Жауапсыз мердігерлерге қатаң жаза қолданылады

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ мерзімінен кешігіп жатқан құрылыстардың мердігерлерін қабылдады.
Аймақ басшысы құрылысы кешіккен 118 нысанның 80-нен астамында жағдай қалыпқа келгенін атап өтіп, бірнеше нысандар бойынша құзырлы органдарға текксерулер жүргізу жөнінде тапсырма берді.
-Менің алаңдаушылығымды тудырып отырған құрылыс нысандары бар. Ақсуат ауылындағы спорт кешеніне қатысты мұқият жұмыс жүргізу қажет. Жауапсыздық танытып, қаржыны желге шашқан «Семей-Мега-Строй» ЖШС-не қатысты лицензиясын қайтарып алуға дейінгі шараларды қолдану керек. Мен құрылыс басқармасына тапсырма бердім. Мемлекет қаржысына салынған құрылысты тұралатқан қамсыз компаниялардың тізімін бір аптаның ішінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау керек. Бір нысанды бес жылға дейін созған мердігерлерге ең қатаң жаза қолданылуы тиіс, – деген аймақ басшысы жауапсыздығымен көзге түскен компаниялар тендерлерге жіберілмеу керектігін ескертті.
– Мәселен, «Семей-Мега-Строй» ЖШС бір нысанды құрдымға жібергеніне қарамастан, Семей қаласындаға дюкер құрылысының тендеріне қатысқан. Бұл бассыздықты уақытында байқап, тендердің нәтижелерін жоққа шығардық. Мемлекеттік сатып алуды реттейтін басқарма да бұл бассыздыққа жол беріп қойған, – деді облыс әкімі.
Сақалды құрылыстардың ішінде жергілікті әкімдердің бас ауруына айналған нысандарға құқық қорғау органдарын да араластыру жайы сөз болды. Зырян ауданындағы оңалту орталығының құрылысын кешіктірген мердігерге қарсы тексерістер жүргізу жөнінде аудан басшылығы тарапынан өтініш түсіп отыр. Өңір басшысы облыстық прокуратура мен мемлекеттік кіріс департаментіне аталған нысанға толыққанды тексеру жүргізуді тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков Күршім ауданының Үшбұлақ ауылындағы 80 орындық мектеп пен Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылындағы спорт кешенінің құрылысына қатысты ақпарат ұсынды. Оның айтуынша, Үшбұлақтағы мектеп құрылысына республикалық бюджеттен 267 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Тендерде бағы жанған «Восток Капитал Строй» ЖШС құрылысты 4,5 айдың ішінде аяқтауға міндет алған. Нысанды дер кезінде тапсыру былай тұрсын, арада төрт жылға жуық уақыт өтіп, іс сотқа жетіп отыр. Құрылысқа қажет деп алдын ала бөлінген қаржының тек 90 млн. теңгеге жуық бөлігі ғана игеріліп, 40 млн. теңгеден астамы желге ұшқан. Төрт жыл ішінде бағаның мың құбылуына байланысты бүгінгі таңда құрылысты аяқтау үшін қосымша 194 млн. теңге қажет екені есептелген. Осылайша 80 орындық шағын мектепке мемлекет екі мәрте шығындалмақ. Компания басшылары құрылыстың кешігуін келісімшартқа қыстың алдында қол қойылуымен байланыстырып бағуда. Ақырғы шешімді сот орындары қорытынды сараптамадан кейін шығаруы тиіс. Ал мектепке мұқтаж үшбұлақтықтар 2016 жылғы бюджеттің бекітілуін күтетін болды.
Ал Ақсуаттағы спорт кешенінің құрылысына жауапты «Семей Мега Строй» ЖШС-не соңғы мүмкіндік берілді. Құрылысқа деп бөлінген 180,6 млн. теңгені жеті айдың ішінде игеруі тиіс болған компания екі мәрте жалпы көлемі 225 АЕК мөлшерінде айыппұл төлегеніне қарамастан құрылысты қараша айында аяқтайтындарына сенімді. Бұл нысанға техникалық қадағалау жүргізген «Облжилкомхозстрой» ЖШС-не де салғырттығы үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салыныпты. 10 адам, екі техникамен бір жыл бойы жұмыстың 55 пайызын ғана атқарған құрылыс компаниясының өкілдері соңғы кезде қауырт қимылдай бастағандарын айтып, ант-су ішті.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы аталған құрылыстардың барлығы өзінің тікелей бақылауында тұрғанын ескертті.
-Жалпы алғанда соңғы кезеңде құрдымға кеткен құрылыстардың бетін бері қарата алдық. Жылдар бойы салынған 118 нысанның шамамен 80 пайызы биыл қолданысқа берілуі тиіс. Қалғандары келесі жылға қалады. Шығыс Қазақстандағы барлық құрылысшыларға қаратып айтқым келеді, бұдан былай мемлекеттің қаржысын өз қалтасының пайдасына игреуге жол берілмейді. Ондай бассыздыққа көзімізді жұмып, аузымызды буып, қарап отырмаймыз. Халық алдындағы міндеттеріңізді жауапкершілікпен атқарыңыздар. Мемлекет алдындағы жауапкершіліктен жалтарудың неге әкеліп соғатынын араларыңыздағы қамсыз мердігерлер сезініп үлгерді деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.
Есімжан Нақтыбайұлы