағымды иіс жол апатынан сақтайды

Өткен жылы облыста көлікте өрт шыққан 215 жағдай тіркелген. Төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары «егер көлікте өрт сөндіргіш құралдар болса, олардың үштен бірінің алдын алуға болар еді» деп сеніммен айтады.
Құтқарушылардың қолайсыз ауа райы туралы хабарламаларына қарамастан, боранды күні алыс жолға шығып кететіндер де аз емес. Кей жағдайда олар омбы қарға батып та үлгермейді екен, егер қастарында күрек немесе басқа бір құралдары болса, жүргізушілер өз күштерімен-ақ қардың құрсауынан босай алатындай жағдайлар кездесіпті. Келешекте осындай төтенше жағдайлардан сақ болу үшін тұрғындардың назарын қалай аударуға болады? Облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мамандары шығысқазақстандықтарды жағымды иістердің көмегімен құлақтандыруды жөн санайды.
Өрт қауіпсіздігі саласының бақылау және алдын алу қызметі басқармасы инспекторлары өздерінің қанатқақты акцияларын облыс орталығындағы көлік базарлары мен сауда үйлерінің тұрақтарынан бастады. Құтқарушылар жүргізушілерге көлікке арналған хош иістенгіштерді таратты. Онда құтқару қызметінің телефоны көрсетілген.
Өскемендік Асылан кішкене сәбиі және жұбайымен аптасына бір рет сауда үйіне келіп, сауда жасап кетеді екен. Алайда, қыс кезінде баламен қала сыртына, алыс жолға шықпайтынын айтады. Дегенмен, ол құтқарушылардың шағын сыйлығын қуана алды.
-Жай ескертулер, бүктемелер мен парақшаларды көпшілігіміз оқымаймыз. Тұрғындардың назарын аталмыш проблемаға осындай әрі тиімді, әрі пайдалы зат арқылы аудару өте дұрыс, – дейді жас әке.
Өрт сөндірушілер сонымен қатар жүргізушілерге төтенше жағдайға тап болғанда өздерін қалай ұстау қажеттігін түсіндіріп, қастарында қандай құралдардың болуы шарт екенін айтып берді.
Департаментте жобаға арналып бес мыңнан астам хош иістендіргіш әзірленгенін айтты. Олар құлпынай, алма және карамельдің иісімен мүңкиді. Сонымен қатар дәл осындай акциялар барлық аудандарда да өткізілмек. Құтқарушылар көліктің маңдайшасына ілінген хош иістендіргіш өзінің тербелісімен жүргізушіге абай болу қажеттігін үнемі ескертіп тұрады деген пікірде.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button