«Жайдарман» Күршімде

Күршім ауданына республикалық «Жайдарман» қоғамдық бірлестігінің өнерпаздары арнайы сапармен келді.
Күршімдік өнерпаздар, бірқатар мекемелер ұжымдары құрметті қонақтарды өткелден музыкалық сәлем жолдап, мультфильмдер кейіпкерлерінің бейнесінде киініп, театрландырылған көрініс көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
Қонақтар алдымен Күршімдегі «Қазақ елі» монументін, тарихи-өлкетану мұражайын, «Барақ батыр» ескерткішін және басқа да көрікті жерлерді тамашалап, мәнді де мағыналы саяхат жасады. Кеш түсе аудан орталығындағы кең де әсем безендірілген «Көкжал» мейрамханасында аудан әкімінің қабылдауы болып, онда әйгілі «Ғибрат-шоу» ұжымының мүшелері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, кешті барынша қызықты өткізді.
Келесі күні Қ.Тұрар атындағы аудандық Мәдениет үйінде биылғы «Жастар жылы» аясында облыстық жастар ресурстық орталығының, «Қазақстан КВН одағы» республикалық «Жайдарман» қоғамдық бірлестігі және «Өскемен-КВН» филиалының бірлесе атсалысуымен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кубогын сарапқа салған Х республикалық «Жайдарман» ойындарының фестивалі өткізілді.

Оны ауданымызға әдейілеп келген, осы өнерде талай жастың бағын ашып, үлкен жолға қанат қақтырған Қазақстан КВН ойындарының президенті Есен Елеукеннің өзі жүргізді. Ойынға Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей қалаларының және Көкпекті, Күршім аудандарының командалары қатысып, өнер көрсетті. Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов аудан атынан талдықорғандық «Шапалақ» командасына сыйлық тарту етті. Үздік ойыншы атағын «Тұран-Астана» құрамасының ойыншысы Жұмаш Жүсіпжан жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер және қатысқан барлық командалар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ойын қорытындысы бойынша бас жүлдені Алматылық «АТУ» құрамасы жеңіп алды. І орыннан өскемендік «Gold» командасы көрініп, ІІ орынды семейлік «Элемент» командасы иеленді. Ал ІІІ орынға Көкпекті ауданының «Көкжайық» командасы қол жетікізді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер және қатысқан барлық командалар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал мұндай ауқымды іс-шараның облыс орталығында емес, шалғайдағы шеткері ауылда өтуінің өзі аса маңызды болып саналатын жағдай.
Қызықты «Жайдарман» ойынынан кейін орталық алаңда жастарға арналған би кеші ұйымдастырылып, бұл кеш баршаға ортақ көңілді мерекеге айналды.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.