Қоғам

Жауынгер мүрдесі қайта жерленді

Жауынгер мүрдесі қайта жерленді


Оның мүрдесі Ресейдің Орлов облысынан табылып, қайта жерлеу үшін туысқандарына берілді. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі облыс орталығындағы Ертіс пен Үлбінің түйіскен тұсында Даңқ мемориалында өткізілді.

Риддерлік жерлесіміз Филипп Антропов алдымен 1939-1940 жылдары Фин шайқасына қатысып, туған қаласындағы Тишин руднигіне қайтып оралады, 1942 жылы неміс басқыншыларына қарсы қайтадан майданға аттанады. Алайда қайта оралмасын өзі де білмеген еді…

Ол 1943 жылы майдан даласында ерлікпен қаза табады. Жерлес жауынгерді салтанатпен соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне облыстық ардагерлер кеңесінің, құқыққорғау органдарының басшылығы әскерилер және қала тұрғындары қатысты.

– Бұл соғыс бізді туғандардан, ет жақын туыстардан айырды. Арада осыншама уақыт өткенде өзін бостандық пен тәуелсіздік жолында құрбан еткен жерлесіміз туған жеріне «оралып» отыр. Бүгінгі шараның біз үшін және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі мәні ерекше, себебі, бұл соғыс бәріміздің отбасымызға қайғы әкеліп, жүрегімізді жаралап кетті, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.

Атап өтерлігі, соғыс солдатының туған жеріне «жетуіне» қазіргі уақытта немересі еңбек етіп жүрген «Қазцинк» ЖШС үлкен көмек берген екен. Мүрдені Ресей Федерациясының Кром кентінде немересі Игорь Антроповқа табыс еткен.

– Өңірдегі ірі кәсіпорын «Қазцинкке» алғысымыз шексіз, бұл біздің отбасы үшін баға жетпес маңызды жайт, – деді ол жиын барысында.

Қызыл әскердің сүйегін ресейлік «Гвардия» және «Батальон» іздеу жасақтары тапқан екен. Іздеушілердің айтуынша, бір мезетте қаза тапқан әрі күні бүгінге дейін сол жерде жатқан бес солдаттың үшеуінің ғана мәліметтері табылған. Жауынгер Филиптің солдаттық медальоны, жеке басының құжаттары сол қалпында сақталыпты. Онда 1912 жылғы екені, соғысқа Лениногордан шақырылғаны (қазіргі Риддер) жазылған.

– Арада 75 жыл өткенде атамыздың тағдыры туралы біліп отырмыз. Біздің отбасы қандай да бір дерек табу үшін осы күнге дейін көп ізденген болатын. Өкінішке қарай, екі жыл бұрын әкем де еш хабар ала алмай қайтыс болды. Ағалары да өмірде жоқ, майдангердің үш ұлы да бұл күнді көре алмай арманда кетті, – дейді Игорь Антропов.

Екінші дүниежүзілік сұм соғыстың құрбаны болған солдат іс-шарадан соң, ұлдары жерленген Жаңа Соградағы зираттан мәңгілік мекен тапты. Бейіт басындағы жиналған қарақұрым қауымның ойында «Біз, Сіздерге қарыздармыз, ардагерлер!» деген ой тұрғаны анық еді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button